– Бұл жеңіс бізге оңайлықпен келген жоқ. Сұм соғыстың зардабын әрбір отбасы тартқаны белгілі. Азаматтарымыз оқ пен оттың ортасында жүрсе, елде қалған әже-аталарымыз бен аналарымыз, майдан даласына азық түлік жөнелтіп, оларды жылы киіммен қамтамасыз етіп отырды. Буыны қатпаған балалар да еңбекке ерте араласты. Осының бәрі де жеңіс үшін, бүгінгі бейбіт күн үшін жасалған еді. Қазақстан бойынша 500-ден астам, ал облыс бойынша 20 жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Қас батырлардың қаһармандығы ел арасында аңызға айналды. Біз осындай ерлік көрсеткен батырлардың есімін мақтанышпен атаймыз. Олар соғыстан кейінгі тұралаған еліміздің әлеуетін көтеру жолында аянбай еңбек етті. Бүгінгі ұрпақ сол еңбек пен ерлікке толы істердің бағасы тым қымбат екенін біледі. Ардагерлерін ардақтайды.Ұлы Жеңіс – бүгінгі тәуелсіз еліміздің 25 жыл ішінде жеткен жетістігінің бастауы. Өйткені, Отанға деген өлшеусіз махаббат бізге бейбітшіліктің қадірін ұқтырды. Сондықтан да, біз сіздерді әрқашанда бас иіп, құрмет тұтамыз, – деді облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлы. Сұрапыл соғыс жылдары облысымыздан майданға 100 мыңнан аса азамат аттанса, олардың 40 мыңы елге аман-есен оралған екен. Биылғы бейбіт өмірдің 71-көктемін қарсы алу бақыты 169 ардагерге бұйырыпты. Соның бірі – Бақытбек Бақберген ұрпағына бейбіт өмір тілейді. – Менің Алладан тілейтінім – бейбіт өмір. Себебі, жеңіске 71 жыл толса да, сол кездегі көрген қиыншылықтарымыз әлі есімде. Жүректегі соғыс салған жара жазылған жоқ. Сол үшін біздің көргенімізді кейінгі ұрпақ көрмесін, үнемі тыныштықта күн кешейік, – дейді майдангер. Жеңіс күніне арналған мерекелік шара «Мамыр» саябағында жалғасын тапты. Онда көпшілік назарына концерттік бағдарлама ұсынылды. Соғыс уақытындағы әндер шырқалып, би биленді. Соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері саябақтағы дала асханасынан солдат ботқасының дәмін татты. – Мен 1942 жылы әскер қатарына алынып, Сталинград, Курск қалаларын жаудан азат етісіп, Белоруссия майданында болдым. Елге жеңістен кейін оралып, бейбіт өмірде педагог болып еңбек еттім. 1 ұл, 6 қыздан 18 немере, 26 шөбере сүйдім. Ардагерлердің құрметіне арналған мерекеде солдат ботқасының дәмін татудың сәті түсті. Бұл мен үшін өткенді еске салып қана қоймай, жеңістің тәтті дәмін тағы бір мәрте сезінуіме себепкер болып отыр, – дейді ардагер Мұсахан Бердібаев.
Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді