Бұқара мен биліктің мақсаты бір

Бұқара мен биліктің мақсаты бір
ашық дереккөз
Бұқара мен биліктің мақсаты бір

Кеше облыстық қоғамдық кеңес пен облыс әкімдігі жанынан Жер кодексінің қоғамда қозғау тудырған баптарын тұрғындар арасында кеңінен түсіндіру мақсатында құрылған жұмысшы тобы мүшелерінің алғашқы аптадағы жұмысын қорытындылауға арналған кеңейтілген мәжіліс өтті. Оған облыс әкімі К. Көкірекбаев, сондай-ақ облыстық бірқатар басқармалар мен құқық қорғау органдарының басшылары қатысты. 

Басқосуды қоғамдық кеңестің төрағасы Ж. Кәрібаев ашып жүргізді. Ол құрамында облыстық мәслихаттың депутаттары мен кеңес мүшелері бар топтардың апта ішінде жер, медициналық сақтандыру, мектеп реформаларына қатысты мәселелер бойынша Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Талас және Сарысу аудандары тұрғындарымен кездесулер өткізіп, нәтижесінде 1350-дей адам қамтылғанын, алпысқа жуық азамат көкейде жүрген сауалдарын қойып, ой-пікір, ұсыныстарымен бөліскенін жеткізді. Жандар Кәрібаев жергілікті тұрғындардың біразының жер пайдалану туралы заңнан хабардарлығының аздығы, әсіресе, жастардың бұл тұрғыда деректерді әлеуметтік желілерден алатындығы туралы айта келе тұрғындарды негізінен үш мәселе алаңдататынына тоқталды: – Оның біріншісі – жерді аукцион арқылы сату. Екіншісі – шаруалардың кейбіреулері 49 жылға жалға алған жерлерін 50 пайыз жеңілдікпен он жылға бөліп төлеу жолымен сатып алмаса, қайта алып қояды деп те ойлайды екен. Жерді шетелдіктерге 25 жылға жалға беру мерзімін кемітіп, 10-12 жылға түсіру қажет, тіпті жерді шетелдіктерге жалға да беруге болмайды дейтіндер бар. Бірақ, оларды жергілікті жұрт толықтай қолдап отырған жоқ. Қысқасы, өзімізге қойылған сұрақтарға кеңінен жауап беруге күш салдық. Жалпы, елдің пікірі жаман емес, – деді ол.

Қоғамдық кеңес мүшелері 23-26 мамыр аралығында өңірдегі қалған аудандар тұрғындарымен кездесіп, пікірлерін тыңдамақ. Ж. Кәрібаевтың айтуынша, медициналық сақтандыруға байланысты өзгеріске халық аса сенбеушілікпен қарауда. Мұның себебін бір кездері мұндай реформаның соңы қыруар қаражаттың шетелге жымқырылып кетуімен де байланыстыруға болады. Ал мектеп реформасына жұрт қарсы емес. Алайда үш тілді оқытуды енгізу мәселесінде асығыстық жасамай, бұл жағдайда өңірімізде Назарбаев зияткерлік мектебі, қазақ-түрік лицейі, «Дарын» мектептері қатарын көбейтіп, бұл бағдарламаны алдымен соларда енгізу арқылы біртіндеп көшуді жақтайды. Бұл уақыт ішінде физика, химия, жаратылыстану пәндері бойынша оқулық пен оқу-әдістемелік кешендер шығару, ағылшын тілі мамандарын даярлап алу әлдеқайда тиімді деседі.

Облыс әкімінің орынбасары, облыс әкімдігі жанындағы Жер кодексінің қоғамда қозғау тудырған баптарын тұрғындар арасында түсіндіру тобының жетекшісі Абдалы Нұралиев құрамында тиісті салалардың 18 өкілі бар топ күшімен тұрғындар арасында жердің бос жатпай, жұмыс істеуі халықтың игілігіне пайда әкелетіні жеткілікті деңгейде насихатталып, түсіндірілуде екенін, мұндай түсіндіру ісін 14 мамырдан бастап облыс орталығындағы сall-орталықтар да қолға алғанын жеткізді. Күні кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Жер реформасы бойынша комиссияның бірінші аптадағы жұмыс қорытындысына сай өткен жиында алға қойылған міндеттер облыста да жүзеге асырылып, облыс әкімдігі жанынан құрылған қоғамдық кеңесте осынау тағдырлы мәселеге байланысты сұрақтардың барлығы да талқыланатынын айтты. Кеңес барысында жер пайдалану мәселелеріне байланысты ақпараттар алмасылып, алға бағдарлар белгіленді. Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Е. Құралбаев Жер кодексіне қатысты мәселелер жоғары және орта арнаулы оқу орындары студенттері мен өндіріс салаларында жұмыс істейтін жастар арасында кеңінен түсіндіріліп, бұл тұрғыда облыста құрылған блогерлер клубының күшімен әлеуметтік желілердегі жастар тарапынан кеткен теріс пікірлер мен мақалаларға тиісінше түзетулер енгізіліп, түсіндірмелер берілуі ұйымдастырылып жатқанын жеткізді. Алайда өз сөзінде «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Масат Берік аталған басқарманың бұл орайдағы жұмысы әлі де қанағаттанғысыз деңгейде екенін айтып, «Бүгінде әлеуметтік желілерде жерге қатысты мәселенің айтылып, жазылуы бұқаралық ақпараттық құралдарынан әлдеқайда басым сипатқа ие болып отыр» деді. Ол ауылдық округтік әкімдердің өз міндеттерін тиісті деңгейде атқармайтынына мысалдар келтіріп, ауылдықтардың мал ұрлығынан зәрезап болып, аула бақшалығын ағынсу жоқтығынан, ауыл маңындағы жерлері әлдебіреулердің жекеменшігінде болғандықтан, өріс ретінде пайдалану мүмкіндігінен көрінеу айырылып отырғанын да тілге тиек ете кетті. Бұл мәселені «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы С.Сейдәзімов те, қоғамдық кеңестің мүшесі Ә.Әмзеұлы да қолдап, пікірлерін ортаға салды. Әлібек Әмзеұлы бұл тұрғыда «Ауыл зиялылары, ауылдық округтер әкімдері ауылдың сенер, сүйенер тұлғалары бола алмай отыр. Ауыл әкімдерінің өздері атқарып отырған қызметтеріне сай еместері де баршылық. Олар мемлекетте қолға алынып жатқан ауқымды міндеттерді жүзеге асыруда жәрдемші бола алмайды», – деді. Ортақ пікірлер ауылдық округ әкімдері қызметін түпкі нәтиже – рейтинг бойынша бағалауды енгізуге келіп тіреліп жатты. Қоғамдық кеңестің бюджет, қаржы және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері жөніндегі комиссиясының төрағасы С. Әміреқұлов «Аудандарда өткен агроқұрылым жетекшілерімен, тауар өндірушілермен кездесіп, әңгімелесу барысында көзіміздің жеткені – халық бәрін де түсініп отыр. Әр кездесуде кемі 10-15 адам сөз сөйлеп, сұрақтарын қойды. Олар жер сатылғанда көлеміне шек қойылуы керектігін айтады. Шұрайлы жердің бәрі баяғыда жеке иелікке өтіп кеткен. Ал аукционға қойылса, қалталы азаматтар қалауынша сатып алады, бірақ олар сол жерді ұтымды пайдаланбайды деп ойлайды» деген пікірін білдірді. Бұл тұрғыда облыс әкімдігі жер пайдалану мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы С. Тәпеев бұл кезінде кеткен кемшіліктер екенін, оны орнына қоюға тапсырмалар берілгенін, негізінде Жер кодексінің 26-бабына сәйкес ортақ пайдаланудағы, сондай-ақ шекара аумағындағы жерлер мемлекеттің иелігінде болатынын, сатылмайтынын, жалға да берілмейтінін жеткізді. Кеңес жұмысын қорытқан облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев жерді дұрыс пайдалану үлкен мәселе екенін еске салып, бұл орайда қоғамдық кеңес пен арнайы жұмысшы тобының аудандарда болып, жұртшылықпен бетпе-бет кездесіп, пікірлерін тыңдап қайтқанына шын мәнісінде де айрықша риза болып отырғанын айтты. «Халыққа көп нәрсенің қажеті жоқ. «Аспандағы айды алып бер» демейді. Ең бастысы – олардың пікірлерімен санасу. Он өтінішінің ілуде біреуін ғана орындасаң, соның өзіне риза болып қалады. Мұндай кездесулер алдағы уақытта да жалғасады. Мораторий жарияланған мерзім ішінде өңірдегі 377 елді мекеннің тұрғындарының бәрімен де кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуге тиіспіз», – деді. Кәрім Нәсбекұлы, алдағы уақытта блогерлік қызмет күшейтіліп, әлеуметтік желілерде жер мәселесіне байланысты теріс пікірлердің орнына облыстағы тәуелсіздікпен келген ырыс, қол жеткізілген жетістіктер көбірек насихатталынуы жолға қойылып, жүйеленуін еске салып, бұл тұрғыда тиісті тараптарға тапсырмалар жүктеді.

Баймаханбет АХМЕТ,  «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар