«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жантақтан ине, жаңқадан түйме жасаған

Жантақтан ине, жаңқадан түйме жасаған
ашық дереккөз
Жантақтан ине, жаңқадан түйме жасаған

Жанар Керімбековтің қолөнер бұйымдары талайды тәнті еткен

Сырлы әуен, назды сазымен дараланған әнші, сазгер де, қарсыласын алып та, шалып та жығатын қара күш иесі балуан да, табиғат сырын, тылсым дүниені сөйлете білетін суретші мен қолөнер шебері де ауылдан шыққанын ескерсек, ауыл – нағыз өнер ошағы дерсің. Сондай ауылдан тамыр алатын, өнер иесі – зейнеткер, қолөнер шебері Жанар Керімбеков. Ол Бірлесу-Еңбек ауылының тумасы. Жанардың өмірге, өнерге деген құштарлығы сонау балалық шақтан оянған секілді. Бал дәурен шағын мектеп-интернатта өткізген Жанар спортқа да, өнерге де бейім болып бой түзеген. Әлі де сол қалпынан таймаған. Жеңіл атлетикалық марафонға, велошабандоздар жарысына қатысуды әдетіне айналдырған. Бір кездері еркін күреспен де айналысқаны бар. Марафондық жарыс демекші, Жанекең «Тараз–Жаңатас», «Тараз–Алматы», «Шу–Түлкібас», «Шу–Астана» бағытында ұйымдастырылған республикалық, халықаралық жарыстарға қатысқан. Жанардың бұл бір қыры ғана. Оның қолөнерге бейімділігі, шеберлігі – тіпті басқа әлем. Сонау 1961-68 жылдары осы салаға ден қойған Жанар Керімбековтің қолөнерге әуестігін түптің-түбінде сүйікті мамандығына айналарын кім білген? Сүйек, ағаш, жіп, темір, жартылай қымбат заттардан туындылар жасап шығаруы тіпті тамсандырады. Мәселен, кәдімгі жіліктің қиюын келтіріп, әлдебір нәрсеге ұқсайтындай етіп өруі нағыз шебердің қолынан ғана келеді. Темірден де тамаша бұйымдар бейнелеген. Оның қай туындысын алып қарасаңыз да, ерекше дүниелер екеніне көз жеткізесіз. Шебердің қолынан шыққан туындылары кезінде Мәскеу, Киев, Минск, Рига, Самарқанд, тіпті сонау алыстағы Финляндия мен Америка, барлығы 17 елде өткен халықаралық көрмелерге қойылған. Әр деңгейдегі дипломдар мен Алғыс хаттар да жетерлік. Бүгінде Тараз қаласында тұратын Жанардың шәкірттері де бар. Олар: Индира Губашова мен Сералы Якубаев. Екеуі де қолөнерді осы кісіден үйренген. Индира бүгінде «Дарын» мектебінде бейнелеу өнерінен оқушыларға дәріс береді. Ал Сералысы уақытша жұмыссыз. Бірақ, Жанардың үйіндегі шеберхананың жиі қонағы. Жақында қолөнер шебері бірқатар туындыларын аудандық тарихи-өлкетану мұражайына тапсырыпты. Туған ауылына тарту ретінде жасалған дүниелерден хас шебердің қолтаңбасын танисыз.

Дүйсенбек Орманов, журналист.

Жамбыл ауданы.

Ұқсас жаңалықтар