«Әкемді әлі күнге дейін іздеп жүрмін»

«Әкемді әлі күнге дейін іздеп жүрмін»
ашық дереккөз
«Әкемді әлі күнге дейін іздеп жүрмін»

–дейді соғыстан оралмаған майдангердің 78 жасқа келген қызы

Жеңістің 71 жылдығы қарсаңында 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына қатысқандар туралы мәліметтер жинастырдық. Байзақтық майдангерлер туралы деректерді топтастыруды мақсат тұтқандықтан, әкесі немесе атасы соғысқа қатысқан деген үйлерді аралап шықтық. Сонда бұрын Ақжар ауылындағы кітапханада ұзақ жылдар жұмыс істеген, бүгінде Сарыкемер ауылында баласы Исағали Сәлімбаевтың қолында тұратын Уәйда Темірбековамен тілдесудің сәті түсті. – Айналайын Айтмахан, менің саған бір өтінішім бар. Әкем Темірбек Дәулетбақов 1902 жылы Қызылқұм ауылында дүниеге келген. 1942 жылы майданға аттаныпты. Содан хабар-ошарсыз кетті. Әкеге деген сағыныш өзім әже атанған кезде де жүрегімнен өшкен емес. Әкемді іздеп, хат жазып едім. Соны облыстық «Ақ жол» газетіне жариялауға көмектессең. Кім білсін, бір септігі тиіп қалар, – деп бұл күнде 78-ге келген Уәйда апай сарғайған хатты қолыма ұстатты. Әкеге деген іңкәр сағыныш, бір хабарын білем деген үкілі үміті хатта сыр болып өрілген. Сондықтан, хат мәтінін сол күйінде бергенді жөн көрдім. «Әкем Темірбек 1938 -1942 жылдары ауылда колхозға бастық болған екен. Ол жылдары колхоз мақта өсіріпті. 1941 жылы соғыс басталғанда еркек кіндікті соғысқа алып, басшыларды қалдырған ғой. Соғыс өршіп бара жатқан соң 1942 жылы обкомның хатшыларынан бастап, ауылдағы басшыларды да соғысқа жаппай алыпты. Сол жылы менің әкем де майданға аттаныпты. Содан хабарсыз кеткен. Одақтың уақытында КСРО Қорғаныс министрлігіне Мәскеудегі «Бүкіләлемдік қарулы күштер одағы» дей ме, соған хат жаздық. «Хабар жоқ, таппадық» деген жауап алдық. Кейін өзіміз егемендік алғаннан соң да талай жерге сұрау салдық. Интернеттен де іздеп таппай келеміз. Әскери комиссариаттан «Әкеңді шақырған повестка немесе жазған хаты, болмаса келген қара қағазы керек, онсыз таба алмаймыз» деген жауап келді. Шешемнің сауаты жоқ, қағаздарды сақтамапты. Тараз қаласындағы қорғаныс істері жөніндегі басқармасынан «Давлетбеков Темирбек 1902 жылғы «Көкөзек» ауылдық кеңесінен 1942 жылғы 9 шілде де шақырылған деген мәлімет шықты. (Ол кезде біздің ауыл Көкөзек ауылдық кеңесіне қарайтын еді) Дерекке сүйенсек, Көкшетауға жөнелтілген дейді. Ал Көкшетаудан «бізде ондай кісі болған жоқ» деген хабар алдық. Бірақ, фамилиясы дұрыс емес. Менің әкемнің фамилиясы Дәулетбақов еді. Бір жолы интернеттегі іздеушілер тобынан «Соғыс жүріп жатқанда 500 мыңнан астам адам өртеніп, суға кетіп хабарсыз кеткен. Құжаттары жоқ, солардың ішінде болмаса, таба алмадық» деген жауап алдық. Жасым болса 78-ге келді. Артында қалған жалғыз қызы едім. Тым болмаса бір дерек алсам деген арманым бар. «Әкемді қайдан табамын?» деген тақырыппен осы жазбам «Ақ жол» газетіне жарияланса, мүмкін ол кісіні білетіндер табылып қалар». Әкесін іздеген жанның бір үміті газетте. Кім біледі, осы хат жарияланса, Ұлы Отан соғысына алынып, хабарсыз кеткен Темірбек Дәулетбақовты білетін кісілер табылар, бір дерегі шығар.

Айтмахан Тышқанбаев,

Байзақ ауданы.

Ұқсас жаңалықтар