«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Төл теңге төңірегіндегі түйткіл қандай?

Төл теңге төңірегіндегі түйткіл қандай?
Ашық дереккөз
Өткен жылдың дәл осы кезеңінде ел тұрғындары арасында доллар мен еуроны таза сату көрсеткіші алдыңғы жылмен салыстырғанда айтарлықтай төмендеген еді. Ал, биылғы жылдың 5 қаңтарында теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 525 теңге деңгейінде ашылып, 1 АҚШ доллары үшін 525-528 теңге аралығында саудаланды. Валюта нарығындағы нақ осы жағдайға қатысты түсініктеме берген Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова теңге бағамына қандай сыртқы факторлардың әсер етіп жатқанын айтты. Ол өз сөзінде теңгеге қарағанда рубльге айрықша, соның ішінде санкциялық сипаттағы факторлар әсер ететініне тоқталды.

– Кешегі сауда-саттық қорытындысы бойынша орташа сараланған бағам 1 АҚШ доллары үшін 526,30 теңге деңгейінде қалыптасып, 0,2 пайызға әлсіреді. Халықаралық қаржы нарықтары жабық болғандықтан, сауда-саттықтағы белсенділік төмен болып, оның көлемі небәрі 119,5 миллион АҚШ долларын құрады. Салыстыру үшін айтсақ, 2024 жылғы қаңтарда сауда-саттықтың орташа күндік көлемі 172 миллион доллар болған еді, ал 2024 жылғы желтоқсанда 254 миллион долларға жетті. Нарық қатысушыларының сұранысы негізінен демалыс күндері жинақталған доллар бойынша қысқа позициямен қалыптасты. Күшейіп тұрған АҚШ доллары дамушы елдердегі басқа валюталар секілді теңгеге де қысым көрсетіп келеді. АҚШ долларының индексі 108 тармаққа жетті – бұл екі жылдағы максимум. Осы жағдайдың өзі инвесторлар тарапынан америкалық валютаға қызығушылық артқанын көрсетеді, ал ол бүкіл әлемдегі ұлттық валюталардың позициясына теріс әсер етеді. Тағы бір фактор – Ресей рублінің динамикасы. Оған нарық қатысушылары Қазақстанның сауда айналымындағы Ресейдің маңызды рөліне байланысты назар аударуға дағдыланған. Алайда, ұзаққа созылатын мерекелік демалыс кезеңінде Ресей рублінің АҚШ долларына қатысты бағамы төмен өтімділікпен бұрмалануы мүмкін екенін ескеру қажет. Мұндай кезеңдерде құбылмалылық артуы мүмкін. Мәселен, 2025 жылғы 3 қаңтардағы жағдай бойынша бағам 1 АҚШ доллары үшін 110,6 рубльге дейін әлсіреді. Менің ойымша, қазіргі жағдайдағы Ресей рублінің динамикасы бағдар болмауға тиіс және ол нарықтың шамадан тыс реакциясына ықпал етуі мүмкін. Ал, бұл жергілікті нарықта бағамның қалыптасуын бұрмалап, артық құбылмалылыққа әкеледі. Қазіргі уақытта біздің елдеріміздің нарықтары әртүрлі жағдайда жұмыс істейтіні анық. Сондықтан, осы жағдайларда Ресей рублінің АҚШ долларына қатысты күрт ауытқуы теңге/доллар айырбастау бағамында көрінбеуі керек, өйткені ол іргелі экономикалық шындыққа сәйкес келмейді, – дейді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.

Шын мәнінде, ұлттық валютаның айырбас бағамы көптеген факторлардың әсерінен қалыптасатыны анық. Олардың қатарында мұнай мен өзге де шикізат тауарларының бағасы, жаһандық нарықтардағы ахуал, АҚШ-тың Федералды резервтік жүйесі сияқты әлемнің жетекші орталық банктерінің саясаты, ел экономикасының жалпы тиімділігі бар.

Қазақстан (планетаның басқа елдерінің көпшілігі сияқты) әлемдік ауқымда шағын экономика болғандықтан, сыртқы факторлардың бізге қатты әсер ететінін түсінген жөн. Оның үстіне, біздің валюта өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында көптеген объективті қиындыққа тап болды, ол өте құнсызданған кезең еді. ХХ ғасырда валюта нарығындағы дүрбелең аздап басылды. Дегенмен, сыртқы факторлар әлі де шешуші рөл атқарды. Кейінгі жылдарды сараласақ, теңге тұрақты болды. Әйтсе де, пандемия мен геосаяси жағдай айтарлықтай сыртқы тәуекелдерді тудырды.

Төл валютаның күн сайынғы әрекетін кірпік қақпай бақылап, қазақстандықтарды қаржы сауаттылығы мен ақша нарығындағы ахуалмен хабардар етіп жүрген білікті сарапшылардың сөзіне сүйенсек, егемендік алғаннан кейін елімізде ұлттық валютаға қатысты мәжбүрлі қажеттілік туындаған. Өйткені, рубль аймағында қалған ел өзінің барлық құндылығын жоғалтар еді. Себебі, сол тұста Мәскеу күні-түні ақша басып, оны ұшақтармен, тікұшақтармен өңір-өңірге жеткізіп, сатып алуға болатын нәрсенің бәрін сатып алып жатты. Сол кезде мемлекетте жалақы төлеу үшін, әртүрлі шұғыл төлемдерді төлеу бойынша рубль массасының тапшылығы анық сезілді. Рубль массасының тапшылығына байланысты ірі кәсіпорындарда ереуілдер бола бастады. Мұның бәрі ұлттық валютаның қабылдануына алып келді. Төл валютаға қатысты шешім қабылдауға екі жыл уақыт кетті. Нәтижесінде 1993 жылдың 15 қарашасында төл валютамыз – теңге айналымға енді.

– Қазір теңге нарықтық таргетте. Биржадағы күнделікті алып сатуына байланысты бағам белгіленеді. Теңгенің сауда-саттығы алдымен Форексте өтеді. Одан кейін Қазақстан қор биржасының (KASE) се ссиясы арқылы оның күнделікті курсы белгіленіп отырады. Теңгенің негізгі фундаменталды бағамы мұнай бағасына байланысты, себебі мұнай бағасы жоғары болса, біздің экспорттық түсімдер де жоғарылайды. Сөйтіп, төлем балансы профициттік аймаққа шығады. Яғни, бізге келетін ақша бізден кететін ақшаға қарағанда көбірек болады. Егер мұнай бағасы түсе бастаса, ол біздің төлем балансына кері әсер етеді. Сырттан алатын импортымыз экспорттан асып кетеді де, теңгеге қысым күшейе бастайды. Мұнайдан бөлек, сыртқы саудада астық, металл позициялары да кішкене әсер етеді. Үлкен тауарлық биржадағы котировка, фьючерстердің барлығы теңгеге әсерін міндетті түрде тигізеді. Екіншіден, сырттан келетін инвесторлар бар, олар біздің теңгені сатып алып, РЕПО операцияларын жасайды, банк облигацияларына салып, пайда табуға тырысады. Олар кете бастаса, теңгеге деген сұраныс азаяды да, құнсыздану үдерісі қайта басталады. Сондықтан сырттан ойыншылар келіп, теңгеге ақша салып, теңгелік облигацияға отырғаны біз үшін пайдалы, – дейді қаржы сарапшысы Айбар Олжай.

Ал, ұлттық валюта төңірегінде бірнеше жыл бойы зерттеу жүргізген тағы бір қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев теңгені соншалықты әлсіз валюта деп айта алмайтынын жеткізді.

«Алғашқы жылдары 4,5 теңге болған теңге курсы экономикалық негіздерге жауап бере алған жоқ, сол себепті де көп өтпей құнсызданды. Біз – макроэкономикалық әлсіз валютамыз. Біз кері қарай 100, 200 пайызға нығая алмаймыз. Біз импортқа тәуелді экономикамыз, сондықтан теңге әлсірей берді. Тіпті, долларға қатысты доллардың өзі әлсіреді. Соңғы 100 жылда доллар өзінің сатып алу қабілетінің 98 пайызын жоғалтты. Ол да әлсіреді. Бұл – экономиканың жалпы заңдылығы. 2-3 пайыздағы кішігірім инфляция экономиканы дамытуға ынталандырады. Біздің валютаға ақша массасының өсімі қысым көрс етеді. Біз әрдайым жеңілдетілген бағдарламаларға арнап жаңадан ақша басып шығарамыз. Сондықтан, ұзақмерзімді перспективада, макроэкономикалық тұрғыда әлсіз валютамыз. Ұзақ мерзімде – әлсізбіз, қысқа мерзімде – біршама мықтымыз. Тіпті, 400-ден де төмендеген кездеріміз болды. Демек, теңгені соншалықты әлсіз валюта деп айта алмаймыз. Мен ұлттық валюта төңірегінде бірнеше жыл бойы зерттеу жасап келе жатырмын. Сонда түйгенім – одақтан шыққан елдердің ішінде ең мықты валюта экономика көлемінің шағындығына байланысты Қырғызстанда және экспорт көлемінің аса үлкен ауқымына байланысты Ресейде», – дейді ол.

Қорыт а айтқанда, кез келген валютаға қатысты курстың нығаюы мен курстың әлсіреуі – жекелеген нарықтық сәттер. Мұндайда нақты жағдайды анықтау үшін орташа шұғыл курсты білетін мейлінше ұзақ кезеңді таңдап алған жөн. Теңге пайда болған алғашқы жылдарда долларға қатысты бағамы 4,52 болса, отыз жыл өткенде бұл бағам жүз есе қымбаттап отыр. Сондықтан, арагідік теңгенің сәл- пәл нығайғанын жақсы не жаман деп талқыға салудың да мәні жоқ. Өйткені, теңге жүз есе құнсызданып кетті. Әрине, бұл – өте қиын ахуал. Ұлттық валютаның құнын әлсірететін девальвация, инфляция жүріп жатқан кезде халықтың әл-ауқаты да күрт нашарлап кететіні айтпаса да түсінікті. Осы себепті, тауар құнына қатысты да адекватты баға қалыптаспайды. Бұл жерде жағымсыз аспектілердің мысы басып тұрғанын ұмытпаған абзал. Десе де, төл теңгеміздің құнсыздануын сырттан келер ықпалға, құны күн сайын мың құбылатын доллар мен мұнайға жаба беруге де болмас. Керісінше, тығырықтан шығатын жолды қарастырып, нақты әрекетке көшудің пайдасы зор. Бастысы, теңгенің болашағы мен тағдырына тек қана қазақстандықтар жауапты екенін естен шығармаған дұрыс.

 

Есен ӨТЕУЛІ

 

Ұқсас жаңалықтар