Елбасының Жер кодексінің жекелеген нормаларына мораторий жариялау туралы шешімін қордайлық шаруалар да жылы қабылдады. Өйткені, соңғы кездері жер мәселесіне қатысты алыпқашты әңгімелер көңілге кірбің салып, алаңдаушылыққа негіз болғаны рас. Тарихқа үңілсек, «жер дауы» мен «жесір дауы» қазақ арасында ең басты мәселе саналған. Абайдың әкесі Құнанбай кейде болыстығын пайдаланып, өзгенің жерін алып қоятын әдеті болған деседі. Соны бетіне басқандарға: «Мал да өседі, жан да өседі, ал жер өспейді ғой» деп ағынан жарылған екен дейді. Сол айтпақшы, жер өспейді, оны қолдан жасап көбейте алмайсың. Сондықтан қазақтың маңдайына біткен жердің әр сүйемін қызғыштай қорып, жат қолына бермей, өз ұрпағымызға мұраға қалдыру – парызымыз.
Жерсіз Отан да жоқ. Ал туған жерді түлетіп, одан өнім алып өз отбасының, ауылдастарының, қала берді қалың елдің игілігіне жарату сол жердің қадір-қасиетін жете бағалайтындардың басты мұраты болуы тиіс. Біле білгенге жер – асыраушы, жер – байлықтың көзі. Оған мен өз шаруа қожалығымның мысалынан айқын көз жеткізіп отырмын. Тәуелсіздіктің бізге берген көп игіліктерінің бірі әр адамның ойы мен іс-қимыл еркіндігін дамытып, кәсіпкерлік қырларының барынша ашылуына мүмкіндік туғызуы дер едім. Ауылда болсын, қалада болсын – ерінбеген және істің көзін таба білетін жан шағын өндіріс орындарын ашып өзіне де, өзгеге де пайдалы іспен айналысуда. Мәселен, біз сияқты жер емген шаруа адамдарына мемлекет тарапынан жан-жақты қамқорлық көрсетілуі егіс далалары мен мал фермаларында табысты еңбектің өрістеуіне жол ашып отыр. Степное ауылдық округіндегі біздің «Мерей» шаруа қожалығымыз тәуелсіздік жылдарының елең-алаңында небәрі тоғыз гектар егістік жер аумағында құрылған болатын. Біртіндеп тәжірибе жинап, сәтсіздіктерден сабақ ала отырып, шаруашылығымызды нығайттық. Бұл арада ұлдарым да ержетіп, шаруаның біржағынан шыға бастады. Жер үлестерін біздің басқаруымызға сеніп тапсырушылар саны жылдан-жылға көбейді. Сондай қырық шақты адамның үлесі есебінен қазір егістік жеріміздің аумағы 800 гектардан асты. Биыл оның 100 гектарына арпа, 100 гектарға дәндік жүгері себілді. Біраз жерді парға қалдырдық. Көпжылдық шөп егістігіміз де бар. Енді жүз гектарға пияз, қызанақ, сәбіз тәрізді көкөніс егіп, тамшылатып суару әдісімен өсіргелі отырмыз. Биылғыдай мол жауынның арқасында өнімділік жаман болмауы тиіс. Әсіресе, тамшылатып суару технологиясы қолданылған жердің түсімі жоғары боларына сенім зор. Былтыр дәндік жүгерінің 30 гектарына шетелдік таңдаулы тұқымы себіліп, оның әр гектарынан 100 центнерден өнім алынған болса, осыған сүйеніп биыл да қандай дақылды да сапалы тұқымнан өсіріп әрі ылғал үнемдеу технологиясын кеңінен қолдануды ұйғарып отырмыз. Ауыл шаруашылығын дамытуға байланысты ұсынылып отырған көмектің түрлері көп. Соны ұтымды пайдалана білгендердің шаруасы еселеп алға басуда. Осыдан он шақты жыл бұрын ғана техника атаулыдан жұрдай болып, әркімге бір жалынып жүрген болсақ, бүгінде өзіміздің үш доңғалақты тракторымыз, шетелдік жаңа тұқымсепкіштеріміз, культиваторымыз бар. Оған қоса, былтыр лизингке 3,5 миллион теңгеге бағаланған үш жаңа трактор алдық. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығын қолдау қорынан алынған 5 миллион теңге несие қаражаты өндірісті дамытуға жұмсалуда. Мемлекет тарапынан тамшылатып суарылатын егістік көлеміне, астық, жүгері, қант қызылшасы тәрізді стратегиялық мәнді дақылдарды еккенге берілетін субсидия қаржысы да диқандарды ынталандыра түсуде. Адал еңбегіңнің жанып, жұрттың алғысына бөленгеннен артық қандай абырой болсын? Бізге жер үлестерін қосқандардың барлығына жыл сайын тиісті дивиденттері беріледі. Көмек сұрап келушілердің меселін қайтармауға тырысамыз. Шаруашылық ісін дұрыс жүргізудің арқасында отбасымның жағдайы жақсара түскенін жасырмаймын. Шүкір, ұлымды ұяға, қызымды қияға қондырдым. Аудан орталығынан сәулетті үй салып жатырмыз, жеңіл көліктеріміз бар. Ал өзіме былтыр ауданның Құрметті азаматы атағы берілді. Мұның барлығына Тәуелсіздіктің арқасында қол жетіп отыр. Мұның барлығы иелігімізге тиген жерді дұрыс пайдаланудың арқасы дер едім. Қысқасы, жерді бағалай біліп, қамқорлықпен пайдалана білгенге ол барын жомарттықпен иіп береді. Сондықтан, ауыл шаруашылық жерлерін кім көрінгенге емес, онымен жұмыс істеуді білетін шаруа адамдарына беру керек. Қоғамда дүрбелең туғызған жерді сату және жалға беру тәрізді шетін мәселе әбден бүге-шігесіне дейін жариялы түрде талқылануы керек. Бұл тұрғыда Президенттің мораторий жариялауы дер мезгіліндегі өте дұрыс шешім болды.
Мэлс Асанқұлов, «Мерей» шаруа қожалығының төрағасы, ауданның Құрметті азаматы.
Қордай ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді