Елбасымыз қабылдаған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 79-қадамында: «Білім беру жүйесінде жоғары сыныптар мен жоғары оқу орындарында ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңімен көшетіні айтылған. Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы бүгінде қалай орындалуда? Осы мәселе төңірегінде біз Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының «Идеологиялық жұмыс және қоғаммен байланыс департаментінің басшысы, педагогика ғылымының докторы, профессор Оңғар Сәлімбаевпен сөйлескен едік. – Оңғар Сәлімбайұлы, бүгінгі таңда тіл игеру, тіл білу қоғамның басты талабы болып отыр. Осы тұрғыда сіздің ойыңыз қандай? – Әлем біртұтас, өзара байланысты. Президент Н.Ә. Назарбаев: «Тілдерді білу әмбебаптылығы объективтік дүниенің бірлігімен негізделген», – деді. Тіл міндеті – тілдесу мақсаттарына қызмет ету. Біздің мемлекетіміздің тіл саясаты ғылым мен техникада алға жылжуды анықтайтын дамыған мемлекеттердің тілдерін үйренуге бағытталған. Шетел тілін білу осы халықтың әдебиетіне, өнеріне, музыкасына, ғылымына енуге жол ашады. Сол халықтың рухани байлығы мен экономикада кемелдікке қалай қол жеткізгенін танып-білуге көмектеседі. Көп тіл білетін және мемлекеттік тілді құрметтей алатын адамның табысы да зор. Бүгінде мемлекеттік тілде еркін сөйлей алатын және сол арқылы мансапқа қол жеткізген Қазақстан этностары өкілдері жетерлік. – Тіл білудің білім саласына тигізер қандай септігі бар? – Елбасының «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында білім беру мазмұнын жаңартуға бағытталған қадамдар да қарастырылған. Солардың ішінде 12 жылдық білім беруге кезең-кезеңімен көшу және осыған сәйкес, көптілділік білім берудің жаңа моделін енгізу сияқты мәселелер бар. Ұсынылып отырған жаңа Мемлекеттік стандарт бойынша қазақ және орыс тілдерін деңгейлеп оқыту 1-сыныптан басталады. Қазақстан халқы Ассамблеясының І сессиясында Елбасы былай деп атап өтті: «технология тұрғысынан дамыған елдерде химия, математика, физика, биология сияқты жаратылыстану пәндері мектептер мен университеттерде көбінесе ағылшын тілінде оқытылады, республиканың жоғары сыныптары мен жоғары оқу орындарында оқытуды ағылшын тіліне кезеңдеп өтуді жүзеге асыру міндеті қойылды. Ал гуманитарлық пәндер – тарих, әдебиет және тағы басқа ана тілінде». Әлемдік тенденцияларға сүйенсек, кейбір пәндерді, мәселен, қазақ әдебиеті мен қазақстан тарихын қазақ тілінде, дүниежүзілік тарихты орыс тілінде оқытқаннан ұтылмаймыз. Ал жоғары сыныптарда информатика, физика, химия, биология сияқты кейбір пәндерді ғылым мен техникасы дамыған мемлекеттерге ортақ тіл – ағылшын тілінде оқыту тәжірибесін біртіндеп енгізуіміз керек. Бүгінде Тараз мемлекеттік педагогикалық институты үштілділік білім беруді дамыту бойынша жұмыс жүргізуде. – Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында үштілділік білім беруді дамыту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өттіңіз. Енді осыған толығырақ тоқталсаңыз? – Институтта көптілде білім беруді дамыту «2015-2020 жылдарына арналған Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының үштілділік білім берудің Жол картасы» бекітіліп, осы бағдарламаны жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жоспары құрастырылды. Қазіргі кезде мемлекеттік тілді білу жеке бәсекелестіктің факторы болып табылады. Осыған байланысты Ғылыми кеңес (31.07.2015 ж. №12 хаттамасы) 1-курс студенттері «Әлеуметтану», «Экология және тұрақты даму» жалпы білім беретін пәндерді мәселен, орыс бөлімдері үшін – қазақ тілінде, қазақ бөлімдері үшін – орыс тілінде оқытуға шешім шығарды. Қос тілді енгізудің тиімділігін анықтау мақсатында 1-курс студенттері арасында әлеуметтік сауалнама жүргізілді. Сауалнамаға 128 студент қатысты. Сауалнама қорытындысы бойынша студенттердің 80 пайызының жаңа оқыту формасына қанағаттанатынына көз жеткіздік. Студенттер тарапынан бұған қатысты бірқатар ұсыныстар түсті. Ол ағылшын тілін оқыту қажеттілігіне байланысты. Осыған байланысты тілдік дайындықты бекітіп, жетілдіру үшін 2015-2016 оқу жылынан бастап 1-курстың арнайы бөлім студенттері мен арнайы бөлімдерінде сабақ беретін ПОҚ және көптілдік топтарын ашу жоспарланған кафедра оқытушылары үшін деңгейленген тегін ағылшын тілі курстары ұйымдастырылды. Сыртқы академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында «тарих» мамандығының 3-курстың арнайы бөлім студенттері А.Ержан мен М.Үтеғұлова, «математика» мамандығының 2-курстың арнайы бөлім студенті Б.Тұрарбек 2015-2016 оқу жылының бірінші семестрінде Лодзин университетінде (Лодзь қаласы, Польша) оқып келді, екінші семестрде «математика» мамандығы бойынша 3-курстың арнайы бөлім студенті А.Ерденбеков пен «информатика» мамандығы бойынша 3-курстың арнайы бөлім студенті З.Жолсаитова білім алуда. Педагогикалық тәжірибені ұйымдастыру үшін жалпы білім беретін және инновациялық типті мектептер негізгі база болып табылады. Сондықтан, институтта мамандықтар ерекшеліктеріне сәйкес Назарбаев зияткерлік мектебімен, қыздар мен ұлдарға арналған қазақ-түрік мектеп-гимназиялары мен басқа оқу-тәрбие мекемелерімен келісімшарттар орнатылды. Көптілді топтарының 4-курс студенттері педагогикалық тәжірибені «Айша-бибі» дарынды қыздарға және ұлдарға арналған қазақ-түрік мектеп-интернатының базасында өткізді. – Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Наурызбек САРША, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
«Менде жеке тұлғаларға табынушылық жоқ»
- 19 желтоқсан, 2024
«Тарихи мәні, тағдырлы мағынасы терең мереке»
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді