«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Сталинградты қорғаған қазақ

Сталинградты қорғаған  қазақ
ашық дереккөз
Сталинградты қорғаған қазақ

Қарасу ауылы 1929 жылы артель, 1930 жылы колхоз болып құрылыпты. Осы ауылда 1917 жылы өмірге келген Жапсарбай Әйтеков ол кезде Шапаваловка (қазіргі Түймекент) ауылындағы мектепте алғашқылардың бірі болып білім алады. Шаруашылықта алғашқылардың бірі болып ХТЗ тракторының рөліне отырады. Сөйтіп, колхоздың егіс даласына түрен түседі. Колхоздың сол кезгі төрағасы Аманқұл Жиенбаев талабы таудай жасты қолдап, брига-дир етіп бекітіпті. Колхоздың белсенді мүшелері Нүрмет Бәзілбаев, Талқанбай Түменбаев, Әбижан Өсербаев, Әбіш Байғараев сынды еңбеккеш ағаларынан жұмыстың қыр-сырын үйренеді. 

1941 жылы соғыс бұрқ ете қалғанда осы аядай «Қарасу» ұжымшарының өзінен 116 адам майданға аттанады. 1942 жылы жазда Жапсарбай да әскер қатарына алынады. Бұл неміс әскерлерінің бұрынғы Одақтың батыс бөлігін басып алып, қиян-кескі ұрыстар жүріп тұрған уақыт еді. І Украин майданы, ІІ Украин майданы, Калинин, Дон майданы әскерлерінің құрамында соғысқа кірген қатардағы жауынгер Жапсарбай Әйтеков талай мәрте қиян-кескі ұрыстарды бастан кешеді. Сталинградты қорғауда ерлік көрсетеді. №222 артиллерия полкінің атқышы ол Украинаның Ровное, Львов, Донецк қалаларын, одан әрі Чехославакияның Прага қаласын жау басқыншыларынан азат ету ұрыстарына қатысады. Берлинді азат етісіп, Жеңіс күнін осында қарсы алады. Майдандағы ерлігі үшін жауынгерлік Қызыл Жұлдыз орденін, «Ерлігі үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін», «Праганы азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталады. Соғысқа қатысқан көптеген майдангерлердің соғыс біткен соң да қираған қалаларды қалпына келтіру жұмыстарына қатысып, елге кейінірек қайтқанын білеміз. Жеңімпаз жауынгер Ж.Әйтеков те 1946 жылдың көктемінде туған жерге оралады. Жаңадан ашылған аудандық колхозаралық құрылыс кеңсесіне жұмысқа тұрады. Осы мекемеде Жәкең ұзақ жыл еңбек етті. Ауданда колхоз, совхоздардың соғыстан кейінгі бейбіт өмірде есін жиып, құрылыс қарқын алып жатқан кез. Қай ауылда мектеп, клуб, гараж, астық қоймалары, мал қоралары соғылмасын, соның бәрінде ол кісінің өзіндік қолтаңбасы бар еді. Өйткені, құрылысқа қажетті ағаш материалдары оның қолынан өтті. Ауданда ең алғаш боп оған «Қазақ КСР-іне еңбегі сіңген құрылысшы» атағы берілді. Құрметті демалысқа шыққанда 8 орындық жеңіл автокөлігі сыйға тартылды. Ж.Әйтеков өзі істеген мекемеде жұмысшылар комитетінің төрағасы болып істеп, еңбеккерлердің мұң-мұқтажын шешуде белсенді еңбек етеді. Ардагер аға жастайынан қосылған Қыдыркүл Серікбайқызымен елу екі жыл өмір кешіп, 7 перзентті өмір көшіне қосты. Үлкен қыздары Зухра – жоғары білімді дәрігер, 13 жыл аудандық аурухананың бас дәрігері болып, халыққа қызмет етті. Қазір құрметті зейнетте. Өзге ұл-қыздары да өмірден орнын тауып, өсіп-өнді. Бүгінгі бейбіт өмір тектен-тек келген жоқ. Отанға қауіп төнгенде миллиондаған адам бейбітшілік жолында мерт болды. Соғыстан аман келгендер бейбіт өмірде тер төгіп, ел игілігі жолында аянбады. Қос майданда аянбаған сол ердің бірі Жапсарбай Әйтековке Сарыкемер ауылынан бір көшенің аты берілсе, құба-құп болар еді.

Есіркеп Серікбайұлы, еңбек ардагері.

Байзақ ауданы.

Ұқсас жаңалықтар