«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әке қабіріне зиярат

Әке қабіріне зиярат
ашық дереккөз
Әке қабіріне зиярат

арманы 68 жылдан соң орындалған ұл

Мәскеуден 170 шақырым жердегі Тверь облысына қарасты Ржев-Вязьма иінінде 1941 жылдың аяқ кезінен 1943 жылғы наурызға дейін үздіксіз қантөгісті шайқастар өткен. Осы майдан алаңында бір миллионнан астам кеңес әскері құрбан болған. Бұл аймақта қазақстандықтардан құралған 100 және 101-дербес атқыштар бригадалары басқыншы жаумен арпалысқан. Бір мысал, 1942 жылғы 3 желтоқсанда шешуші шайқастар басталған кезде 100-бригада құрамындағы 4751 адамнан 1994 адам ғана қалған. Сондықтан, топырағына әкелеріміз бен аталарымыздың қаны сіңген, арманда кеткен мыңдаған ұлт боздақтарының сүйегі жатқан Ржев жері қазаққа жат болуы мүмкін бе? Кеңестік заманда Ржев иініндегі қанды шайқастардың шындығы құпияланып, ұзақ уақыт бойы зерттелмей де, айтылмай да келді. Ашылғаны сол, әкесінің тірі не өлі екеніне көз жеткізе алмай жүрген Жақсылық Сәлемұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында әкесі Сәлем туралы деректерді естіп, өшкені жанып, өлгені тірілгендей болған. Деректен білгені, қатардағы жауынгер Сәлем Смайылов №100 дербес атқыштар бригадасы құрамында жауға қарсы тұрып, ерлік көрсеткен. «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Жауынгерді неміс фашистерінің оғы қанқұйлы шайқастардың бірінде мерт етіпті. Ата-ананы ұлынан, сүйіктісін жарынан, баланы әкеден айырған сұм соғыс талай тағдырды тәлкекке салды. Алтынның сынығы, тұлпардың тұяғындай болып сол соғыс қаһармандарынан қалған жәдігер – соғыс кезінде туылған ұрпақ өкілдерінің арамызда жүргені жазылған хаттай әсер ететіні анық. Жамбыл ауданының Құрметті азаматы Жақсылық Сәлемұлын сөзге тартқанбыз. – Шынымды айтайын, әкемді өмір бойы іздедім. Бір дерегін табармын деп үміттендім. Ақыры, 68 жылдан кейін әкемді таптым. Тапқанда да, әкем жерленген жерді білдім. Кезінде ажал апанына айналған Ржевте жерленіпті. Бардым. Барғанда да, Елбасының бастамасымен Жеңістің 65 жылдық мерекесі қарсаңында аға ұрпақ ерлігін насихаттау үшін қазақ елінен «Нұр Отан» мен Ресейден «Единая Россия» партиялары бірлесіп ұйымдастырған «Жеңіс пойызы» құрамында Ржев қаласына жолым түсті. Сонда Президентіміздің тапсырмасына орай Ржев қаласында 100 және 101-дербес атқыштар бригадалары жауынгерлеріне арналған «Мемориал» орнатылыпты. Мемориал ұзындығы 30 метрге жуық гранит қабырға үлгісінде жасалған. Қазақ елінің картасы бейнеленіп, ондағы гранит тақтада екі бригада құрамында соғысқан 10 мыңға жуық қазақстандықтар-дың аты жазылған. Әрине, арасынан әкемнің аты-жөнін іздей бастадым. Ұзақ іздедім. Ақыры таптым-ау. Көзіме оттай басылды. Сол сәт көзімнен аққан жас еш толастамады. Мәңгілік сағыныштың табы шығар. Ауылдан ала шыққан туған жердің бір уыс топырағын әкем аты жазылған тұстағы мемориалдың қасына қойдым. Ол жақтың да бір уыс топырағын ауылдағы ағайындар зираты басына әкеліп салдым, – деді ол көзіне жас алып. Бүгінде 74 жасқа келген Жақсылықтың әкеге деген сағынышын біз де жүрегімізден өткізгендей болдық. Жақсылықтай ұл, Сәниядай келін, Серік және Беріктей немере тұрғанда Отан үшін жанын пида еткен Сәлем Смайылов есте қалатыны даусыз. Боздақтың есімін ауылдағы ағайындары да, аудан жұртшылығы да еш ұмытпақ емес. Бүгінде Сәлем туып-өскен Құмтүйін ауылында және Тараз қаласындағы бір-бір көшеге ол кісінің аты берілген. «Ер есімі ел есінде» дегеніміз осы шығар.

Дүйсенбек Орманов, журналист.

Жамбыл ауданы.

Ұқсас жаңалықтар