Жауынгерлердің даңқты жолымен жүріп өттік

Жауынгерлердің даңқты жолымен жүріп өттік
ашық дереккөз
Жауынгерлердің даңқты жолымен жүріп өттік

«Парыз» қоғамдық бірлестігі қасіретті кезең Ұлы Отан соғысындағы қаза тапқан жауынгерлердің қаһармандық ерлігін, тылдағы халықтың жанқиярлық еңбегін, облысымыздың майданға берген материалдық, каржылай көмегін деректеумен айналысып, отаншылдық тәрбиеге өз үлесін қосуда. Aтaп айтқанда, майданда Брест, Москва, Сталинград, Курск, Орел, Ленинград, Новгород, Калинин, Псков, Смоленск, Витебск шайқастарында қаза тапқан жамбылдық 7 мың жауынгердің жерленген жерін анықтап, деректерін Ресей, Белоруссия елдерінің облыстық әскери комиссариаттарына жіберді. Нәтижесінде 2014-2015 жылдары 557 боздақтың есімдері ескерткіштерге жазылғаны туралы мәліметтерді алдық. 557-нің 40-ы – байзақтық; 72-сі – меркілік; 20-сы – жуалылық; 37-сі – таластық; 47-сі – Т.Рысқұлов; 36-сы – Шу; 54-і – Қордай; 34-і – Сарысу; 4-еуі – Мойынқұм; 79-ы – Жамбыл аудандарының және 72-сі тараздық жауынгерлер. Ескерткіштерге есімдері жазылған ерлердің аты-жөнін аудандарда өткен кездесулерде хабарлап, тізімдерін ішкі саясат, қорғаныс істері жөніндегі бөлімдерге беріп, басылымдарда жарияладық. Дегенмен, әлі де 500-ге жуық боздақтың ұрпақтары табылмай, деректері табысталған жоқ. Өткен жылдың 12-22 сәуір аралығында «Майдангерлер даңқты жолымен» атты сапарға шығып, Волоколамск-Зубцовск-Ржев-Великие Луки-Невель-Смоленск-Поныровск-Курск аймақтарында жерленген жауынгерлеріміздің қабірлеріне барып, тағзым еттік. Ресейлік зерттеушілермен мәліметтер алмасып, «Тағзым» атты деректі фильмдер топтамасын түсірдік. Осы сапарымызда Тверь облысы, Зубцовск ауданы Веригино деревнясында қайта жерленген 35 қазақстандықтың 18-і сарысулық екенін анықтап қайттық. Бауырластар зиратына ескерткіш белгі қойылмапты. Зубцовск ауданы әкімдігінің өкілі О.В.Шабанов ескерткіш белгі орнату мәселесін Сарысу ауданы басшылығымен 18 жауынгердің ұрпақтары арасында қарым-қатынас орнату арқылы шешуге болатынын айтты. Ал Невель қаласындағы тоғыз ай соғыста 289 жауды жойған мергеніміз, жерлесіміз ЬІ.Сүлейменовтің қабірі белгісіз себептермен бауырластар зиратына қосылып кетіпті. Кеңес Одағының Батыры Амантай Дәулетбековтің денесі Поныровск ауданы, Поныри селосында 1943 жылы «Батыр саперлар» зияратына қойылған екен. Зиратына туған жер топырағын апарып, құран бағыштадық. Аудан орталығындағы «Даңқ алаңындағы» Дәулетбековтің және Кеңес Одағының Батырлары шығысқазақстандық Хамза Мұхаммедиев, ақтөбелік Михаил Чепрасовтың, ақмолалық Георги Игишевтің мәрмәр тақтасына гүл қойдық. Дәулетбеков туралы 43-45 жылдары табылған 2 құнды деректі мұражайға өткіздік. Ресей елімен қазақ жауынгерлері туралы деректер анықтау үшін ынтымақтастықты нығайтуымыз керек. Бұл жолы Курск облысы администрациясының халықаралық байланыс комитетінің басшылығымен, Жамбыл облысымен, Поныровск ауданы Талас ауданымен, Псков облысы Невель қаласының мэрі Жамбыл ауданымен, Тверь облысы Зубцовск ауданы Сарысу ауданымен тарихи, мәдени, экономикалық байланыс-келіссөз жүргізуіне мұрындық болдық. Биыл Брест қорғанысының 75 жылдығына орай ТМД елдерінің қамал қорғаушылары, олардың ұрпақтары, зерттеушілер қатысатын «Естелік вахтасын» ұйымдастырмақшы. Бұл іс-шара 20-23 маусымда Брест қаласында өтпекші. Бұған жамбылдықтардың да қатысуына болады. Себебі, 125 жерлес Брестте соғысқан. 125 жауынгердің 63-і қамал маңында қаза тапса, 32-сі майданда, тұтқында қаза тапқан. Елге оралған 30 жауынгердің 10-ы майданнан, 20-сы неміс тұтқынынан келген. 125 жауынгеріміздің соғыс жолын, өмір дерегін, мекенін, ұрпақтарын 30 жыл бойы іздеп, тапқан мәліметтерді Брест қамалы мұражайының ғылыми кеңесіне жібердік. Соның ішінде 4 қордайлық: Әбдіразақ Мәмиев, Михаил Андреев, Витали Грицоненко және Луговойдан әскерге шақырылған Қарағанды облысы, Егіндібұлақ ауданы, Комсомол ауылында туып-өскен Жанахмет Елубаев туралы деректер бар. Брест қамалы қорғанысының 75 жылдығына Алматы, Атырау облыстары секілді Жамбыл облысының да делегациясы «Естелік вахтасына» қатысса, Қазақстан-Белоруссияның мемлекетаралық ынтымақтастығы арқасында, 84 жамбылдық жауынгер «Қамал қорғаушысы» болып танылса – майдангерлер рухы алдында перзенттік парызымызды өтегеніміз болар еді. Сол үшін Жуалы, Сарысу, Талас, Байзақ, Т.Рысқұлов, Меркі, Жамбыл аудандарындағы қамал қорғаушыларының ұрпақтары «Парыз» қоғамдық бірлестігімен байланысып, жұмыс жүргізеді деген ниеттеміз.

Бекқұлы Әліұлы, «Парыз» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі.

Т.Рысқұлов ауданы.

Ұқсас жаңалықтар