Гүлмәрия
БАРМАНБЕКОВА, журналист.
Елге барып, ағайынның хал-жайын көріп қайттым. Біздің ауыл – өршелене өрге ұмтылған өркениеттің қақ ортасындағы айналасы болат құрсаумен қоршалып, өз сорпасында өзі бұрқылдап бығып жатқан шағын ғана арал секілді. Интернет жоқ. Телевизор қырғызша сөйлейді. Ұялы телефонға тау бөгет. Отау-ТВ антеннасын қойып алған бірді-екілі отбасы болмаса, ауылдың 90 пайызы Қазақстан арналарын көре алмайды. Айлық пен шайлықтан мақрұм ауыл теледидарды қайтсін. Елдің шетін жау шауып жатса да, ештеңеден хабарсыз, жайбарақат жата беретін болар. Шіркін-ай, білім министрі Сағадиев мырза сол ауылға бір барып қайтпайды екен, ә! Ағылшын тілінің оқытушысы түгілі, аудандық оқу бөлімі жуырда зейнетке шыққан мектеп директорының орнына адам таппай отыр деп естідік. Өркениеттің басқа белгілерін айтпағанда, малмен бірге арықтан су ішетін мұндай мекенге шеттен есі дұрыс адам жуи ма? Ауылда мұғалімдіктен басқа жұмыс та жоқ өзі. Айтпақшы, бір медбике, бір пошташы бар екен ғой. Туғалы жұмыссыздыққа бой алдырып, еттері үйреніп кеткен жастар жағы басқаша өмір сүруді көздеріне елестете алмайтын сияқты. Жақын маңайдағы ауылдардан ашылып жатқан жұмыс орындарына жолағылары жоқ. Осы арадан үш-ақ шақырым жердегі дүнген ауылының тұрғындары қысы-жазы жерді «еміп» жатыр. Көкөніс өсірумен айналысады. Тура біздің ауылдың төменгі жағынан аумағы ат шаптырым жылыжай салып, қызанақ өсіруде. Енді қияр өсіру үшін жаңа жылыжай құрылысын бастамақ. Елу төрт шақырым жердегі аудан орталығының дәл түбінен әскери қалашық салынып жатыр екен. Әжептәуір айлығы бар құрылыс жұмысын жастар істегісі келмейді. Жан қинамайтын оңай олжа керек. Мына бір жайды естіп, жағамды ұстадым. Ерте көктемнен жер тырмалап, ала жаздай күнге қақтала жүріп көрші ауылдың дүнгендері пияз екпей ме. Күзге қарай өнімін қаптап, тасып алғанша егістіктің шетіне тау-тау етіп жинап тастайды. Мына масқараны қараңыз! Ауыл жігіттері көкпар тартқан болып, егістікті көктей өтіп, әлгі үйілген пияздың бір-бір қабын алдыларына өңгеріп кете барады екен. Дүркірете шауып өткен ат тұяғының шаңына көмілген қарауыл байғұс жер тоқпақтап қала беретін көрінеді. Күлейін бе, жылайын ба!?. «Барымтадан» зәрезап болды ма кім білсін, дүнгендер қазақтарға пияздың масағын тегін жинап алуға рұқсат етеді екен. Ауылдағылардың бәрі түгел осындай деуден аулақпын. Аздаған малы мен шағын бақшасын күйттеп, шөбін шауып, тырбанудың арқасында тәп-тәуір тұрмыс кешіп жатқандар да бар. Кежегесі кейін тартқан кержалқаулардың есігінің алдында тышқақ лағы да жоқ. Ішер тамаққа, киер киімге жарымай, бармағын сорып отыр. Бір ағайын Қордай ауылының 60 сиырын бағады. Баққаны үшін сиыр басына айына 3 мың теңгеден ақы алады. Айтқанын тыңдап отырсаң, жер тепкілеп жылағың келеді ғой! Әлгі сиырдың дені орыстардыкі көрінеді. Қазақтар сиыр ұстамайды. Өзін ақтамайды-мыс. Сүт, май, кілегей, құртты орыстардан сатып алады. Ал аналар болса, өздерін сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп қана қоймай,қосымша пайда тауып, төлін сатып сиырдың қыстық жемшөбін ажыратады. Ауылдағы аға ұрпақта бейқамдық, жас ұрпақта бойкүйездік басым. «Дайын асқа тік қасық» көңіл-күйінен арыла қоймаған. Әне, дүнгендерге қара! Үкіметтен жұмыс сұрап жатқан біреуін көрмедім. Ең кедей дегендерінің есігінің алдында екі жеңіл көлік бар. Бірі – жұмыс үшін, екіншісі – қыдыруға. Қазақтың да дүнген секілді екі аяқ, екі қолы бар. Басы бар. Білмесе, үйренсін! Талап қылсын! Ата-бабам тек қана малды кәсіп еткен деп қашанғы сылтауратпақшы?! Қала, мейлі қалама, қазір қолы қимылдамағанның аузы қимылдамайды.
Күнбатыс ауылы. Қордай ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді