Тамырын тереңнен тартқан облыстық қазақ драма театрының құрылғанына биыл сексен жыл толып отыр. Алғаш рет 1936 жылдың наурыз айында Бейімбет Майлиннің «Келін мен шешей», театрдың тұңғыш директоры Қасым Қырқымбаевтың «Келіншек» атты бір актілі пьесасымен шымылдығы түрілген қара шаңырақтың, бекзат өнер ордасының жылдар бойы репертуары классикалық драмалармен, комедиялармен және өзге жанрдағы спектакльдермен толығу үстінде болды. Ағымдағы жылы торқалы тойын тойлағалы отырған іргелі ұжым қызметкерлері таяуда Астана қаласына ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен театрдың 80 жылдығы аясында гастрольдік сапармен барып қайтты. Облыстық қазақ драма театры Елорда жұртына қандай қойылымдар апарды, астаналық көрермендер қалай қабылдады? Осыған орай театр директоры Болат Бекжановпен сұхбаттасқан едік.
– Облыстық қазақ драма театрының мерейтойына орай астаналық көрермендермен қауышып қайттыңыздар. Қанша қойылым апардыңыздар, жалпы астаналықтар жамбылдық театрдың қойылымын қалай қабылдады? – Еліміздегі театрлардың ішінде 80 жылдық тарихы бар қадау-қадау руханият ордаларының бірі – Жамбыл облыстық қазақ драма театры. Ілгеріде театрлар өздерінің мерейлі жылдарында Астанаға барып, жергілікті жұртшылыққа, зиялы қауым өкілдеріне есеп беретін үрдіс бар болатын. Кейбір жылдары қаржылық жағдайларға байланысты он күндеп, апталап бара алмайтын болдық. Сондықтан біз биыл театрымыз бен ел Тәуелсіздігінің мерейтойлары аясында Елордаға барып, есеп берсек деген ниетіміз болды. Бұл ретте ең алдымен облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қолдау көрсетті. Соның арқасында барып қайттық. Біз Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы аясында сахналанған Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қалихан Ысқақ пен драматург Шахимардан Құсайыновтың «Қазақтар» тарихи драмасын, Исраил Сапарбайдың Шәмші өмірінің кейбір көлеңкелі, беймәлім тұстарын бейнелейтін «Сыған серенадасын», ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Әлібек Файзулланың «Алтын адам» аңыз-ертегісін алып бардық. Екі күн бойы Астана қаласындағы жастар театрында сегіз спектакльді көрермен қауымның назарына ұсындық. – Елордалық талғампаз жұртшылық пен зиялы қауым өкілдері қойылымдарды қалай қабылдады? – Сегіз қойылым барысында да залда аншлаг болды. Өте жылы қабылдады. Кейіннен зиялы қауым өкілдері, театр саласының мамандары, мәдениет қайраткерлері өз пікірлерін білдірді. Ең бастысы халық риза болып, дамылсыз қол соқты. Өнер майталмандары да өз бағасын берді. Әсіресе, «Қазақтар» қойылымына дән риза болысты. Мәселен, мықты режиссер Ерсайын Тәпенов ризашылығын жеткізді. Одан өзге де режиссерлер біздің труппаны көріп: «Сіздердің труппамен қандай спектакльді қойса да болады екен» деген ойларын айтып, ұсыныстарын тілдеріне тиек етті. Біздің театрмен спектакль қоюға деген ниеттері де бар екендіктерін білдірді. Бұл бізді шабыттандырды. Жерлесіміз қоғам қайраткері Өмірбек Байгелді де өз ойымен бөлісті. «Мен өз өңірімнің театрымен, өнерпаздарымен мақтанып тұрмын. Шәріпбайлар мен Мұхаметқали, Тұрарлар қызмет еткен өнер ордасы бұл. Сол асыл азаматтардың ізбасарлары сол биіктен төмендемегенін көрсетті» деді Өмекең. Талғат Теменов, Бекболат Құрманқожаев жылы лебізін ортаға салды. Рас, біз кейінгі кездері түрлі себептермен республикаға шыға бермейтінбіз. Белгілі азаматтардың пікірі арқылы өз қазанымызда өзіміз қайнап жатқанымызды сезініп қайттық. Сапардан актерлар қауымы керемет әсермен оралды. – Қойылымдарды сахналаған режиссерлер мен басты рөлдердегі актерлер туралы айтып өтсеңіз... – «Қазақтар» спектаклін Қазақстанның халық әртісі Ерсайын Төлеубай, «Сыған серенадасын» Қуандық Қасымов, «Алтын адамды» Әлия Баймахан қойса, үшеуінің де суретшісі «Еңлікгүл» сыйлығының иегері – Рахат Сапаралиева. Актерларға келсек, «Қазақтарда» әрине Мәлік Ақүрпеков, Анар Сағымбекова, Асқарбек Сейілхан, Жүніс Әлімбеков, Майра Әлімбетова, Анар Алтыбаева жетекші рөлдерді ойдағыдай сомдап шықты. «Сыған серенадасында» былтыр ғана театрымызға оралған Кенен Ақүрпеков Шәмші бейнесін сәтті алып шықса, Анар Сағымбекова Изольданың рөлін ойнады. Мәмбет Қожалиев, Жадыра Құлтаева, Жандар Қырықбаев өздеріне тиесілі рөлде ойдағыдай өнер көрсетті. Әсіресе Кененді халық Шәмшінің өзі деп қабылдады. Кей қойылымдар резонанс тудырды ғой. – Режиссерлер труппаға қызығушылық танытты дедіңіз. Мамандар тарапынан қандай ұсыныстар болды? – Режиссер Болат Исақов Шерхан Мұртазаның 25 адамға шақталған шығармасын қойып беруге ниетті екенін білдірді. Бекболат Құрманқожаев та бірнеше нұсқасын айтып, бір қойылымды біздің труппамен қою ойында бар екенін жеткізді. Оның бәрін әрине қаражат жағы шешеді ғой. Дегенмен ойластыруға болады. Өйткені әр режиссердің қолтаңбасы әртүрлі. Актерлер әртүрлі режиссермен жұмыс жасаған сайын шығармашылық тұрғыда өнерлерін шыңдай түсетіні белгілі. Ұсыныстар көкейіме қонды. Ойларымен бөліскен екі режиссер де елімізде аты аталып жүрген белгілі, мықты мамандар. Сәтін салса, жаңа туынды қолтаңбасы ерен режиссерлер арқылы әріптестерді жаңа қырынан танытып, талантын аша түседі деп ойлаймын. – Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді