Тарихы терең Мойынқұм

Тарихы терең Мойынқұм
ашық дереккөз
Тарихы терең Мойынқұм

АРХИВ ДЕРЕКТЕРІ СЫР ШЕРТЕДІ

SAM_0044Бетпақдаланың аңызағының өтінде, бұйрат-бұйрат құм қойнауына орналасқан жағалай Мойынқұм ауданы Қазақстанның мал шаруашылығының аса маңызды саласымен айналысып, қолынан құрығын тастамай, ел мен жердің қасиетін саралай өскен тұлғаларымен көрікті. 

Жақсымызды қадір тұтып, ел үшін еткен еңбегін үлгі еткеннен ұтылған жеріміз жоқ. Өткенімізден тәлім алып, бүгінгі ұрпақ үшін аталған саланың жеткен жетістіктері мен жүріп өткен жолына, Мойынқұм өңірінің кеңеcтік дәуірдегі тынысына Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің құжатты деректік қоры негізінде тарихи шолу жасап өтуді жөн көрдік. Өз еңбектерімен осы кәсіптің абыройы мен даңқын асырып, мал шаруашылығына сүбелі үлес қосқан өлке Мойынқұм жетістіктері туралы айтатын дүние ұшан-теңіз. КСРО Министрлер Кеңесі қой шаруашылығын одан әрі өркендету мәселесіне зор маңыз бере отырып, 1964 жылы «Қазақ КСР-де қой шаруашылығын өркендету үшін шөл және шөлейт жайылымдарды игеру туралы» арнайы қаулы қабылдады. Қаулыны орындау – төменгі Шу мен Бетпақдаланы игеру арқылы, ол жерлерде қой шаруашылығымен айналысатын совхоздар ұйымдастыра отырып, оларға дұрыс басшылық жасау және олардың тиімді жұмыс істеуіне тиісті жағдай жасау үшін Мойынқұм ауданын қайта құру қажеттілігі туындады. Сонымен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиуымының 1964 жылдың 31 желтоқсанындағы жарлығымен Мойынқұм ауданы құрылып, орталығы Фурмановка селосына орналасты. Құрамына 14 совхоз кірген ауданның сол кездегі аумағы 72,1 мың шаршы километр болып, облыстың жер аумағының 50 пайызын құрады. 1964 жылдың наурыз айында Қазақстан Компартиясы ОК мен Қазақ КСР Министрлер Кеңесі «Артта қалған колхоздардың экономикасын көтеру шаралары туралы» және «Қазақ КСР-де қой шаруашылығын дамыту үшін шөл және шөлейт жайылымдарды игеру туралы» қаулыларын қабылдап, қой шаруашылығын өркендетудің нақты шараларын бекітті. Іле-шала сол жылдың маусымында Жамбыл облыстық партия комитеті мен облыстық еңбекшілер депутаттар кеңесі атқару комитеті аталған қаулының орындалуы туралы қаулы қабылдап, облыста бес қой өсіретін арнайы совхоз құруды жоспарлады. Аталған жылдары республика бойынша қой шаруашылығымен айналысатын совхоздар саны 502 болса, 1970 жылға дейін олардың санын кем дегенде 750-800-ге жеткізу міндеттелді. 1964 жылдың басында республика бойынша ұйымдастырылып жатқан қой совхоздарының саны 34 болса, құрылыс барысында көптеген қиындықтарға кездесті. Жоғарыда келтірілген нормативтік құжаттар жалпы қой шаруашылығының реттелу жолдарына негізделген еді. Мойынқұм аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы А.Назарбековтің Жамбыл облыстық партия активінің жиналысында жасаған баяндамасында көрсетілгендей, ауданның басты мақсаты – Шу өзенінің төменгі ағысы мен Бетпақдаланың мүмкіндіктерін пайдалана отырып, өңірді, соның ішінде қой шаруашылығын тиісті деңгейде өркендетіп, өлкені мол табысты шаруашылықтармен толықтыру. Сонымен қатар, аудан көлемі 1 миллионға дейін қой отарларын ұстауға әлеуетті болған. Тіпті, 1965 жылдың аяғына дейін қой санын 3,27 миллионға жеткізу көзделген. 1965 жылдың 12 мамырында Жамбыл облыстық партия комитеті бюросының «Мойынқұм ауданының даму мүмкіндіктері туралы» шешімімен қой шаруашылығын дамыту мақсатында ауданның шөл және шөлейт аумақтарын оңтайлы пайдаланылуына зор маңыз бере отырып, келешек дамуының мүмкіншіліктерін анықтау үшін арнайы жұмыс комиссиясы құрылады. Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің сақтау қорында қой шаруашылығының даму үрдісі бойынша статистикалық мәліметтер де кездеседі. Дәлірек айтсақ, Қазақ КСР Орталық статистика басқармасының түрлі жылдардағы мәліметі бойынша, мысалы, 1966 жылы қой мен ешкі саны – 32,4 миллион, 1974 жылы – 34,6 миллион, 1979 жылы – 34,1 миллион, 1983 жылы – 36,6 миллион және де бұл көрсеткішті 1990 жылдарға қарай 50 миллионға жеткізу міндеттелген еді. Бұл көрсеткіштерде Жамбыл облысының, оның ішінде Мойынқұм ауданының көрсеткіштері үнемі алдыңғы қатарда болғандығын архив құжаттары дәлелдейді. Осы жылдары Мойынқұм ауданы бойынша мал шаруашылығында көрсеткен үздік көрсеткіштері үшін Жазылбек Қуанышбаевпен қатар Ділдәш Итбасова, Шоман Шәріпбаев, Сәмет Көшеков, Құдайберген Біртаев, Әлкен Жапаров, Шотай Тайбағаров және т.б. сынды ауыл шаруашылығы озаттары мемлекеттік марапаттарға ие болған. 1965 жылдан бастап қой шаруашылығы, оның ішінде қаракөл елтірісін дайындауды дамыту шаралары да қатар жүзеге асырыла бастады. Жамбыл облысы бойынша қаракөл шаруашылығымен айналысатын Мойынқұм және Бетпақдала шөлдері жерлерін пайдаланатын негізгі үш аудан Мойынқұм, Талас және Сарысу аудандары еді. 1965 жылғы Д. А. Қонаевтың КОКП ОК-на жолдаған хаты бойынша Қазақ КСР Ауыл шаруашылығы министрлігінде қаракөл шаруашылығы басқармасы құрылып, қойдың осы түрін өсіретін облыстар – Шымкент, Жамбыл, Қызылорда және Гурьев облыстық ауыл шаруашылық басқармаларында қаракөл шаруашылығы бөлімдерін ашу жоспарланып, ол 1968 жылы жүзеге асырылған. 1969 жылы Жамбыл қаласында Қазақтың қаракөл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бөлімі ашылып, облыстық деңгейде қаракөл қойы тұқымының даму ерекшеліктерімен, селекциялық-тұқым асылдандыру жұмыстарының әдістерін және өсіру технологиясын зерттеумен айналысты. Біріншіден, осы шаруашылықтарды жүргізіп отырған еңбекшілердің еңбегінің жемісі ретінде 1985 жылға қарай Қазақстан одақтық республикалар арасынан қаракөл шаруашылығының көрсеткіштері бойынша бірінші орынға шықты. Осы тұста архивтік деректер негізінде статистика мәліметтерін келтірсек, 1963 жылы қаракөл қойының саны 2,6 миллион, қаракөл елтірісін өндіру 1,2 миллион дана көрсеткіш, ал 1985 жылдың басында бұл көрсеткіш тиісінше, 5,7 миллион және 2,6 миллион дана көрсеткішке жеткен. Республиканың, облыстың одан бері ауданның қой шаруашылығында көрсеткен жоғары көрсеткіштері қарапайым еңбекшілердің тікелей үлесінсіз мүмкін болмас еді. Бұл ретте үстіміздегі жылы туылғанына 120 жыл толып отырған қазақтың қасиет қонған шопаны, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев және 100 жылдық мерейтойы келіп жеткен соғыс және еңбек ардагері, Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығына еңбек сіңірген қызметкер Әлкен Жапаровты атап өтеміз. 40-жылдардың басында Қазақстанда қаракөл қойын өсіру қолға алынғанда, Жазылбек ата алғаш айналысқандардың бірі еді. Аға шопанның, әсіресе, соғыс кезіндегі еңбегі ерекше болды. Сол шақта ол қаракөл қойының санын өсіріп, оны асылдандыру, өнімділігін арттыру жолында аянбай жұмыс істеді. Нәтижесінде 1948 жылы кеудесіне алғашқы Алтын жұлдыз тағылып, Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды. Осылайша ол араға он жыл салып, 1958 жылы екінші рет Социалистік Еңбек Ері атанды. Жаны жақсылықка жақын Жазекең сол тұста әр жүз саулықтан 140-145-ке дейін қозы алып, әрбір қойдан 4 келіге дейін жүн қырқыпты. Жалпы, мал баққан жылдар мұғдарында оның алдынан ондаған мың қой мен қозы өріп, қыруар елтірі мен жүн, ет өндірілген. Малын үнемі үкілеп күтіп, аман сақтап отырған. Оның қаракөл қойлы отарынан орнықты еңбекпен өсіріліп, өндірілген, көзді жаулап, талайды тамсандырған елтірілері Дели, Бухарест, Познань, Нью-Йорк жәрмеңкелері мен аукциондарында өте жоғары бағаланған. Ал дербес зейнеткер атанғаннан бастап Қазақ КСР ауыл шаруашылығы министрлігінің кой шаруашылығы жөніндегі қоғамдық негіздегі инспекторы міндетін атқарып жүрді. Мойынқұм жеріне еңбегі сіңген тағы бір тұлға соғыс және еңбек ардагері, Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығына еңбек сіңірген қызметкер Әлкен Жапаров болатын. 