«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Баланы да, ботаны да көбейткен

Баланы да,  ботаны да көбейткен
ашық дереккөз
Баланы да, ботаны да көбейткен

Әзімхан Мұсаевты төменгі Аса, Талас өзенін жағалаған ауылдар тегіс таниды. Ұзақ жыл кеңшардың мал шаруашылығын өркендеткен түйеші. Тапқыр, сөзге шебер адам. Үлкен әулеттің мәуелі бәйтерегі, немерелердің қамқор атасы.

Ол кеңшардағы малшы әкесіне көмекші болып жүріп, 1973 жылы 20 жасында шаңырақ көтереді. Жұбайы Үміт Елемесқызы өзінен екі жас кіші. Жас болса да алғашқы күннен бірін-бірі бағалады, қадірледі. Ата-аналарынан алған өнеге-тәлім, құлақтарына сіңірген өсиет бойынша сыйластықты мұрат тұтты. Екеуі де малының көп болғанынан гөрі, басының көп болғанын қалады. 1974 жылы тұңғышы Шәріпхан өмірге келді. Қариялар тұрғанда жастарға бала қайда? Шәріпханды Мұса ақсақал мен Дыбысай әжей бауырына басты. Бүгінде олар 8 ұл-қыздың ата-анасы. Әзімхан озат шопан болды. Еңбегі елеусіз қалған жоқ. Еленгені сол емес пе, Мәскеуде өтетін Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің көрмесіне қатысып қайтты. Әзекең кейін түйе шаруашылығына ауысып кетті. Сол жылдары ботаны да, баланы да көбейтті. 18 жасында келін болып түскен Үміт Дүйсебаева – бұл күнде үлкен әулеттің анасы, «Алтын алқа» иегері. Шәріпханы ауылдық әкімдікте қоғамдық жұмысшы, Дархан, Мұратхан, Еркебұланы – Астанада кәсіпкер. Назирасы – мұғалім. Ал Әзімхан мен Үміт Ойық ауылында Берікханының қолында тұрады. Жастайынан шаруашылық тізгінін ұстаған Берікхан келіншегі екеуі төрт ұл-қыз тәрбиелеп отыр. Әзекең отызға жуық немере көріп отыр. Құдай қаласа, шөбере сүйетін уақыт алыс емес. Айтпақшы, бұл әулетке «Алтын алқа» дегеніңіз жаңалық емес. Ұл-қызым – байлығым деп білетін ата-ананың тәрбиесінен шығар, Шәріпханның келіншегі Бақыткүл Жүзгенбаева да «Алтын алқалы» ана атанған. Мұсаевтар әулетінің босағасын 18 жасында аттаған, көрші Бостандық ауылының қызы Бақыткүл – қазір бақытты ана. Қазақ аталарымыз таныс, біліс, өнегелі, көргенді жермен құда болған ғой. Әзекең де үлкен ұлына лайық адамды (келінін) ауылы аралас, қойы қоралас елді мекеннен іздеген секілді. Дыбысай әжей (Әзімханның анасы) Шәріпханын жеткізіп, бөлек отау болғанын көріп, бірнеше шөбере сүйіп, 2012 жылы 90 жасында өмірден озған екен. Шәріпханның үлкені Назерке Қазақ ұлттық университетінің студенті екен. Жанеркесі – тұрмыста, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде сырттай білімін жалғастыруда. Айтолқыны да сол ТИГУ-дың 1-курс студенті. Мадина 9-сынып оқушысы болса, Нұрбарыс, Нұрсерік мектеп жасында. Нұрбақыты 3 жаста. Шәріпханның айтуынша, қыздарының бәрі де әнші, биші, өнерлі көрінеді. Нұрбарысы атқұмар, көкпар десе ішкен асын жерге қояды. Нұрсерігі күреске қатысып жүр. Болашағынан үлкен үміт күттіреді.. Осылай өсіп-өніп жатқан әулет ауылдастарының орынды құрметіне ие.

Есет Досалы, «Ақ жол». Талас ауданы.

Ұқсас жаңалықтар