«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тестілеу талабы өзгермейді

Тестілеу талабы өзгермейді
ашық дереккөз
Тестілеу талабы өзгермейді

Оқу жылы аяқталарда ұлттық бірыңғай тестілеу мәселесі жиі қозғалатыны белгілі. Талқыланатын басты сауал – тестілеу талабына қатысты. Мектеп бітірушілердің орта білімін аттестаттайтын бірыңғай жүйе енгізілгелі 12 жыл өтсе де, осы сұрақ өзектілігін жойған емес. Бұл мәселе орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сөз болды.

Брифингте облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жәмила Бекбатырова тестілеу талаптары мен өткізілу форматына қатысты енгізілген өзгерістердің бар-жоғын ашып айтты. Биыл ұлттық бірыңғай тестілеудің форматы өзгермейді. Десе де, бір үміт бар. Шекті деңгейден өте алмағандарға уақытын жоғалтпай, жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік берілмек. Олар енді ақылы түрде қайтадан тест тапсыра алатын болды. Жәмила Елеуқызының айтуынша, биылғы оқу жылында облыстағы 316 жалпы білім беретін орта мектепті 8561 оқушы бітірмек. Соның 6065-cі, 70,85 пайызы ҰБТ-ға қатысуға өтініш білдіріп отыр екен. Былтыр мектеп бітіруші 8879 оқушының 5925-і, яғни 68 пайызы қатысқан болатын. Биыл тест тапсыруға талап білдірушілер біршама өскен. Талапкерлердің 220-сы «Алтын белгіге», 84-і үздік аттестатқа үміткер. Былтырғымен салыстырғанда «Алтын белгіге» үміткерлер саны шамалы аз, ал үздік аттестат алуға мүдделілер қатары артқан. Дегенмен, өткен оқу жылында озат оқушылардың тең жарымы ғана өз білімдерін дәлелдеген еді. Мамандар осы жылы саннан гөрі сапаға қол жеткізуден үмітті. Қазірдің өзінде 64 жас дарынның мемлекеттік грант иегері атанып үлгергенін, 44 түлектің «Білім туралы» Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес ҰБТ-дан босатылғанын педагогтар жақсы бастамаға жорып отыр. Алдыңғы жылдардағы кемшіліктерден сабақ алып, ҰБТ-ға тыңғылықты дайындық жүргізілсе, көрсеткіш те жоғарылайтыны анық. Осыны ескерген білім басқармасы жаңа оқу жылының басында мектеп оқушыларын оқыту сапасын арттыру және тестке дайындау бойынша қадамдық іс-қимыл жоспарын жасап, жыл ішінде тиісті жұмыстарды жүргізген екен. Нақтырақ айтсақ, ҰБТ-да жоғары нәтиже көрсеткен Тараз қаласындағы №1, 40, 41, 45 гимназиялар мен облыстық дарынды балаларға арналған 3 мектеп-интернат базасында мектеп директорлары мен орынбасарларына, пән мұғалімдеріне арналған әдістемелік көмектер көрсетілген. Білім беру үдерісінде үздік педагогтың іс-тәжірибесін тарату ертеден келе жатқан әдіс. Бұл қадам өз кезегінде мұғалімдер арасында бәсекелестік туғызатыны мәлім. Әйтсе де, тестілеу қорытындысының жақсаруына бір жылда жүргізілген жұмыстың ықпал етуі екіталай. Мәселе ұлттық бірыңғай тестілеуде тапсырылуы міндетті пәндерді оқытатын ұстаздардың біліктілігіне байланысты секілді. Жоғарыда аталған білім ошақтарында педагог кадрлардың іріктеліп алынатыны және оларға қойылатын талаптың жоғары болатынын ескеріп, қалған мектеп басшыларына ойланатын кез жеткен секілді. Дегенмен, ауылдық жерлерде маман тапшы екенін де жоққа шығара алмаймыз. Облыста ұлттық бірыңғай тестілеу 2-15 маусым аралығында 10 пунктте өткізіледі. Жәмила Бекбатырова биыл шекті деңгейден өте алмағандар 2242 теңге жарна төлеп, екінші рет тест тапсыра алатынын айтады. Бірақ, жекелеген пәндерден екілік алғандарға мұндай мүмкіндік берілмейді екен. Бұл шешім ҰБТ-да алған балының нәтижесін жақсартып алу үшін қарастырылмаған.

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар