Қауіпсіздікке бәріміз жауаптымыз

Қауіпсіздікке  бәріміз  жауаптымыз
ашық дереккөз
Қауіпсіздікке бәріміз жауаптымыз
Серғали АЙДАПКЕЛОВ, облыс әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасының басшысы–облыстың бас мемлекеттік еңбек инспекторы. Мемлекет басшысы белгілеген бес институционалдық реформаны іске асыру бойынша «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын, оның ішінде еңбек қатынастарын ырықтандыруға бағытталған 83-қадамын жүзеге асыру аясында елімізде өткен жылы жаңа Еңбек кодексі қабылданып, ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілгені белгілі. Жаңа Еңбек кодексінің тұжырымдамалық тәсілдері халықаралық тәжірибеге, оның ішінде, бірінші кезекте таяу жылдарда құрамына Қазақстанның да кіруі көзделіп отырған Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің тәжірибесіне сүйене отырып, еңбек заңнамасын ырықтандыру міндеттеріне негізделіп жасалған. Қабылданған кодекс жұмыс беруші мен қызметкерлер арасындағы еңбек қатынасы саласына мемлекеттің араласу ауқымын нақты айқындап алу және тараптардың тең болуын қамтамасыз етуді есепке ала отырып, еңбек қатынастары субъектілерінің рөлі мен жауапкершілігін бөлуді нақтылады. Мемлекет өз тарапынан қызметкерлерге базалық кепілдіктер мен өтемақыларды төменгі еңбек стандарттарын, негізгі құқықтары мен міндеттерін белгілеп, олардың жұмыс берушілер тарапынан орындалуына қатаң бақылау жүргізеді. Бұл ретте, төменгі әлеуметтік стандарттар еңбек бостандығына, қауіпсіздік және гигиена талаптарына жауап беретін еңбек жағдайларына, қандай да бір кемсітусіз еңбегі үшін сыйақыға әрбір азаматтың еңбекке қатысты конституциялық құқықтарын толық көлемде қамтамасыз етеді. Жұмыс беруші мен қызметкерлердің арақатынастары ұжымдық келіссөздер және олардың арасындағы келісімдер мен шарттар арқылы жасалатын болады. Заңдарымыздың қатаңдығы немесе икемділігі инвесторлар үшін ғана емес, ең алдымен, жұмыс орындарының және халықты жұмыспен қамтудың көзі болып табылатын біздің кәсіпорындарымыз үшін де маңызды. Сол себепті, кодексте бір жағынан жұмыс берушілер үшін белгілі бір көлемде жұмысқа жалдау, кадрлық көтеру, жұмыстан босату, қызметкерлердің еңбек жағдайлары мен еңбегіне ақы төлеуді анықтау рәсімдері жеңілдетілді, екінші жағынан, қызметкерлердің базалық еңбек кепілдіктері мен құқықтары белгіленіп, оларды жеке, ұжымдық шарттар мен келісімдер арқылы кеңейту мүмкіндігі қарастырылды. Осылайша, өз дәрежесінде дамымай келген ұжымдық шарттар мен келісімдердің рөлі едәуір артуға тиіс. 2014 жылы қабылданған «Кәсіптік одақтар туралы» жаңа Заңды ескере отырып, жаңа кодекс қызметкерлердің құқығы мен мүдделерін қорғау, ұжымдық келіссөздер жүргізу мәселелерінде кәсіподақтарды (қызметкерлер өкілдерін) ынталандыруға бағытталған. Әлбетте, салалық және өңірлік келісімдер, кәсіпорындардағы ұжымдық шарттар әлеуметтік әріптестік жүйесінің көп деңгейлі маңызды буыны болып табылады. Осыған орай, өңірде қазірдің өзінде 1268 кәсіпорында ұжымдық шарттар жасалынып, әлеуметтік-еңбек қатынастарының негізінде өндірістік үдерісті, еңбек құқын қамтамасыз ету және қызметкерді жұмысқа орналастыруды тұрақтандыру мақсатында әкімдіктер, жұмыс берушілер және кәсіподақтар арасында 60453 жұмысшыны қамтитын 2380 кәсіпорында меморандумдарға қол қойылды. Жоғарыда көрсетілген үш жақты ынтымақтастықты және әлеуметтік үндесуді нығайтуда және кәсіподақтар мен жұмыс берушілердің саяси-экономикалық қайта құрулары мен бірқалыпты дағдарыстардың теріс әсерін азайтуда облыстық, аудандық әкімдіктер жанындағы үш жақты комиссиялар басты рөл атқарады. Ол атқарушы биліктің консультативтік-кеңесші органы болып табылады. Жыл басында өткен әлеуметтік әріптестік пен еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үш жақты комиссияның отырысында берілген тапсырмаға сәйкес, ҚР Еңбек кодексінің негізінде тоқсан сайын облыс әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасы 100 ірі және орта кәсіпорындағы еңбек қатынастары, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жай-күйіне мониторинг жүргізуді жүзеге асыруда. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында жүргізілген мониторингтің қорытындысына жүгінсек, аталмыш 100 еңбек ұжымының 27-де ұжымдық шарттар жасалынбағандығы, 88 кәсіпорында жазатайым оқиғалардан жұмысшылар сақтандырылмағандығы, 696 қызметкердің жұмыс уақыты толық еместігі, 6 кәсіпорында жұмыс орны қысқаруы орын алса, «Talas Investment company» ЖШС, «Жамбыл металлоконструкция зауыты-Имсталькон» ЖШС, «Запчасть» АҚ-ында жұмысшыларға жалақыларын беруде заң талаптарын бұзу фактілері орын алған. Кәсіпорындарда еңбек қатынастарына сәйкес орын алған заң бұзушылықтар мемлекеттік еңбек инспекторларының араласуымен шешімін табуда. Халықаралық еңбек ұйымының мәліметтері бойынша, көптеген елдерде өндірістегі жазатайым оқиғалар саны, кәсіптік аурулардың өсуі жалғасуда. Мұндай жағдайдан біздің облысымыздың еңбек ұжымдары да тыс қалып отырған жоқ, жыл сайын ондаған азаматтар бақытсыздық оқиғасы мен кәсіби аурулардың құрбаны болуда. Есепті кезең бойынша еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында облыстың еңбек ұжымдарында 30 заң бұзушылық анықталды. Олар – қызметкерлерді оқыту және нұсқама өткізу, жеке және ұжымдық қорғану құралдарымен қамтамасыз ету, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі нормативтік-құқықтық актілерімен қамтамасыз ету және әзірлеу, кәсіби жарамдылығын анықтау үшін міндетті медициналық тексеру өткізу, еңбек қауіпсіздігіне жауапты қызмет құру немесе жауапты тұлғаларды белгілеу мәселелеріне қатысты орын алған. Осы кезең ішінде өндірісте зардап шегушілердің ауқымды бөлігі тау-кен, металлургия өнеркәсібі салалары мен бюджеттік ұйымдарға тиесілі болып отыр. Жалпы басқарма тарапынан құрылған комиссиялардың араласуымен 12 жазатайым оқиға арнайы тергеу-тексерумен қамтылды. Олардың барлығы бойынша жинақталған негізгі материалдар ішкі істер органдарына қарауға жолданды. Жазатайым оқиғалардың басты себептері, жұмыс жүргізудің қанағаттанғысыз ұйымдастырылуы, зардап шегушінің өрескел абайсыздығы, автожол қозғалысы ережелерінің бұзылуы оқиғасы болып отыр. Мұның салдарлары айрықша елеулі экономикалық шығындарға әкеліп соғатыны белгілі. Әрбір қызметкердің өмір тіршілігінің қауіпсіздігі мен денсаулығының сақталуына басымдық берілуі еңбек қорғау саласындағы тәуекелдерді басқару стратегиясының басты кепілі болып табылады. Кәсіби тәуекелдер мен еңбек жағдайын бағалау дәлдігін арттырудың маңызды факторлары – жұмыс берушіге және жұмыскерге өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау тәртібінің түсініктілігі, жұмыс берушілердің еңбек заңнамасының талаптарына сәйкес әкімшілік кедергілерді төмендету және шағын бизнес шығындарын азайту мақсатында заңнамалық бекітілген тетігіне ерікті декларациялау болып табылады. Әлеуметтік әріптестік институтын одан әрі нығайту мақсатында әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз ету, еңбек және жұмыспен қамту саласында халықаралық стандарттарды ілгерілету еліміз үшін әркезде де маңыздылығын жоймайды. Жаңа Еңбек кодексіне өзгерістер енгізілуіне байланысты мемлекеттік еңбек инспекторларының тиісті тексерулері қорытындыларына сәйкес «Кнауф Гипс Тараз» ЖШС, «Интергаз Орталық Азия» АҚ филиалы, «Т. И. Батуров атындағы Жамбыл ГРЭС-і» АҚ секілді жұмыс беруші тараптар қызметін декларациялау жосығы жүзеге асырылды. Осының негізінде оларға сенім сертификаттары табыс етілді. Мысалы, қазір көптеген компанияларда жұмыс орындарында тәуекелдерді бағалау жүйесі енгізілуде. Оған жаңа элементтер – еңбекті қорғау мінез-құлық аудиті және тіркелуі ықтимал қауіпті оқиғалар мен басқа да технологиялар мен әдістер кіреді. Еңбек ұжымдарында еңбек қатынастары және еңбек қауіпсіздігін заң талаптарына сәйкестендіру мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Қорыта келе айтарымыз, әлеуметтік әріптестер қауіп-қатерлерді анықтау, тәуекелдерді бағалау бойынша тиімді шараларды енгізуге күш жұмылдыра отырып, еңбек қатынастары мәдениетін қалыптастырмайынша, өндірістің қауіпсіздігін арттыру мүмкін емес. Қауіпсіздікке қатысты жауапкершілікті тек жұмыс беруші ғана емес, сонымен қатар жұмысшылар да шынайы сезіне білуге тиіс.

Ұқсас жаңалықтар