Орта Азиядағы ең ірі «Бурное» күн электр стансасы энергетикалық тиімділігі үшін ЕҚҚДБ тарапынан марапатталды

Орта Азиядағы ең ірі «Бурное» күн электр стансасы энергетикалық тиімділігі үшін ЕҚҚДБ тарапынан марапатталды
ашық дереккөз
Орта Азиядағы ең ірі «Бурное» күн электр стансасы энергетикалық тиімділігі үшін ЕҚҚДБ тарапынан марапатталды

2016 жылдың 12 мамырында, Лондон қаласында Еуропа қайта құру және даму банкінің (ЕҚҚДБ) дәстүрлі XV жиналысы аясында тұрақты даму және энергетикалық тиімділіктің жаңа стандарттарын енгізу саласында марапаттарды табыс ету рәсімі өтті.

«Жамбыл облысында қуаттылығы 50 МВт «Бурное» күн электр стансасының құрылысы» жобасы сыйлықтың иегері атанды. Жеңімпазды халықаралық тәуелсіз комиссия 2015 жылы ЕҚҚДБ тарапынан қаржыландырылған барлық жобалардың қоржынын қарастырып, анықтады, деп хабарлады «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ баспасөз қызметі.

«Бурное» күн электр стансасы 2015 жылдың 2 шілдесінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен Индустрияландыру күні шеңберінде ресми түрде пайдалануға тапсырылды. Станса Жамбыл облысының Жуалы ауданында Нұрлыкент ауылдық округінің 150 га құрайтын аймағында орналасқан. Жобалық электр қуатын өндіру көлемі жылына 73,18 млн. кВт/сағатқа тең. Станса іске қосылған сәттен бастап, электр қуатының өндірісі 60 млн. кВт/сағатты құрады. 2016 жылдың аяғына дейін күн электр стансасының қуаттылығын 100 МВт дейін ұлғайту жоспарлануда.

«Бурное» күн электр стансасының құрылысы жобасын «Самұрық-Қазына Инвест» ЖШС,  United Green стратегиялық британиялық инвесторы және «Тараз» ӘКК» ҰК» АҚ бірлесіп жүзеге асырды. Жобаға салынған инвестициялардың жалпы көлемі $122 млн. құрайды. United Green, «Самұрық-Қазына Инвест» ЖШС және «Тараз» ӘКК» ҰК» АҚ өзіндік үлесі - $30,5 млн., қарыздық қаржыландыру $91,5 млн. тең. Атап өтетіні, қарыз ЕҚҚДБ мен Таза технологиялар Қорымен жасасқан жобалық қаржыландыру жөніндегі алғашқы мәміле аясында алынған.

«Бурное» электр стансасы Қазақстанда электр қуатының тапшылығын азайтуға және 2013 жылдың 30 мамырында Мемлекет басшысының тиісті қаулысымен бекітілген Қазақстанның «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдамасына сәйкес жаңғыртылатын қуат көздерін дамытуға септігін тигізбек. «Expo-2017» көрмесінің ашылуына орай, «Бурное» электр стансасы Қазақстан Республикасында жаңғыртылатын қуат көздері саласында жобаны жүзеге асырудың үздік үлгісі болады деп күтілуде.

Ұқсас жаңалықтар