Тұңғиыққа батқан «Тараз»

Тұңғиыққа батқан «Тараз»
ашық дереккөз
Тұңғиыққа батқан «Тараз»
Жаңа бапкер футболымызды тығырықтан шығара ма? Қазақстан премьер-лигасының жаңа маусымын жақсы бастаған жерлестеріміз бір жеңіс, екі тең ойынға қол жеткізіп, қалған сегіз кездесуде жеңілістің ащы дәмін татты. Нәтижесінде біріншіліктің алғашқы кезеңінен соң турнир кестесінің тұңғиығына топ ете қалды. Соңғы турда Шымкенттің «Ордабасы» командасынан жеңілген соң команданың бас бапкері ауысты. Бұрынғы жаттықтырушы Нұрмат Мырзабаев өз еркімен қызметінен кетті. Турнир кестесінің ең соңғы орнына орналасқан «Тараз» футбол клубын енді украиналық футбол маманы Юрий Максимов жаттықтыратын болды. Украинаның Херсон қаласында 1968 жылы дүние есігін ашқан Максимов 1992-2002 жылдар аралығында өз елінің ұлттық құрамасында, жоғары лигадағы «Динамо», Германияның «Вердер» командасында және өзге клубтарда тер төгіпті. Украинаның үш дүркін чемпионы деген де атағы бар. Юрий Максимов бас бапкер ретінде Киевтің «ЦСКА», Минскінің «Динамо», Донецкінің «Металлург», «Оболонь» командаларын жаттықтырған. «Оболонь» командасын төменгі топтан жоғары лигаға шығарғаны да мәлім. «Өткелде ат ауыстыруға» болмайды деген сөз бар қазақта. Десе де, көш соңында қалған командамызға серпіліс керек екені анық. Егер «Тараз» футбол клубы осылайша жеңіле беретін болса, премьер-лигадан кетуі мүмкін. Ендеше, Максимов «Таразды» тығырықтан шығара ала ма? «Оболонь» командасын өрге сүйреген бапкер «Тараздың» жанкүйерлерінің ыстық ықыласына бөлене алса, қанеки. Іске сәт! 677  

Ұқсас жаңалықтар