«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қырық жылдан кейінгі қауышу

Қырық жылдан кейінгі қауышу
ашық дереккөз
Қырық жылдан кейінгі қауышу

Бір кездегі Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласындағы А.С.Макаренко атындағы ауыл шаруашылығы қызметкерлері мен малшылар балаларына арналған мектеп-интернатының 1976 жылғы түлектері білім алған алтын ұя мектебін еш уақытта ұмытқан емес. Олар осынау білім ошағын үлкен өмірдің бастауы, ақыл-білімнің кені санайды. Оған жуырда аталмыш мектеп-интернатының түлектерінің 40 жылдан кейінгі кездесулерінде көз жеткізгендей болдық. Мектептен түлеп ұшқалы екі жиырма жылды артқа қалдырған түлектер бір-бірін көргенде өткен күннің оралмас тәтті естеліктерімен қауышқандай әдемі әсерді бастан кешірді.

Қырық жылдан кейін жүздескен түлектер алдымен өздері білім алған мектеп-интернатына барып, өткен күнге көз жүгіртіп, партада отырған кездерін еске алды. Бүгінде дарынды ер балаларға арналған қазақ-түрік мектеп-интернаты болып қайта құрылған мектеп ұжымы оларды жылы қарсы алды. Мектеп директоры Ахмет Гази Чолак түлектерді білім ордасының қазіргі жаңарған келбетімен таныстырды. – Сонау 1976 жылы осы түлектердің барлығы оныншы сыныпты аяқтап, әрқайсысы арман қуып, алдарына үлкен мақсат қойып, жан-жаққа түлеп ұшқан болатын. Олардың әрқайсысы дарынды, талапты, мақтаулы оқушылар еді. Мен сынып жетекшілері болдым. Тәрбиешілері Сәуле Жұмағұлқызы өмірден өтіп кетті. Екеуміз де бұларға балаларымыздай бауыр басып кеткен едік. Содан да шығар, олар оқуды аяқтағанда қимай әзер қоштастық. Бәріне зор үміт, мол сенім арттық. Бүгін сол үмітіміз ақталды, – дейді Бибісара Ерғалиева. Түлектердің кездесуі сырлы сезімге толы болды. Ұстаздар мен шәкірттерінің 40 жылдан кейінгі жүздесуі әсерлі өтті. Ағылшын тілі пәнінен дәріс берген ұстаз Роза Жантаева да өз кезегінде оқушыларымен кездесіп марқайып қалғанын жасырмады. – Бұл ғимараттың әр сыныбы, әр бұрышы бізге ыстық. Заман ағымына сай жаңғыртылса да, бізге сол баяғы бала күніміздегідей ерекше әсер беріп тұр. Бір сыныпта он екі бала, он төрт қыз оқыдық. Олар жан-жаққа тарап, әр қалаларда оқуларын жалғастырды. Ленинград, Мәскеу, Ташкент қалаларында оқыған сыныптастарымыз бар. Солардың барлығы бүгін бас қосып, мәре-сәре болудамыз, – деді «Мыңарал Тас» компаниясының бас маркшейдері Өмірбек Байсенкіров. Тамара Тілешова бүгінгі лицей түлектерінің жетістіктерін сөз етіп, олардың әр бес жыл сайын бас қосып тұратынын, сөйтіп аға буынның игі дәстүрін жалғастырып жүргенін қозғады. Түлектер білім ордасына деген сый-сияпаттарын жасап, ондағы ұстаздарға шәкірт тәрбиелеуде үлкен табыстар тіледі. Бүгінде бір-бір үйдің ұйытқысы болып үлгерген қырық жыл бұрынғы түлектер бала күнгі естеліктерін айтып, білім ордасымен қимай қоштасты. Бұдан соң қырықжылдық түлектер дастарқан жайып, өмірден озған ұстаздары мен сыныптастарына, достарына Құран бағыштады. Дастарқан басында бір-біріне ақ тілектерін арнап, әрдайым жақсылықта жолығуға ниеттесіп, тарқасты. Бағамдай білгенге бұл да бір ғанибет емес пе?!.

IMG_5431

Ұқсас жаңалықтар