1939 жылы басталған Фин соғысына қатысқан Ә. Жапаров 1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысып, 1946 жылы ғана әскер қатарынан босатылады. Әскери шинелін қазақы күпіге ауыстыра сала, халық шаруашылығын көтеруге білек сыбана кіріскен Әлекең Мойынқұм топырағындағы колхоздың мал дәрігері қызметінен бейбіт еңбек жолын бастады. 1953 жылға дейін Жамбыл атындағы колхоз төрағасының орынбасары, 1953-1957 жылдары Карл Маркс атындағы ұжымшар төрағасы, 1957-1978 жылдары Фурманов атындағы қой шаруашылығы совхозында ферма меңгерушісі болып еңбек етті. Еңбектегі жетістіктері үшін Ленин, Октябрь революциясы ордендерімен марапатталды. 1976 жылы Әлкен Жапаров құрметті демалысқа шықты, оған Қазақ КСР-ның дербес зейнеткері атағы берілді. Бірақ зейнетке шыққанына қарамастан, Әлкен Жапаров еңбектен қол үзбеді, мол тәжірибесін жастарға үйретіп, ата кәсібі жолындағы абыройлы қызметін жалғастырды. Соғыстан кейінгі 40 жыл ғұмыры Ә. Жапаров үшін де, жерлестері үшін де абыройға ие бола білген кезеңге айналды. Әскери Қызыл Жұлдыз, ІІ және ІІІ дәрежелі Даңқ, Октябрь революциясы, Ленин ордендерімен, бірнеше медальдар мен белгілерді иемденді. Сол кездегі республикамыздың ең жоғары марапат белгісі – Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасына және «Қазақстан ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген қызметкер» атағына ие болды. Соғыста үш рет алған ауыр жарақатына да, Мойынқұмның өзгеше табиғатына да қарамай, саналы ғұмырын адал еңбекке арнап, бейбіт өмірдің бағасын ұрпаққа аманаттаған абзал тұлға Әлкен Жапарұлы 71 жасында дүниеден озды. Қос мерейтой иесін өзара жақындастыратын тағы бір әсерлі тарихи жайтқа назар аудартқымыз келеді. КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты Ж. Қуанышбаев бірде Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) қаласында болып, Эрмитаждан қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлының бас батыры – Ағыбай батыр Қоңырбайұлының орыс офицері қарындашпен салған суретін алғаш рет елге алып келеді. Аталмыш игі ісі үшін және халқының тарихи құндылықтарын қастерлеп өткен тұлғаға кезінде Д. А. Қонаев өз тарапынан алғыс айтып, жаңа көлік сыйлапты. Уақыт өте келе Ә. Жапаровтың ұлы Барыс Жапаров белгілі суретші Хамза Қиқымовқа Ағыбай батырдың бұл мұрағаттық бейне суретін өңдетіп, қайта салғызады, қазіргі таңда батырдың ресми суреттері аталған портреттің негізінде орындалуда. Өскелең ұрпақ бойына отансүйгіштік асыл қасиеттерді сіңіру, туып-өскен атамекеніне деген құрмет пен жауапкершілікке баулу және еліміздегі архив қорларының әр алуан құжаттық деректемелерін кеңінен насихаттау мақсатында, Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы және оған қарасты мекемелерімен бірлесіп, ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өту шаралары аясында, Мойынқұм ауданында осы жылдың 13 мамырында «Жер тарихы – Ел тарихы атты өлкетанулық тарихи-құжаттық көрме және «дөңгелек үстел» өткізеді. Көрме және «дөңгелек үстел» Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың 120 жылдығына орай ұйымдастырылуда. Шежіре-тарих өз болмысын тізбектелген хроникалармен ғана емес, оның жандылығын сездіртер тұлғалардың әлеуметтік іс-әрекеттерімен адамзат ұрпағына мойындатып берді. Бұл қазақ тарихына да қатысты. Оның үстіне, ғасырларға созылған бодандықтың зардабы ата тарихтың «ақтаңдақ» беттерін көбейткенін ұмытпағанымыз жөн. Еліміздің тарихын жаңғырту, оның тағылым мен тәлімге толы кезеңдерін түгендеу тұтас қоғамның бірлігімен ғана жүзеге аспақшы. Осы орайда, ҚР Президенті Архивінің мол құжаттық деректемелік қорлары өз зерттеушілерін күтуде. Біздің мақсат – осы бағыттағы ізденістерге серпін туғызып, қозғау салу.

Алмат Төлетбеков, ҚР Президенті Архивінің  бас сарапшысы.

Ұқсас жаңалықтар