«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Он бір ұл-қыздың тірегі

Он бір ұл-қыздың тірегі
ашық дереккөз
Он бір ұл-қыздың тірегі

Әсіл  ана  80  жасқа   сергек  жетіп отыр

Ғұмырын мал шаруашылығына арнап, шопандықтың ақ таяғын 40 жыл ұстаған майталман, «Ленин», «Еңбек Қызыл ту» ордендерінің иегері Бағышбек Әміреевтің есімін таластықтар түгел құрметтейді. Төл алудан көштің алдын бастап, кеңшардың экономикасының артуына үлес қосқаны елдің есінде. Бәкең ауылдық, аудандық кеңеске депутат болған жылдарында да жұрттың көңілінде қарапайым жұрттың сөзін сөйлейтін халық қалаулысы ретінде танылды. Жұбайы Әсіл Есімқызы екеуі 11 ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Перзенттері жасыл жайлауда қозы-лақ қуып, қазақылықтың қайнар бұлағынан сусындап өсті. 

Екеуі кеңшардың мал шаруашылығын өркендете жүріп, ұл-қыздарын жоғары оқу орындарында оқытып, қатарынан қалдырмауды да естен шығарған жоқ. Тұңғыш ұлы Рысбек – Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдаса, Жайлаубек – Алматыдағы зоотехникалық мал дәрігерлік институтын бітірді. Ол кездері кеңшардың бас зоотехнигі, бас мал дәрігері болу жұмыстың төресі саналатын. Бағышбек шопан перзенттерінің биіктен көрініп жүргенін қалады. Қыздарының көпшілігі ұстаздық жолды таңдапты. Әнуза, Жұлдыз, Салтанат, Айнұр деген қыздары бұл күнде бір-бір мектептің алдыңғы қатардағы мұғалімдері. Тәрбиеші Эльмира да жақсы үлгісімен көрініп жүр. Батырбегі мектептің шаруашылық жағында еңбек етсе, Гүлсімі «Қазақтелекомның» жергілікті филиалында қызмет атқарады. Шолпаны – жеке кәсіпкерлікте. Ұл-қыздары жетілді, мақсаттарына қол жеткізді. Бір өкініштісі, озат шопан атанған Бағышбектің 57 жасында өмірден озғаны. Мәпелеп өсірген перзенттерінің қызығын көре алмады. Өлшеулі ғұмырдың мұндай шартына көнбеске шараң қайсы? Енді отбасының барлық салмағы Әсіл анаға түскен. Ол кісі қосағынан айырылғанына қатты қайғырғанымен, ұл-қыздарының алдында өзін сабырлы, берік ұстады. Жаратқанның жазуына көніп, сынағына төзді. Қиындыққа шыдап, ұл-қыздарының өмір мектебінде шалыс баспауын, жолдарын дұрыс таңдауын қадағалады. Перзенттері де асыл ананың қадірін біліп, алтын басын бағалап, құрметтеуден жалықпады. Барлығы үйлі-күйлі болды. Қара шаңырақты қадірлеуді де ұмытпайды. Бағышбектен тараған ұл-қыздардың басы қосылғанда, барлығының кішкентайлары асыр салып ойнап, үлкен үйді «балабақшаға» айналдырып жіберетіні бар. Мұндайда Әсіл әже мәз болып көңілденіп, өзінің бақытты екенін сезініп, шексіз қуанышқа бөленеді. Әсіл әжей бұл күнде Тамабек ауылында (қара шаңырақта) Саматының қолында тұрады. «Ата-ененің топырағынан...» дегендей, қайын әпкелері секілді қолдағы келін де мұғалім. Кешегі озат малшының ұрпақтары бұл күнде озат мұғалім болып, бала тәрбиесінің дамуына атсалысуда. Алтын алқалы әжей Құдай берген 11 ұл-қызынан 28 немере, 18 шөбере сүйіп, үлкен әулеттің тірегіне айналып отыр. Немере-шөберелерінің де талабы таудай. Алды жоғары оқу орындарын бітіріп, қызметке араласты. Ұрпақтарының бойында Бағышбек ата сіңірген адал, ізгі қасиеттер жатыр. Бәкеңді кезінде озат шопан деп бағалағандар бұл күнде оның ұрпақтарының биік белестерге жеткенін көріп отыр. Перзенттеріне деген ризашылықтан болар, Әсіл ананың жүзі шаттықтың нұрына бөленген. 80 жасқа да сергек жетті. Бір әулеттің қадірлі анасы болған Әсіл Есімқызына жүз жастан да сергек күйде асыңыз деген тілек айтқымыз келеді. Ескіліктің көзі мұндай аналар елдің сәні, ауылдың да ажары.

Есет Досалы, «Ақ жол».

Талас ауданы.

Есет Досалы,
«Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар