Күн жексенбi болатын. Кеше қала сыртындағы ауылға қонаққа барып, абайсызда аяғыма жуан темiр кiрiп кеткен. Содан қозғалуға шама жоқ. Аяғым күп болып iсiп, үйде жатқанмын. Бiр сәт үйдегi қара телефонның қоңырауы безiлдеп қоя бердi. Жүрегiм атша тулап кеттi. Жаманат бiр хабарды сезгендеймiн. Бұрын мұндай күйге түспеген едiм. Жақсылық хабар болса екен деген оймен қызым ұсынған телефонға қолымды соза бердiм. Ар жақтан ауылдағы сыныптасымның әбiржiген даусы естiлдi. Ол қысқа ғана аман-саулықты сұрағаннан кейiн: «Әшiрәлi ағай, Бисімбаев қайтыс болды. Ертең жерлейдi, үлгерсең кел», – дедi.
Қалайша? Осыдан бiр айға жетер-жетпес уақыт бұрын Керiмбай екеумiз Бiрлес ауылына арнайы барып, ағамызға сәлем берген болатынбыз. Сонда ағамыз ақжарқын мiнезiмен қарсы алып, ақтарыла сыр шертiп едi ғой. Өзi басқарып жүрген Бiрлес орта мектебiнiң тыныс-тiршiлiгiмен, мұғалiмдер ұжымымен таныстырып, «бұл жiгiттер менiң шәкiрттерiм, сонау Алматыдан сәлем беруге арнайы iздеп келiптi» деп арнайы іздеп барғанымызға көңілі көтеріліп, әжептәуiр қомпаңдап қалған. Сол күнi ағамыздың үйiнде түн жарымға дейiн отырдық. Көкдөнен ауылындағы орта мектепте өткен оқушылық өмiрiмiздi еске алып, шерiмiздi бiр тарқатып едiк қой. Ара-арасында Керiмбай екеумiз ағайымыздың «қатал мiнезiн» айтып рахаттана күлген едiк. Сонда сiз: «Балаларым-ау, мен қатал болайын деп қатал болған жоқпын. Оған мәжбүрлеген өздерiң. Мен сендерге жетекшi болмай тұрып өздерiң туралы әңгiмеге қанық болдым. Егер де сендерге ақжарқын, жайдары мiнезбен кiрiп барсам сендер маған алғашқы күннен бағынбай кететiн едiңдер. Содан кейiн қатал болуыма тура келдi», деп шын көңiлмен риясыз күлген едіңіз. Бiрақ, сол түнi бiздiң қолымызды қайта-қайта қысып тұрып, қимастықпен шығарып салған болатынсыз. Сонда бiр нәрсенi сезген екенсiз-ау, аға?! Әңгiмеңiздiң арасында соңғы кезде жүрегiңiздiң мазалап жүргенiн айтып едiңiз. Бiз оған мән бермеппiз... Бүкiл бiр сыныптың, мектептiң қадiрлi де қымбаттысы болған Сiз туралы көкiрегiм қарс айырылып мұндай сағынышты естелiк жазам деп ойлап па едiм. Егер Сiз ортамызда жүрген болсаңыз мен осы естiлiктiң орнына 70, немесе балаларыңыз бен немерелеріңіз атап өткелі отырған бүгінгі 75 жылдық, тiптi 80, 90 жылдық мерейтойыңызда iзгi тiлегiмдi бiлдiрiп, ақтарыла сыр шерткен болар ма едiм, кiм бiлсiн? Егер Сіз тірі болсаңыз, өзіңіз қайтыс болғаннан кейін іле-шала берілген «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі» құрметті атағыңыздың төсбелгісі мен сонау Мәскеу қаласынан Ресейдің қоғамдық наградалар жөніндегі ұлттық комитеті марапаттаған Ломоносов орденін кеудеңізге тағып, соның құрметіне жайылған салтанатты кештің төрінде марқайып отырар ма едіңіз, кім білсін. Егер Сіз тірі болсаңыз өзіңіздің өнегелі