Футбол әлемде нөмірі бірінші спорт түрі саналады. Ала доптың арбауына байланған жанкүйерлер Таразда да жеткілікті. Премьер-лигада соңғы маусымдарда ілініп-салынып ойнап жүрген жергілікті командадан футбол фанаттары әлі де болса үмітін үзген жоқ. Маусым басталар алдында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев командамен кездесіп, жақсы ойын өрнегін көрсетуге шақырған болатын. Рас, облыс басшысы алғашқы алтылыққа ену туралы тапсырманы алдыға қойған жоқ. Десе де, соңғы орында салпақтап жүргеніміз басшыға да, қосшыға да ұнамасы анық. Талай жыл «Тараз» футбол клубының отымен кіріп, күлімен шығып жүрген Нұрмат Мырзабаев бас бапкер қызметіне кіріскенде, жергілікті жігіттердің намысын жанитын шығар деп үміттенгенбіз. Топшылағанбыз. Олай болмады. Алғашқы айналымды Мырзабаевтың жетекшілігімен аяқтаған «Тараз» футбол клубы бір жеңіс, екі тең ойын, сегіз (!) жеңіліспен соңғы орынға жайғасып, жүйкеге ши жүгіртті. Клубтың тізгінін ұстағандар бар кінәрат бас бапкерден деп тапқан болуы керек, екінші айналымды жаңа жаттықтырушы Юрий Максимовпен бастады. Максимов әзірге жаңа командасымен сырт алаңда екі ойын өткізіп, алғашқы алтылықтағы «Оқжетпес», «Ақтөбе» секілді ұжымдармен тең түсіп қайтты. Яғни олжалағаны – екі ұпай. «Тараз» неге тұңғиыққа батты десеңіз, бар мәселені клубтың бюджетіне әкеп тірейтіндер көп. Бір анығы, Англия премьер-лигасында айды аспанға шығарып, анық аутсайдер статусына қарамастан, чемпион атанған «Лестер сити» командасының футболшылары маусым басында жетекші командалардың футболшыларынан 20-30 есе кем жалақы алады деген ақпарат тарады. «Таразға» «Лестер» секілді чемпион бол демейміз. Бірақ, команданы Любомир Петрович баптаған кезде осы «Тараз» үшінші орын алуға шақ қалмап па еді? Санаулы ғана ұпай сағымызды сындырып, төртінші орынға табан тіреген кезімізде клубтың бюджеті керемет болды дей аламыз ба? Клуб премьер-лигада сәтсіз ойнаған шақта Дмитрий Огай команда тізгінін ұстап, тұңғиықтан суырып алған шақты қаперден қалай шығарамыз? 1996 жылы «Тараз» ел чемпионы атанған кезде де жамбылдық ұжым сол кездегі супер лиганың фаворитіне баланған жоқ. Тағы бір мысал, Көкшетаудың «Оқжетпесінің» тізгінін ұстаған Владимир Муханов өткен маусымда ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке қол жеткізіп қана қоймай, ағымдағы маусымда дәл қазір төртінші орында келеді. Егер бар мәселе бапкерде болса, командаға Муханов секілді жоқты ұқсата білетін жаттықтырушы керек шығар?.. Біз Максимовты әзірге айыптай алмаймыз. Өткелде ат ауыстыруға болмайды деседі. Әйткенмен, «Тараздың» тізгінін Максимов ұстағалы әзірге өз алаңымызда жерлестеріміздің ойынын көре алмадық. «Тараз» бүгін елордалық «Астананы» өз алаңында қабылдайды. Одан соң сырт алаңда 11-орынға тартыстағы басты қарсыласы «Ақжайықпен» кездеседі. Осы екі ойында Максимов жеңісті жұлып ала алса, онда шын мәнінде де мықты бапкер болғаны («Тараз» былтыр «Астананы» 2:0 есебімен ұтқан). Ал премьер-лига дебютанттары «Ақжайыққа» жол берсе, жағдай қиын. Көрейік. Бәлкім, команданың директоры Махамбет Дүйсембаев жерлестерімізді тұңғиықтан алып шығар жол табар... Бюджет, жалақы мәселесін айтудың өзі ұят. Ұлттық құрамадағы боксшыларымыз 100 мыңның төңірегінде еңбекақы алып, байрақты бәсекелерде алтын жүлдемен оралып жатады. Ал футболшылардың жалақысы қанша екені ешкімге жасырын емес қой...
Ұқсас жаңалықтар
Спорт кешені пайдалануға берілді
- 21 қараша, 2024
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді