Аула ойындары мәресіне жетті

Аула ойындары  мәресіне жетті
ашық дереккөз
Аула ойындары мәресіне жетті

Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай көше (спорттың алты түрі бойынша), аула ойындарынан облыс біріншілігінің ақтық ойындары орталық стадионда өтті. Облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен өткен жарыстың алғашқы (ауылдық) кезеңіне он үш мыңнан астам тұрғын қатысты. Жас ерекшеліктеріне орай үш санатта (аула ойындары бойынша) өткен додада спорттың қалашық, ләңгі, асық ату, қашпа доп, секірмек секілді түрлері қамтылды. Бұқаралық спортты облысымызда дамытуды көксеген бұл шараның өту барысын облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов тікелей қадағалады. Қалашық ойыны бойынша ұлдар арасында сарысулық Ерсұлтан Оразбеков қарсыластарынан мықты екенін дәлелдей білсе, қыздар арасында да сарысулық Ақбота Есентаева өзінің шеберлігіне күмән келтірген жоқ. Ләңгі тебу сынында ұлдар арасында тараздық Бағдәулет Совет топ жарды. Ал, асық атудан Қордай ауданы жеңімпаз болып танылса, Талас ауданы екінші орынды, Меркі ауданы үшінші орынды иеленді. Қашпа доп ойынында қордайлықтардың мерейі үстем болды. Екінші, үшінші орындар Тараз қаласы мен Талас ауданының спортшыларына бұйырды. Секірмек спорты бойынша (ұлдар арасында) сарысулық Жансерік Әнеттің жұлдызы жанса, екінші, үшінші орындар жуалылық Нұрғалым Мырзахметұлы мен қордайлық Ербол Қыдырбаевтың қанжығасына байланды. Қыздар додасында тараздық Гүлжан Бақытбек пен Елена Петренко алғашқы екі орынды иеленсе, үшінді орынға жамбылдық Диана Гарифуллаева ие болды. Сонымен қатар, көше ойындары бойынша алты спорт түрінен үздік шыққандар да осы жарыс барысында анықталды.

Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».

 

Ұқсас жаңалықтар