«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Дуалды жүйе – оқытудың үздік үлгісі

Дуалды жүйе – оқытудың үздік үлгісі
ашық дереккөз
Дуалды жүйе – оқытудың үздік үлгісі

Жәмила Бекбатырова, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары.

еңбек нарығында жұмысшы мамандар сұранысқа ие

Келесі жылдан бастап елімізде кәсіби-техникалық мамандықтар тегін оқытылады. Бұл – еңбек нарығындағы жұмысшы мамандарына деген сұранысты өтеу әрі Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамының басты қағидатын жүзеге асыру мақсатында жасалып отырған қадам.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында «Әлеуметтік саясаттағы мемлекеттің басымдығы адам капиталын дамытуға кең ауқымды инвестициялар болуы тиіс. Біз бұған дейін қабылданған бағдарламаларға сәйкес, білім беру және денсаулық сақтау салаларын жаңғыртуды жалғастыруымыз керек. Мен 2017 жылдан бастап жаңа жоба – «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» бағдарламасы басталатынын жариялаймын» деп осы бағытта нақты шараларды қолға алуды тапсырған еді. Президент тапсырмасына сай, бүгінде әр өңірде кәсіптік білім беретін оқу орындарында тегін оқытылатын техникалық мамандықтар тізбесі әзірленіп, тиісті жұмыс жоспарлары жасалуда. Негізгі мақсат – еңбек нарығындағы сұранысты анықтау, соған сәйкес маман даярлау. Тұрғындарды әлеуметтік қорғауда Мемлекет басшысының қойып отырған басты талаптарының бірі – Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын алға жылжыту. Яғни, жастардың жұмыс пен сұраныс бар өлкеге барып, еңбекпен қамтылуына барлық жағдайды жасауды міндеттеп отыр. «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 88-қадамында Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын алға жылжыту жөніндегі ұлттық жобаны әзірлеу және жүзеге асыру, ол «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму, индустрияландырудың екінші бесжылдығы бағдарламаларын, сондай-ақ тәуелсіздік жылдарында мемлекеттік саясаттың арқасында еңбек, кәсіпкерлік, ғылым мен білім және басқа да кәсіптік қызметтерде жоғары нәтижелерге қол жеткізген қазақстандықтардың табыстарының дербес тарихын ескере отырып, индустрияландырудың және «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асырудың мемлекеттік саясаты талаптарына жауап бере алатын жұмысшы және кәсіптік-техникалық мамандықтардың артықшылықтары мен танымалдылығын насихаттау қажеттігін көрсетті. Тұрғындарды, әсіресе, жастарды жұмыспен қамтудың бір жолы – кәсіптік білімнің сапасын арттыру. Ол үшін колледждерде даярланатын жұмысшы мамандарына теориялық біліммен қатар, өндіріс орындарында тәжірибе жинақтауына жағдай жасауымыз керек. Яғни, арнаулы орта білім беретін оқу орындарын біртіндеп дуалды жүйеге көшіру қажет. Дуалды оқытуды енгізудің өз артықшылығы бар. Нақтырақ айтсақ, жаңа жүйе мамандарды жұмыспен қамту мәселесін екіжақты шешуге мүмкіндік береді. Жаңа жүйе енгізілген 2012-2013 оқу жылынан бастап облыста дуалды оқытудың жол картасын іске асыру шеңберінде білікті кадрларды даярлаудағы әріптестік дамытылуда. 2015-2016 оқу жылында 27 колледжге 26 мамандық бойынша оқытудың дуалды жүйесі енгізіліп, оған 1951 білімгер қамтылды. Әлеуметтік серіктестермен 179 келісімшарт жасалса, оның 150-і төртжақты, яғни кәсіпорын, колледж, білім басқармасы, кәсіпкерлер палатасы арасында жасалған келісім екенін айта кетуіміз керек. Студенттерді техникалық және кәсіптік білім мекемелері ірі өндіріс орындарымен, шаруа қожалықтарымен білім алушыларды өндірістік практикадан өтуіне жағдай жасау және жұмыспен қамту мақсатында 1361 келісімшарт пен меморандумдар жасалды. Келіссөздердің нәтижесінде 14813 жас өндіріс орындарында тәжірибеден өтті. Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлау ісі мұнымен шектелмейді. Кәсіптік білім беретін оқу орындарының еңбек нарығында тікелей байланыс орнатылуда. Бұл бағыттағы атқарылған жұмыстар нәтижесіз емес. Қазіргі кезде жұмыс берушілер есебінен 8,4 миллион теңге бөлініп, 47 студенттің оқумен қамтылуы – осы сөзіміздің дәлелі. 2014 жылдан бастап облыстық білім басқармасы өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, бірқатар мемлекеттік колледждерді ірі компанияларға сенімгерлік басқаруға беру жұмыстарын жүргізуде. Бүгінде «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Тараз қаласында орналасқан Тараз химия-технологиялық колледжін корпоративті басқаруға (бірлескен: «Қазфосфат» ЖШС, облыстық білім басқармасы, өңірлік кәсіпкерлер палатасы және колледж) келісімін берді. Сонымен қатар, колледждерді қамқорлыққа алу бойынша 3 келісімшарт жасалды. Атап айтқанда, «Talas Investment Company» мен «Бином» серіктестіктері Қаратау гуманитарлық-техникалық колледжімен, «Қазфосфат» ЖШС Жамбыл политехникалық колледжімен келіссөз жүргізді. Білікті маман даярлау ісі ешқашан өзектілігін жойған емес. Қазіргідей нарықтық кезеңде білім, білігі жоғары мамандарға деген сұраныс артпаса, кемімесі анық. Жастар неғұрлым көбірек жұмыспен қамтылуы үшін оларға мамандық таңдауда дұрыс бағыт беру керек. Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясының негізгі қағидаты осы.

Ұқсас жаңалықтар