«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Иесі жоқ жер – жетім

Иесі жоқ жер – жетім
ашық дереккөз
Иесі жоқ жер – жетім

 Жапар САТЫЛҒАНОВ,

құсбегі, этнограф, зерттеуші-натуралист.

Қазақ қоға-мында жер дауы мен жесір дауы дегеніңіз – бұрыннан келе жатқан ең бір шетін мәселенің бірі. Кезінде жер дауы – жерге, ал жесір дауы – отбасылық-некелік салттың бұзылуына байланысты туындаған-ды. Сондықтан осы екі мәселеде қандай да бір дау шықса, қабырғалы қалың ел – қазақ қай уақытта болмасын қарап қалмаған. Мұны бағзы замандарда ата-бабаларымыз көк найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен, қанын төгіп қорғап, сақтап қалған ұлан-байтақ жерімізге көзінің сұғын қадаумен жүргендер жақсы біледі. Олардың Жер-ананы айрықша қадірлейтін осы ерекшелігімізді «көзір» етіп, бір қарын майға құмалақ, қау отынға от тастауы да әбден мүмкін. Сондықтан жергілікті атқарушы билік органдары бәрін де жерге қатысты мәселені халыққа байыппен, жіліктеп түсіндіруден бастағаны жөн. Ұлтқа – ұстын, ұрпаққа – ұран боларлық ұлан-ғайыр даламыздың о шеті мен бұ шетіне көз жеткісіз кең екені рас. Иесі жоқ жер – жетім. Ал бос жатқан жер жау шақырады. Жоғарыда айтқанымыздай, жерімізге қызығушылардың соншама жерді неғылады, одан да оны бізге берсе, игеріп, әжетке жаратар едік демесіне кім кепіл? Шынына келсек, осы жердің арқасында ел болып отырмыз. Дейтұрғанмен, жерасты қазба байлықтарын игерумен ғана шектеліп, қол қусырып текке қарап отыра берудің түбі қайырлы болмасы белгілі. Қалай болғанда да сандаған жылдар бойы тусырап жатқан алқаптарды ауыл шаруашылығы индустриясы желісін кеңге жаяр берекелі аймаққа айналдыруға тиіспіз. Бірақ, сол жерлерді қандай жолмен, қалай пайдалану керектігін, одан қандай пайда айыруға болатынын қарапайым халық әлі біле бермейді. Олардың көңілдерінде шетелдіктер жер алса (әсіресе, қытайлар) аз ғана жылдың ішінде ол жердің тоз-тозын шығарып, бар байлығын сорып алып, асыра пайдаланумен қоймай, сол жер арқылы өздеріне азаматтық алып, қазақ жерінде түпкілікті қалып қояды деген күмән-күдік көптеу. Мұндай тарқатылуы қиын түйінге қатысты мәселенің соңы неге апарып соғары да белгісіз еді. Осы тұрғыдан алғанда, Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың Жер кодексіндегі бірқатар нормаға жариялаған мораторийі өте дер кезіндегі дұрыс шешім болғанын атап өтуге тиіспіз. Алайда мұны кодекстегі өзгерістерді түгелімен алып тастау үшін берілген мерзім деп қабылдауға әсте болмайды. Керісінше ендігі жүзеге асырар жұмыстарымыз күні бүгінге дейін жұртқа жеткілікті деңгейде түсіндірілмеген мәселелердің жай-күйін аша түсуге, өзгерістердің артықшылықтарын тәптіштеп түсіндіруге бағытталғаны жөн. Бұл мәселені халық әлі де болса көп талқылаудан өткізіп барып, Парламент пен Үкімет тізе қоса ақылдасып, арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей дұрыс шешімге келер кез жетті деген ойдамын. Қазақ қоғамында бағзы кездердің өзінде кез-келген даудың төрелігін дөп басып айтар төбе билеріміз болғаны белгілі. Ел-жұрт сондай абыз билерінің бір ауыз сөзіне тоқтаған. Жер кодексінің ең басты ерекшелігіне қатысты Елбасымыз «Біздің мақсат – ауыл шаруашылығымен айналысатындарға жекеменшігіне жер алу мүмкіндігін беру. Егер олар жерге иелік ететін болса, оны күтіп-баптап, қадірлейтін болады. Жер – ата-бабамыздан қалған біздің басты байлығымыз» деп бәтуалы сөзін де айтты емес пе?! Жалпы жердің жайын жергілікті тұрғындар мен ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететіндерден артық білетін ешкім жоқ. Сондықтан олардың байыптылық танытып, бұл мәселені де таразы басына салып, талқылай келе кесімді сөздерін айтатынына бек сенімдімін.

Мойынқұм ауданы.

Ұқсас жаңалықтар