жолыңызды қуып, педагогтық мамандықты таңдаған 3 ұл, 1 қыз, 4 келін және 3 немерелеріңіздің ісіне ақыл-кеңесіңізді беріп, «ұстаздар династиясының маршалы» атанып отырар ма едіңіз, кім білсін. Мектепке тарыдай болып кiрiп, таудай болып шыққан он жыл iшiнде талай ұстаздың алдынан өттiк, талай ұстаздан бiлiм алдық. Олардың бiразына етене жақын болдық, жасыратыны жоқ бiразымен ой-пiкiрiміз сәйкес келмедi. Солардың бәрi есте қалды десем өтiрiк болар. Олардың арасында қолымызға алғаш әлiппенi ұстатып, «а» деген әрiптi үйретiп, нәзiк саусақтарымызды майыстырып жазуға жаттықтырған Жұмадiл Абдуллахатов ағайымыздың, 5-сыныпта бар-жоғы бiр тоқсан ғана жетекшi болып, әскерге аттанып кете барған Байдiлдә Сәрсенов ағайымыздың және тәртiбi өте нашар сынып атанып жүргенде тiзгiндi қолға алып, бәрiмiздi темiрдей тәртiпке үйреткен өзiңiздiң есiмдерiңiз қаншама уақыт өтсе де, 1969 жылы өмiрге жолдама алған 23 өренмен бiрге ғұмыр кешiп келедi. Өйткенi Сiздер өздерiңiздiң бiзге деген шынайы махаббаттарыңызбен, ұстаздық тәлiм-тәрбиелерiңiзбен жүрегiмiзден өшпейтін бейне болып қалдыңыздар. Қарап отырсақ, бiздiң де мектеп бiтiргенiмiзге елу жылға жуықтапты. 1969 жылы алдарына белгiлi мақсат қойып, арман қуып шартарапқа аттанған 12 қыз, 11 ұл бұл күндерi өмiрден өз орындарын тауып, тiршiлiктен несiбелерiн терiп жеп жүр. Аға, қазiр бiразымыз туған жерден тысқары жерде қызмет iстеп жүрмiз. Сыртта жүрiп ауылымызды, мектебiмiздi, құлын-тайдай тебiсiп өскен құрдастарымызды, өздерiңiздi сағынамыз. Мұндай сәттерi бiр қалада тұратын Керiмбай екеумiз жолшыбай Қордайда тұратын Болысбектi алып, ауылға тартып кететiн кездерiмiз жиi болады. Онда Махамбет, Меден, Мақанай, Жанай секiлдi сыныптастарымыз да бiздiң келуiмiздi асыға күтiп отырады. Сонда сыныптастар бас қосқанда Сiздi жиi еске аламыз, аға. Еске аламыз дегенде Сiздiң бiздiң сыныпқа жетекшi болып келгенiңiз де күнi кешегiдей көз алдымызда. Онда бiз сегiзiншiнi бiтiрiп, тоғызыншы сыныпқа көшкенбiз. Бiздiң сынып ол кезде тәртiбi нашар, сабақ үлгiрiмi төмен, мектеп көрсеткiшiн үнемi артқа тартып тұрған «ерекше» сыныптың бiрi едi. Тiптi бiр-екi бала мұғалiмдермен тiл табыса алмағаны үшiн мектептен шығарылып, Ақыртөбе ауылындағы кәсiптiк техникалық училищеге мерзiмiнен бұрын «аттанып» кеткен де болатын. Бiр оқу жылының өзiнде төрт сынып жетекшiсiнiң ауысуы осы сөзiмнiң дәлелi болса керек. Бiр сынып «Чау» және «Ромашка» деген екi «компанияға» бөлiнген. Екеулерi бiр-бiрiне дұшпан. Әйтеуiр бiз шектен шыққан қиқар оқушылар едiк. Иә, жаңа оқу жылының басында тоғызыншы сыныптың есiгiн алғаш ашқан күнi арамыздағы аңқылдақ Жанайдың хабары бәрiмiздi елең еткiздi. – Бiзге кiм жетекшi болғанын бiлдiңдер ме ? – дедi ол сырттан жүгiрiп келiп. – Е, жо-ға, кiм болыпты? – деп шу ете түстiк. – Бiлмесеңдер айтайын, Әшiрәлi ағай болыпты, – деп өзiнiң маңызды жаңалықты бiзден бұрын бiлгенiне масаттанып, маңғаздана жауап бердi. – Онда жетiскен екенбiз! – деген дауыстар әр жерден естiлiп қалды. Осы сәтте қолыңызға сынып журналын алып, Сiз сыныпқа кiрiп келе жаттыңыз. Кiрген беттен қабағыңызға қара бұлт үйiрiлiп, қою қара қасыңыз қаһарлы қылыштай қайқая қалды. Сiздiң сұсыңыз бiздi әп-сәтте сабамызға түсiрдi. Бiз сабақ барысында бiр-екi мәрте реплика тастағандай болып едiк, онымыз Сiздiң сұсты кейiпiңiзден өтпей, керi қайтты. Сiз сол күнi ұзақ әңгiме айттыңыз. Өзiңiздiң соғыспен тұспа-тұс келген балалық шағыңызды, жалғыз баласы үшiн жанын шүбiрекке түйген анаңызды, қалай оқуға түскенiңiзді әсерлi етiп айтып бердiңiз. Бiздiң қазiргi қылықтарымыздың ерсi екендiгiн, ондай «ерлiктi» бiлiм алуға жұмсау керектiгiн түсiндiрдiңiз. Шынын айту керек алғашқы апталарда бiз Сiзге бағынғымыз келмеп едi, аға. Бұрындары ауыл орталығындағы клубтың кешкi көрсетiлiмдерiне емiн еркiн баратын болсақ, ендi оған тек сiздiң рұқсатыңызбен, онда да сынып болып барып, бірге көретiн болдық. Ортамызда бадырақ көз, не болса содан үркiп тұратын Мақанай дейтiн оқушы болды. Оқу үлгiрiмi – орташа. Соны сiз ерекше жақсы көрдiңiз бе, әлде бiзге солай көрiндi ме, бiлмеймiн. Ең арттағы орыннан тура өз алдыңыздағы партаға отырғызып қойдыңыз. Сiз соның ғана айтқанын орындайтын кейiп танытатынсыз. Содан кейін үзiлiс кезiнде соны жағалап, «ағайға ананы айтшы, мынаны айтшы», «Бүгiн кешкi киноға баруға рұқсат етсiншi» деген секiлдi тiлектерiмiздi айтатынбыз. Бiрақ сол Мақанайымыз бiздiң айтқан өтiнiшiмiздiң бiрiн айтса, бiрiн жеткiзуге жүрегi дауламайтын. Сол үлгiрiмi орташа Мақанай мектептi үздiктер қатарында бiтiрiп, малдәрiгерлiк техникум мен институтты қызыл дипломмен бiтiрдi. Студент кезiнде күрестен спорт шеберлiгiне кандидат атанды. Бiршама жыл аудан шаруашылықтарында лауазымды қызметтер атқарды. Екi-үш сабақтан үш шығып, үздiктер қатарына қосыла алмай жүретiн Қожабек те Сiздiң «тапсырмаңыздың» нәтижесiнде суретi мектептiң Құрмет тақтасынан орын алды. Сол Қожабек кейiннен Алматы Халық шаруашылығы институтын бiтiрiп, Жамбыл облыстық iшкi iстер бөлiмiнде жауапты қызметтер атқарды. Әскери шенi полковник дәрежесiне көтерiлдi. Студент кезiнде дзю-додан спорт шеберi, самбодан спорт шебері болды, елiмiздiң бiрнеше дүркiн чемпионы атанды. Осы Қожабектiң Алматыда өтетiн жарысына сонау Жамбылдан арнайы iздеп келiп, жанкүйер болғаныңызға бiрнеше мәрте куә болғанымыз бар, аға. Сiз қанша қатал болсаңыз да, бiз өзiңiзге бауыр басып қалған едік. Сондықтан, мектептегi соңғы қоңырау бiзге бiр жағынан қуаныш әкелсе, бiр жағынан қимастық сезiмiн тудырғандай едi. Әсiресе Сiздiң тебiрене, толғана сөйлегенiңiз шәкiрттерiңiзге терең ой тастап, бiр сәт өмiрдiң өрiне көз жiбергендей болғанбыз. Сонда Сiз: Қадiрлi балапандарым, бүгiн сендер қанаттарыңды самғап, өмiрге жолдама алғалы отырсыңдар. Осыдан 10 жыл бұрын мен өзiм сендер секiлдi өмiрге жолдама алсам, ендi мiне өзiм ұстаз атанып, алғашғы балапандарымның томағасын сыпырғалы отырмын. Талапсыз адам – бақытсыз жан. Алдында мақсаты жоқ адам – желкенсiз қайық секiлдi. Жел қалай соқса, қайық солай қарай ағады. Мақсат, мұрат iздесең алдыңнан шығады. Оның кiлтi бiлiмде. Оқыңдар, iзденiңдер. Мен жеттiм, толдым, толыстым, бар арманым орындалды деген адам тоқырауға ұрынады, – деп тебiрене сөйлегенiңiз әлi күнге жадымызда. Сiздiң осы жүрекжарды лебiзiңiз кейiннен бiздiң өмiрлiк бағдарымыз болды десек, артық айтпаймын. Соның нәтижесi болар бұл күндерi бiр сыныптағы 23 оқушының 12-сi жоғары, 3-еуi арнаулы орта бiлiм алып, елiмiздiң әртүрлi аймақтарында қызмет iстеп жүр. Мысалы ұстаздық жолды таңдап алған Бейсен Байзақ ауданында, Панза сонау Қызылжар қаласында, Болысбек Қордай ауылында инженер-педагог, Керiмбай Алматы қаласында кәсiпкер, Күпән Тараз қаласында дәрiгер, Мұхамедияр Шымкент қаласында химик-технолог болып қызмет iстейдi. Арада 46 жыл уақыт өтседе жұбымыз жазылған емес. Бiр-бiрiмiздiң қуаныштарымыздан қалып көрген емеспiз. Қуаныш демекшi, аға, мектеп бiтiргеннен кейiн де бiз сiзбен қоян-қолтық араласып кеттiк қой. Сiз Күлшара апай екеулерiңiз бәрiмiздiң тойларымыздың, басқа да қуаныштарымыздың қақ төрiнде отырушы едiңiздер жарасып. Сонда Сiз: «Бұрын сендер менiң шәкiрттерiм болсаңдар, ендi менiң жекжаттарымсыңдар. Сондықтан мен сендердiң орталарыңда үнемi бiрге боламын» деп айтушы едiңiз. Бұл дәстүр әлi де жалғасып келедi. Бiз қандай бiр қуанышымыз болмасын оған мiндеттi түрде Күлшара апай мен ұлыңыз Қайратты, келiнiңiз Ботаны шақырамыз. Ендi солар бiздiң ортамызда. Өткен жылы Керiмбай, Болысбек үшеумiз ауылда өмiрден өткен сыныптастарымыз бен өзiңiзге Құран бағыштап, ауыл мешiтiнде құдайы тамақ бердiк. Сонда Күлшара апайымыз сонау Тараз қаласынан арнайы келді. Сiз жайлы айтылар сөз көп екен-ау, аға. Өткен күндер елесi көз алдымнан әлi де тiзбектелiп өтiп жатыр. Соның арасында аға бейнесi көрiнедi. Мен соның бiр бөлшегiн жеткiзе алдым ба, жеткiзе алмадым ба, бiлмеймiн. Аға, бiр өкiнiштiсi мен Сiз туралы суық хабарды естiп тұрып, бара алмадым. Кейiннен сыныптастарым: «Ағайымыз елге сыйлы екенiне тағы бiр көзiмiз жеттi. Оны пәни дүниеге шығарып салушылардың легiнде шек болмады» – дедi. Әттең, дүние, сол лектiң iшiнде өз қолымнан қабiрiңе бiр уыс топырақ сала алмағаным өкiнiш...
Қыдыралы ҚОЙТАЙ, журналист. Мәдениет қайраткері.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді