«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

ТҰҢҒЫШ

ТҰҢҒЫШ
ашық дереккөз
ТҰҢҒЫШ

Қанатты сөзді қайталай беру де адамды жерітеді. Бірақ авар ақыны Расұл Ғамзатовтың «Өткенге топырақ шашсаң, болашақ саған тас атады» деген тәмсілін осы жолы лаж жоқ еске алуға тура кеп тұр.

Мысалы, көзі тірі әр ақын, әр жазушы өмірден өткен қаламгерлердің шығармашылығын өз білім-білігі деңгейімен бағалап, аузына келгенін айта берсе, қазақ-совет классиктерінің ішінен оқырманға жарамды біреуін де тауып бере алмай қалулары кәдік. Ал егер сол «сыншының» ішкі мәдениеті мен адамгершілік асыл қасиеті оның тәкаппар болмысынан биік тұратын болса, онда ол қанша жерден көкірек кергенімен, өзінің жастық шағына нәр берген әдебиетіне сатқындық жасай алмас еді. Қайта сол кезді сағынышпен еске алып, алғашқы оқыған шығармаларына оқтын-оқтын оралып отыруға мәжбүр болмақ. IMG_6735-Өз басым Кемел Тоқаевтың шытырман оқиғалы шығармаларын оқу арқылы Артур Конан Дойл әлемінің есігін аштым. Ал Кемел аға шытырмандарымен танысуыма «Қара мысық» жайлы қызықты, бәлкім қорқынышты, оқиғаны естуімнен басталды. Оны алғаш ауылдағы бір баланың аузынан естідім. Ол өзі кітап оқымайтын, бірақ әкесінен, ағасынан дастарқан басында естіген әңгімелерін бізге кеп жеткізудің хас шебері болатын. «Қара мысық» хикаясының басқа жерде емес, «өзіміздің» Жамбыл қаласында болуы маған тіпті қатты әсер етті. Бұл әсер жазушы кітабын оқыған соң мүлде ұлғая түсті. Бала емеспіз бе, сүйегі әлдеқашан қурап кеткен «Қара мысық» тереземіздің сыртында тұрғандай, түнде далаға шығуға қорқушы едік. Кім не десе, о десін, міне, мен сондықтан бұл жазушыны, бұл кітапты әлі күнге дейін ұмыта алмаймын, әлі күнге дейін көркемдік дәрежесін сол кезде өзімді тамсандырған, таңғалдырған, толғандырған Эдгар По, Жорж Сименон, Артур Конан Дойл шығармаларымен қатар қоямын. Рас, бала кезімдегіге қарағанда білім-білігім өсті, талап-талғам деген де артты, бірақ мен үшін Кемел Тоқаев шығармашылығының бағасы бөлек. Ал әлгі повестің аты «Көшкен үйдің қонысы қайда?» деп аталса да ол менің жүрегімде «Қара мысық» күйінде мәңгілікке сақталып қалды. Міне, осыдан кейін барып Артур Конан Дойл деген ағылшын жазушысы бар екенін, оның «Баскервилей иті» деген үрейлі шығармасы әлем жұртшылығының аузында жүргенін білдім. Бірақ бірінші кезекте қазақ тілінде жазатын қазақ жазушысының шығармасы әркез жадымда тұрды. Шырғалаңға толы шым-шытырық оқиғалы шығармалардың өзіндік ерекшелігі болады. Мысалы, оларда дерек пен дәйекке иек артқан нақтылық басым болып, ұзақ-сонар суреттер аздау келеді, мәйекті сөзбен майдалап отырамын деп, оқырманды жалықтырып алуға да болмайды. Сондықтан детектив жанрындағы шығармаларды Мұхтар Әуезовтің «Абай жолымен», Бейімбет Майлиннің «Шұғасымен», Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпанымен» салыстыра бағалауға әсте жол беруге болмайды. Бірақ бұл көзқарас шытырман оқиғалы шығармалар көркем әдебиетке қойылатын талаптардан азат екен деген ұғымды да қалыптастырмаса керек. Кемел Тоқаев мұны жақсы білген. Сондықтан оқырманын еліктіріп, елітіп әкету үшін: «Вокзал басында екі адам қалды. Біреуі қызыл күрең барқыт түстес тон киген, шоңқайма етігі бар егде әйел. Екіншісі – жас қыз. Қынама бел, кең етекті бастон пальтодан бойшаң, талдырмаш көрінеді. Екеуі де сары ала қалың былғарыдан тысталған чемодандарын ұмытып, көз ұшында ирелеңдеп бара жатқан жолаушы поезына аса бір мұңмен жарыса көз тігіседі» деп бастапты «Қара мысық» туралы повесінің алғашқы жолдарын. Ары қарай кейіпкерінің мінез-құлқын, бет-бейнесін суреткерлікпен көз алдыңа әкеліп, ұтымды диалогтар тереңіне тарта жөнеледі. «– Ұры емеспін, үрейленбеңіз, білсеңіз өз адамыңмын, – деді. Теріс қарап сәл тұрды да, мырс етіп күліп, шегеленіп буылған жәшіктің қырына келіп отырды. Күс саусағымен чемоданды шертіп, – мен болмағанда бұл мүлік әлдеқашан бөліске түсетін еді. Жаңа ғана екі сауысқанның көз тіккені. Сайтандар мені көріп зытты. Не дерсің оған. Кәзір соғыс уақыты. Тиярға мұрша бар ма оларды. Тіпті еркінсіп кетті ғой. Көз алдыңда қылмыс жасаудан тайынбайды». Жазушы кейіпкеріне осылай деп бір сөз беріп алады да, екінші қаһарманының ойын өзі баяндайды. «Өз қиялынан айырылған қыз жер сүзіп сөйлеген адамның қолдан желімделген айыртұмсық қалың табан галошына, қонышы тілім-тілім пимасына, сонан соң шолақ етек пальтосына енді ғана назар салды. Бет пішіні орыс сияқты болғанымен қалмаққа тартқан ұқсастық бар. Көз еттері бітіктеу, жақ сүйегі шығыңқы келген. Әлгі адам төмен қараған бойы қонышынан кір-кір газетті алып, оны ұзыннан-ұзақ жыртты да, көк темекі орады. Сасық ащы түтінді ішке жұтқанда көкірегі күркілдеп, қатты жөтелді. Бұрыла қақырынып, аяғымен бір таптап, әңгімесін жалғастырды». Оқырмандарын осылайша шүу дегеннен жетелей жөнелетін қаламгерді ғайбаттағандардың көрінеу қиянатына бұдан кейін қалай қарның ашпасын?!. « – Байқауымша, беталыстарың алыс жақтан көрінеді. Әскери адамның семьясына ұқсайсыңдар. Иә, иә, көрініп тұр. Бұл қарғыс атқыр соғыс не істемеді дейсің. Талай семьяның шырқын бұзып, босытты ғой жұртты. – Ол ауыр күрсініп, бір сәт үнсіз отырды да, басын қалтақтата изеді. – Бұрын кім аңғарған мұны. Үй берекесі кәрімен болса, қызығы – жаспен екен. Сол тентек бала кеткелі бері жегеніміз желім боп біз де күлкіден айырылдық...». Мәскеуден келген әскери отбасының адамдарын іш тарта әңгіме айтып отырған кім? Сөзінің мәйегі мен мәніне қарағанда жаны жайсаң біреу сияқты. Арбасына жүктерін салысып, пәтер іздесуі де адамгершілік. Бірақ ішің жылымайды. «Қара мысық» деген аты шулы бәле осы емес пе деп күдіктеніп отырасың. Алыстан келген әскерилердің отбасына қатер төнбесе екен деп те тілейсің. Бірақ... «...Бет қарыған салқын желден ұйқысы шайдай ашылған жолаушы әйел басын жұлып алды. Есін жия алмай, екі көзі шарасынан шығып, жан-жағына үреймен қарай береді. Ақылға келе алмай дағдарды... Ол есік-терезесі мықтап бекітілген оңаша бөлмеде жатқан жоқ па еді? Онда мынаусы несі? Дәл маңдайында мыс табақтай бір нәрсе жалтырайды. Иә, қалқыған кәдімгі ай. Сонау жақта белестеніп қарлы төбешіктер де созылып жатыр... Осы сәтте қалқыған айдың қара таңбасына қыбырлап жан біткендей болды. Бара-бара ұлғайып барады. Міне, жақындап та қалды. Сөйткенше терезені кернеп біреу аттап өтті. – Ой, Клава, қаш. Құтыл, – деп талықсыған әйел шыңғырып, жан-жағын сипалай бастады. – Бұл адамдар қайда?!. – ол орнынан тұрмақ еді. Үстін сояудай қара қылшық жүн басқан аюдай албасты ұзын сапты айбалта ұстап, өзіне төніп тұр екен. – Клава, – деп айқайлап, бұрылғанша көзінен от жарқ ете түсті... Ышқынып ауа қармап еді. Жылымшы жас қанның исі келді. Бұдан кейін ол ешнәрсені сезбеді. Бұл соңғы тыныс еді... Құбыжық көлеңке тастаған толған ай қанды кештің куәсі болудан тайсалғандай қалың қоңыр бұлт арасына кіріп бара жатты». Ал енді осы үзінділердегі жазушының болған оқиғаны оқырманның көз алдына әкеліп, жүрегіне жеткізу мақсатындағы шеберлігіне назар аударайық. Оқырман ретінде «Осы сәтте қалқыған айдың қара таңбасына қыбырлап жан біткендей болды. Бара-бара ұлғайып барады. Міне, жақындап та қалды. Сөйткенше терезені кернеп біреу аттап өтті» деген сөйлемдерді нағыз шеберліктен туған суреткерлік ретінде қарастыруға болады. Әсіресе, «терезені кернеп біреу өтті» деген сөйлем «қалқыған айдың қара таңбасына қыбырлап жан біткендей болды» деген алғашқы суретті толықтырып, бейнеге жан бітіріп тұр. Оқиғаны кинодан көріп отырғандай сезінесің. Бірақ жазушы қала тұрғындарының зәресін алып, үрей құшағында ұстаған «Қара мысықтың» кім екенін бәрібір білдірмейді. Шытырман оқиғаны аяқтағанша сыр ашпайды. Тұңғыштардың жолы қашанда ауыр. Жазушы Кемел Тоқаев та қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының тұңғышы. Алдында «бауырым, былай жазу керек» деп, жол салып, үлгі көрсетіп кеткен ешкім болған жоқ. Ал Сәкен Сейфуллиннің «Бандыны қуған Хамитінде» қуғын-сүргіннің, атыс-шабыстың элементтері болғанымен оны шытырман оқиғалы детективтер жанрына толықтай қоса алмаймыз. Сондықтан осындай тың тақырыпқа түрен салып, оны өзіндік өрнекпен игеріп, жемісін оқырманына ұсынған Тоқаевты қазақ әдебиеті бүгін де, ертең де мақтан тұтуы тиіс. Жазушы Кемел Тоқаевтың тусыраған жердей тың тақырыптарға ұмтылатын тағы бір ерекшелігі «Соңғы соққы» романында айқын көрінді. Бұл туындыны оқыған да бар, оқымағандар да бар. Сонау 1970 жылы жұртқа белгілі режиссер Шәкен Айманов (авторы Андрей Кончаловский, сценарийін жазғандар: Эдуард Тропинин, Андрей Тарковский) «Атаманның ақыры» фильмін экранға шығарды. Көрермендер оны жылы қабылдады. Ел тарихында ұрпақ ұлықтайтын Қасымхан Шадияров сынды жаңа қаһарман пайда болды. Оның экрандағы бейнесін талантты әртіс Асанәлі Әшімов шеберлікпен сомдап шықты. Кейін білдік, фильмдегі басты қаһарман Қасымхан Шадияровыңыз Қасымхан Чанышев деген өмірде болған адам екен. Фильмнің идеясын Шәкен Аймановқа сол тұстағы ел басшысы болған Дінмұхамед Қонаев айтып беріпті. Бірақ... Бірақ жазушы Кемел Тоқаев арада он бір жыл уақыт өткенде, яғни 1981 жылы «Жазушы» баспасынан 49 000 данамен шыққан «Соңғы соққы» романында атаман Дутовты атып өлтірген басқа адам екені туралы ақиқатты Ресейдің федералдық қауіпсіздік қызметінің Орталық архивінен табылған және онда «При входе к Дутову я передал ему записку, тот стал ее читать, сидя на стуле за столом. Во время чтения я незаметно выхватил револьвер и выстрелил в грудь Дутову. Дутов упал со стула. Бывший тут адъютант Дутова бросился ко мне, я выстрелил в упор ему в лоб. Тот упал, уронив со стула горевшую свечу. В темноте я нащупал Дутова ногой и выстрелил в него еще раз» деп жазылған М. Қожамияровтың хатын пайдалана отырып, именбей ашық айтты. Егер жазушы Кемел Тоқаев күн қай жақтан түссе басын сол жаққа қарай иетін күнбағыс сияқты біреу болғанда, онда белгілі фильмдегі нұсқадан ауытқымақ тұрмақ, ол туралы ойламас та еді. Ал Тоқаев болса өз романында Қасымхан Чанышевтің Ревкомның председателіне жазған рапорты арқылы «Дутовтың пәтерінен үш рет атылған наган дауысын естіп Байсымақов күзетшіні атып салды. Қарауыл үйінен сыртқа қарай лап қойған солдаттарды наганмен есік пен терезені атқылап кейін ысырдым. Қожамияров жолдас шығысымен біз дереу атқа отырып қамал қақпасына шықтық» деп баяндайды. Жалпы, атаман Дутовты кімнің атып өлтіргені туралы болжамдар көп айтылып, көп жазылған. Олардың авторлары бірде Чанышевке, енді бірде Қожамияровқа тоқталады. Неге? Өйткені, кейбір деректерде Қасымхан Чанышев Жаркенттің бе, Қорғастың ба уездік милициясының бастығы ретінде көрсетілсе, ал оның туған-туыстарының айтулары бойынша, ол Қытайға апиын мен бұғы мүйізінен жасалған қуатты дәріні жасырын жолмен өткізіп, алтынға айырбастап отырған нағыз контрабандашы болыпты. Тасымалдаушы-лардан, өткерушілерден тұратын үлкен қылмыстық топқа да жетекшілік еткен көрінеді. Тіпті, қызыл комиссарларға қарсы соғысқан атаман Александр Дутовпен де достық қарым-қатынасын үзбеген. Бірақ, большевиктер Қасымхан Чанышевтің сүйікті ұлы мен жарын тұтқынға алып, егер атаман Дутовтың көзін жоймаса, онда баласы мен әйелін атып тастайтындарын айтып, қатаң талап қояды. Міне, Қасымхан Чанышев сол кезде Қытайға барып, ақ гвардияшы атаман досын атып өлтіреді. Дегенмен, ол қазақ халқының жадында режиссер Аймановқа бірінші хатшы Қонаев «фильмге лайық қаһарман» деп ұсынған сайыпқыран чекист Қасымхан Шадияров бейнесінде өмір сүре беретіні анық. Бірақ, архив құжаттары арасында сақталған М.Қожамияров дерегінен көрер көзге аттап кету де ақылға сыймайды. Оның үстіне М.Рузиев деген автор өз кітабында 1935 жылғы 7 қарашада жарық көрген «Сталин жолы» газетіне сілтеме жасай отырып Феликс Дзержинскийдің қолынан М.Қожамияровтың атаулы маузер алғанын жазады. Маузерге «За лично произведенный террористический акт над атаманом Дутовым товарищу Ходжамьярову» деп ойылып жазылған екен. Жазушы Кемел Тоқаев, сірә, осы соңғы байламды дұрыс көрген сияқты. Осы арқылы ол өз үні, өз ұстанымы, өз пікірі бар қайраткер-қаламгер екенін кеңестік идеологтарға мойындата білді. Сол тұста АҚШ Конгресі кітапханасы мен Йллинойс университетінен «Соңғы соққы» романының 2 данасын салып жіберуді өтінген хаттардың келуі де жазушы мерейін өсіре түскені анық. Жазушының ұлы Қасым-Жомарт Тоқаев әкесінің қаламгерлік парызына қашанда адал болғандығы туралы: «Әкей, әсіресе, Жетісудың алғашқы қызыл комиссары Ораз Жандосовтың қызметін, ақтардың атаманы Дутовты өлтіруді ұйымдастыру туралы материалдарды көп зерттеді. Өкінішке қарай, қатал цензураның кесірінен осынау күрделі де қызықты істің біршама жәйттары «Соңғы соққы» романына енбей қалды. Менің білуімше, әкем бұл кітабында Қазақстан аумағында патша генералы Анненков пен оның жандайшаптары жасаған қатыгез қылмыстары туралы жазғысы келген, бірақ оған ұлтаралық қатынастардың бұзылуына әкеледі деп, жазғызбай қойды... Шығармаларын жазуға түбегейлі дайындық арқасында Кемел Тоқаевқа ешкім де: фактілерді өзгерттің, насихаттауды күшейттің деп айып таға алмады. Ол бірде-бір кітабында коммунистік идеологияны мадақтаған емес, олай істеген күннің өзінде түсінуге болар еді, себебі 1944 жылы майданда жүріп, кезекті шабуылдың алдында Коммунистік партия қатарына өткен. Оның шығармаларында Қазақстан чекистері мен милиционерлерінің ауыр әрі қауіпті өмірлері ешқандай әсірелеусіз суреттелген. Сондықтан сансыз көп оқырмандары жазушының кітаптарын жақсы көретін, ал партия идеологтары жақтырмады. Кемел Тоқаевтың шығармалары мыңдаған басылымдармен шыққанына қарамастан, кітап дүкені сөрелерінде жатып қалмайтын. Ал ресми «классиктер» мен басқарушы идеология авторларының кітаптары керісінше жағдайда – оларды бұйрықпен кітапхана, мектеп және институттарға таратады. Оқырман қауымды тракторист пен сауыншының махаббаты, партия функционерлерінің «жанкешті» еңбегі немесе Қазақстанның жекелеген аймақтарында Кеңес үкіметін орнатудың ұзақ-сонар тарихы қызықтырмады... Бірде үйде үстел басында әкейдің «менің кітаптарымның есебінен баспалар кейбір «классиктердің» еңбектерін жариялаудан шеккен шығындарын жабады» деп әзілдегені бар. Анығында осылай еді: көп жылдар өткен соң, мен тәжірибелі баспагерлерден сол кездегі жұмыс жағдайлары туралы сұрағанда, олар істің дәл әкем айтқандай болғанын растады», – деп жазды өзінің «Әке туралы ой-толғау» атты кітабында. Иә, жер жәннаты Жетісудың Қараталынан ұшқан қыран тектес қаламгер соғыс зобалаңын көргені аз болғандай, ғазиз басынан жазушылық жазмыштың да тағдыр-тәлейін бір кісідей өткерді. Оның қаламынан туған «Солдат соғысқа кетті», «Соңғы соққы», «Ұясынан безген құс», «Қастандық» романдары, «Сарғабанда болған оқиға», «Тасқын», «Көшкен үйдің қонысы қайда?», «Түнде атылған оқ», «Таудағы жаңғырық», «Замандас сыры» атты повестері және «Көмескі із», «Солдат қабірінің басында», «Сыр бойында», «Асудан асқанда», «Тоқты-ака» деп аталатын әңгімелері дүниеге оп-оңай келе салған жоқ. Басылып жатқан жерінен өндірістен алынып тасталғаны да, қысқарып, «қайшыға» түскендері де, сол үшін қаламгердің қызметімен қоштасуына тура келген кездері де болды. Бірақ қайсар жазушы жасымады, бар ашуын қалам мен қағаздан алып, жаза берді. Соның нәтижесінде бір өзі детектив жанрындағы бір дәуірдің шындығын түзді. Сол шындықты жазуды тағдыр бір жазушының – Кемел Тоқаевтың маңдайына жазыпты. Қазақ әдебиеті детектив жанрын жандандыру үшін жаңа авторлар іздеп қаншама бәйге жариялады. Бірақ Кемелден асқан кемел детективші бәрібір шықпады. Бұл да бір дәуірдің ақиқаты. Тұңғыштар жолы қашанда ауыр, қашанда тағдырлы, тәлейлі дейтініміз сондықтан.

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.

Ұқсас жаңалықтар