Аманат немесе жас жауынгер үшін қаза болған батыр кім?

Аманат  немесе жас жауынгер үшін қаза  болған батыр кім?
ашық дереккөз
Аманат немесе жас жауынгер үшін қаза болған батыр кім?

І дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденінің екі мәрте иегері Тұрар Қуанышбеков бұл күнде арамызда жоқ. Бірақ, бейбіт күнде бақытты ұрпақтары ғұмыр кешуде. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген осы.

Тұрекең 1941 жылдың желтоқсанында өз еркімен майданға аттанды. Бір атадан жалғыз (ұлдан) еді. Майдан даласында шейіт болса, бір әулеттің жалғасып келе жатқан шежіресі үзілетін еді. Атадан батыл болып туған перзент Отанның мүддесін артық санады. Ер етігімен су кешкен, ат ауыздығымен су ішкен жылдарда Кеңес армиясы қатарында Ресей, Украина, Молдова және Еуропаның Польша, Югославия, Болгария, Румыния, Австрия елдерінде майдан шебінде болған. Майданда жүріп коммунистік партия қатарына өткені бар.

Майдангер тұңғыш қызы Шарапатқа айтқан өсиетінде «Соғыста артиллерия командирі болдым. Бірде немістердің тылына өтіп, барлап келуге бұйрық түсті. Қарамағымдағы бес солдатпен сонда баруға дайындалып жатқанда Свердлов (қазіргі Байзақ) ауданы, Жақаш ауылынан майданға аттанған жерлесім келіп «Сені штабқа шақырып жатыр» деді. Штабқа барсам егде тартқан орыс генералы «сен мына бір құжатты толтыр» деп отырғызып қойды. Мен барлауға баруым керегін айтсам, сенің орныңа басқа адам кетті, сен мына құжатты толтыр деп жібермеді. Содан келесі күні сәскеге дейін қағаз толтырып, түс ауа полкіме келдім. Келсем кешегі бес солдат және свердловтық жерлесім минаға түсіп, қаза болыпты. Бұл жағдайға қатты өкіндім. Әлгі жерлесім маған беріңдер деп әйелі мен баласының суретін және үйінің мекен-жайын тастап кетіпті. Кейін естідім, жерлесім барлауға менің орныма баруға генералдан сұранып, «Тұрардың орнына мен барайын, себебі менің бір балам бар, айналаға мина қойылған. Тұрар әлі жас, ауылға аман-есен барып, өсіп-өнуі керек. Ол өлсе, бір ата ұрпақсыз қалады, қазақ ұлтында ұрпақсыз қалуға болмайды» деген екен. Қандай ауыр жағдай. Өзі өлімге бас тігіп, мені сақтап қалып отыр емес пе? Шарапат қызым, сендер сол жерлесімнің орындалған арманысыңдар! Соғыстан қайтып келген соң, бірден Жақаш ауылына соғып, майдандас жерлесімнің (менің өмірімді қорғап опат болған) үйіне кіріп, көңіл айтып, асыл азаматтың аманат заттарын беріп, отбасымен таныстым. Араласып тұрдық. Мүмкін ол азаматтың алдындағы парызым онымен өтелмеген шығар» деп толғанған екен майдангер. Бізді осынау естелік қатты толқытты. Тұрекеңнің өмірін ажалдан сақтап қалған батырдың есімін білгіміз келген. Өкініштісі, майдангердің ұл-қыздары байзақтық боздақтың аты-жөнін білуді балалықпен құнттамаған екен. Сондықтан біз есімі белгісіз батырды Жақаш ауылында танып-білетіндер болса, редакцияға хабарласса дейміз. Екі майдангердің ұрпақтары араласса олқылықтың орны толғандай болар еді. Сұрапыл күндер, от пен оқтың ортасы қайдан жеңіл болсын! Майданда жүріп елдегі жарымжан ақын ағасы Несіпбайға өлеңмен жазған хатын, Несіпбай Досалиевтің ол кісіге өлеңмен жазған жауабын толқымай оқу мүмкін емес. Тұрар Қуанышбекұлы бейбіт күндегі еңбек майданында да қатарластарының алды болды. Әскерден 1946 жылы оралып, бір жылдан соң, Сәндібала апаймен отау құрған. Әлгі мерт болған жерлесінің арманындай болып, ұл-қыздары жайқалып өсті. Тұрекең ұзақ жыл Тамды, Кеңес, Ильич партия комитетінің хатшысы, Ақкөл кеңшарында кәсіподақ комитетінің төрағасы болып қызмет атқарды. Қолынан келгенше тұрғындарға қайырымын көрсетіп, кім-кімге де көмектесуге дайын жүретінін көзін көргендер айтады. Тауқыметке толы жылдарды бастан өткергендіктен, жүрегі өте жұмсақ екен. Майдангер ұлын – ұяға, қызын – қияға қондырып, ұзақ жыл атқарған қызметінен зейнетке шығып, 1990 жылдың дәл 9 мамыры – Ұлы Жеңіс күнінде 68 жасында өмірден озды. «Орнында бар оңалар» дегендей, бұл күнде ормандай жайқалып өскен ұрпақтары бар. Шарапаты мен Ләззаты ұстаздық қызметте болса, Қасқарауы ұзақ жыл кеңшарларда партия комитетінің хатшысы, кәсіподақ кеңесінің басшысы болды. Әбиірбегі мен Әбілегі облыстық деңгейде түрлі қызметтерді абыройлы атқарып жүр. Аудан, Қайрат, Талғаттардың да жұмысы жемісті. Былтыр әкелерінің рухына арнап, өздері демеуші болып, журналист Есет Досалының құрастыруымен «Ұлағатты ғұмыр» атты кітап жарық көрді. Ұл-қыздары, немере, шөберелері майдангер аталарының ерлік жолын мақтан етеді. Тұрекеңнің майдандағы ерлігін, бейбіт өмірдегі іскерлігін таластықтар тегіс құрметпен, аңыз етіп айтады.

Е. Жаңабайұлы, журналист.

Талас ауданы.

Ұқсас жаңалықтар