Бөрі ТӨРЕШОВ,
«Ақ баян» шаруа қожалығының мүшесі.
Тамды ауылындағы бұрынғы «Шолақтау» кеңшарында кезінде 1000 гектар алқапқа көкөністің бірнеше түрі егіліп, аудан, облыс қана емес, еліміздің нарығына қалбырланған өнімнің алуан түрін шығарғаны есте. Мыңнан аса сиыр осындағы тауарлы-сүт кешенінде бағылып, сауылып, өнімі Қаратау қаласындағы сүт зауытына жөнелтілетін. Онда әзірленген айран, сүт өнімдерінің, сары майдың, тіпті балмұздақтың түр-түрі еліміз аумағындағы сауда нүктелеріне жеткізіліп, тоқтаусыз өткеріліп жатты. Бүгінде соның бірі де болмағандай. Ауылда бар болғаны 100 гектар алқапқа ғана қауын-қарбыз, қызанақ, қырыққабат еккен боламыз. Тауарлы-сүт кешенінің орны ойсырап-ақ тұр. Шаруашылық тарап, жекешелендіру басталғаннан кейін әркім өз пай үлесімен жер телімін алды. Біздің шаруа қожалығымыз да 49 жылға 43 гектар суармалы алқапқа ие болды. Алғашқы кездері бар жиған-терген қаражатымызды игілікті іске жаратып, мақта да, жүгері де, қызылша да егіп, өсіріп көрдік. Жеме-жемге келгенде, алған өнімімізді өткізетін орын таппай, еңбегіміз зая кеткенін қалай ұмытармыз. Оның үстіне, несие алу да мұң. Әрі жердің біраз бөлігінің жарамсызданғандығын да байқадық. Кезінде жоспар қуып, жерді ту-талақай жыртып, пияз егудің, мол өнім аламыз деп тыңайтқышты шамадан тыс қолданудың зардабы енді айқын білініп отыр. Соның кесірінен жер бар құнарынан айырылып, енді оны қайта қалпына келтіру үшін 50-60 жыл керек болатын түрі бар. Әрі ол алқаптарға тартылған су науалары істен шыққан. Оны ретке келтіру біздің қолымыздан келе қоймасы анық. Әрі Билікөлдің суын алқапқа бұрып әкелу үшін қуатты сусорғылар керек болады. Шынтуайтына келгенде, бұл ретте бірқатар несиелендіру бағдарламаларын ұдайы алға тартумен болатын ауыл шаруашылығы басқармасының да, су шаруашылығы мекемелерінің де көмегі шамалы болып тұр. Ал жерді қайта реформалау басталады деп отырмыз. Абырой болғанда оған дайын еместігімізді аңғарған Елбасымыз мораторий жариялады. Бұл әбден дұрыс шешім болды. Біздіңше, шаруалардың жерді дұрыс пайдаланып, қалыпты жұмыс істеуі үшін ең алдымен аймақ бойынша кешенді бағдарлама әзірленуі керек. Үкімет кепілдік беріп, субсидиялау ісі жүзеге асырылса, тіпті құба-құп. Әсіресе, ауылдық тауар өндірушілерді қандай жолмен болса да техникамен жеткілікті жарақтандыруға көңіл бөлініп, өңдеуші кәсіпорындарды ашу ынталандырылса дейміз. Жасыратыны жоқ, қазір ауданда жер жағдайын жақсы білетін білікті агроном немесе мұрап жоқтың қасында. Заманауи жаңа технологияның «тілін білетін» мамандардың жетімсіздігі байқалуда. Жер реформасына байланысты жер Қазақстан азаматтарына 49 жылға жалға тегін берілсе деген ұсынысымыз бар. Сатылса, оны шаруалардың он жылға бөліп төлеу жолымен сатып ала қоярлық қауқарлары жоқ. Ауыспалы егіс жүйесін енгізу, агротехникалық шараларды қолдану үшін де қыруар қаржы қажет қой. Ал шетел азаматтарына жер жалға өте қатаң талап-шарттар қойылуымен берілгені жөн. Онда да 25 жылға емес, соның жартысындай мерзімге. Олар мол өнім аламыз деп нешеалуан химикаттармен «үстеп қоректендіріп», жерді 3-4 жылда-ақ ақ тас, көк тас аздырып-тоздыруы бек мүмкін. Өйткені, жер олардың ата-бабасынан қалған мәңгілік мұрасы емес қой. Жер оларға тек табыс әкелуі үшін ғана керек. Мұндайдың өзіміз талай куәсі болғанбыз. Бұл – біздің пікіріміз. Оның дұрыс-бұрыстығын халық айтар. Ел боламыз десек, әуелі жерімізді тиімді пайдалану мәселесін байыппен ақылға салып, халық болып жұмылып, түпкілікті шешіп алуға тиіспіз.
Қойгелді ауылы, Талас ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді