Жер – қазақтың ең бір жанды жері. Сондықтан, жерге қатысты қандай да бір шешімге халқымыздың бей-жай қарай алмайтындығы анық. Жер кодексіне енгізілген өзгерістерге байланысты тиісті мекемелер тарапынан түсіндіру жұмыстары өз деңгейінде жүргізілмеуі салдарынан туындаған жағдай соның бір айғағындай болды. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жер кодексіне енгізілген өзгерістерге мораторий жариялауын әбден құптарлық дұрыс шешім деп қабылдадық. Себебі, халықтың пікірі мен заңның талабы өзара үйлесім таппаса, істің бәрі бос. Мемлекет басшысы осы орайда: «Қабылданған заңның тетіктері мен нормалары жұртшылықты кеңінен қатыстыру арқылы талқыланбады. Сондықтан көп жағдайда халықтың алаңдауы дұрыс. Егер қазақстандықтар қабылданған шешімге сенбейтін болса, демек бұл – дұрыс емес деген сөз. Өйткені, бұл өзгерістер халық үшін жасалып жатыр. Қоғамда жерді жалға алу жөніндегі бірқатар заңнамалық нормаларға қатысты күмән туғанын ескеру маңызды», – деп қоғамдық құбылыстың қантамыр бүлкілін тап басқанын атап өтуіміз керек.
Осыған байланысты кодекстің қоғамдық резонанс тудырған бірқатар нормаларын күшіне енгізуге келесі жылға дейін мораторий жарияланды. Жағдай толық зерттеліп, електен өткізіліп, нақты бір шешімге келгеннен кейін ғана мораторий алынып тасталынатын болады. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» делінеді халық даналығында. Ұлт үшін маңызды шешім қабылдауда ұлттың тілек-ниетімен, ойымен санасқан жөн. Бабын таба білсек, жерден асқан байлық жоқ. Бүгінде ауылдық жерлерде негізгі күнкөріс көзі – егін мен мал шаруашылығы екені баршаға мәлім. Топырағы құнарлы, шөбі шүйгін Шу өңірінің шаруалары да осы тұрғыда барынша белсенділік танытып, кәсіптерінің өрісін кеңейте түсуде. Жыл сайын мемлекет тарапынан берілетін көмектерді игілігіне жаратып, жаңа технологияларды іске қосып, шаруасын дөңгелентіп жүргендер көп-ақ. «Он саусақ бірікпей, ине ілікпейтінін» жақсы ұғынған шаруа қожалықтары өзара бірігіп, ауылдық тұтынушылар кооперативтерін құру ісін бастап та кетті. Дегенмен, кең-байтақ даламызда әлі де игерусіз жатқан аумақтар қаншама десеңізші! Пайдаға аспай бос жатқан алқаптар түгел игеріліп, бау-бақшасы жайнап, төрт түлігі өрісті толтыра өсіп-өніп жатса, нағыз береке сол емес пе? Мемлекетіміз дамыған отыз елдің қатарына қосылып, «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары нақты іс жүзіне асырылуы үшін біз осы мақсат-меже үдесінен шығуға тиіспіз. Бұл ретте, инвесторлар тартып, тірлікті дөңгеленту – тағдырлы мәселені түбегейлі шешудің тиімді жолына бастамақ. Ақордада өткен кеңесте Елбасы әлем елдері инвестиция тарту үшін барынша қолайлы жағдай жасап жатқанын ерекше атап көрсеткен болатын. Бұл ретте: «Жерді ұзақ мерзімге жалға беру – бүкіл дүниежүзі бойынша инвестиция тартудың амалы. Бельгия, Германия, Грекия, Нидерланды сияқты елдер шетелдік инвесторлардың жерді меншікке немесе жалға алуы мәселесіне қандай да бір шектеу қоймайды. Францияда шетелдік инвесторлар үшін жер ресурстарын жалға алудың ең ұзақ мерзімі 99 жылды құрайды», – деп, шетелдер тәжірибесін мысалға да келтірді. Расымен, қазір жаһанда сыртқы инвестиция үшін бәсеке күшейіп тұрған заман. Бұл шаралар біздің болашағымыз үшін маңызды. Инвесторлар көбейсе, жаңа мүмкіндіктер көкжиегі ашылып, ел экономикасы жаңа сатыға көтерілмек. Жаңа жұмыс орындары көптеп ашылып, халықтың әл-ауқаты жақсара түсері анық. Мемлекетіміздегі осы мақсатта, яғни шетелдік инвесторлар тарту бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар да көңіл көншітерліктей. Қысқасы, жеріміздің құнарлылығын, пайдалану тиімділігін арттыру үшін қолдан келгеннің бәрін де жасауға тиіспіз. Ауылдық тауар өндірушілерді де осынау тағдырлы мәселені жан-жақты ой елегінен, көңіл-көз сүзгісінен өткізіп барып, байыпты шешім қабылдауға шақырамын.
Ташболат МҰРАДОВ, «АПК Баласағұн» ЖШС-ның директоры.
Ақсу ауылы, Шу ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді