Егемен еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мемлекетімізді өркендету жолындағы сындарлы саясаты бүгінде көптеген мемлекеттер үшін үлгі болуда. Тәуелсіздік алғалы бері көптеген ірі реформалар мен стратегиялық бағдарламалар, оның ішінде әлеуметтік-экономикалық, саяси-мәдени, рухани, мемлекеттік аппарат құру салаларындағы маңызды шаруалар іске асырылды. Соның бір айқын дәлелі – халықтан қолдау тауып, жүзеге асырылып жатқан «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары.
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың осы бес институционалдық реформасын жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының алғашқы 15 қадамы – «Кәсіби мемлекеттік аппарат құруға» арналған. Әлбетте, әлемнің бәсекеге қабілетті отыз елінің қатарынан көріну үшін ең алдымен мықты мемлекеттік аппарат қалыптастыру мәселесі мейлінше өзекті. Сондықтан да, «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын іске асыруда ең бірінші кезекте мемлекеттік қызметті дамытуға көңіл бөлінуі – бұл Қазақстан мемлекеттілігін нығайтып, қоғам мен мемлекетті түбегейлі өзгертуге, жаһандық және iшкi сын-қатерлерге қарсы атқарылатын ауқымды дүниелердің сапалы атқарылуы үшін салмақты саясатты ұстанатынын көрсетеді. Қаңтар айында Ұлт жоспарын іске асыру кезеңі басталғаны белгілі. Ағымдағы жылдың І тоқсанында облыстағы жергілікті атқарушы органдарымен «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа Заңы аясында Ұлт жоспарының бірінші бағытын (1-2, 10-қадамдар) жүзеге асыру бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды. Ұлт жоспары аясында бүгінде мемлекеттік қызметке қабылдау ресімдері мемлекеттік қызметтің мансаптық өсу моделі бойынша жүзеге асырылуда. Жыл басынан бері облыс бойынша 51 төменгі әкімшілік мемлекеттік лауазымға конкурстар жарияланып, нәтижесінде, 24 мемлекеттік қызметші төменгі лауазымға орналасты. Ары қарай лауазымдық өсу – іскерлік қасиеттерге негізделе отырып, меритократия принципі арқылы төменгі лауазымдағы мемлекеттік қызметшілер қатарынан ішкі конкурсқа қатысу арқылы 37 мемлекеттік қызметші бос тұрған жоғары лауазымдарға өсірілді. Осылайша, сол мемлекеттік органдардың ішіндегі мемлекеттік қызметшілерге лауазымын жоғарылатуға мүмкіндік беріп, ынталандыру жұмыстары жүргізілді. Ұлт жоспарының бірінші бағытының 3-қадамында көрсетілгендей, мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның рөлін арттыру есебінен мемлекеттік қызметке алғаш рет қабылданушыларды іріктеу ресімі орталықтандырылды, үш сатылы іріктеу жүйесі енгізілді. 4-қадамда нақтыланғандай, бүгінде мемлекеттік әкімшілік қызметке алғаш рет қабылданған, сондай-ақ оны тоқтатқаннан кейін мемлекеттік әкімшілік қызметке жаңадан кірген тұлғалардың кәсіби даярлығына практикалық көмек көрсететін тәлімгерлерді бекіту жұмыстары жүргізілуде. Тәлімгерлердің қызметін үйлестіретін, персоналдың кәсіби деңгейін және оның сабақтастығын нығайтатын тұрақты жұмыс істейтін ұжымдық қызмет органы – тәлімгерлер кеңестері құрылды. Қазіргі таңда, жаңадан мемлекеттік лауазымдарына орналасқан 52 мемлекеттік қызметшіге тәлімгерлер бекітілді және олар міндетті саналатын 3+3 формуласы бойынша сынақ мерзімінен өтуде. Жалпы, Ұлт жоспарында көрініс тапқан еңбекақыны қызмет нәтижесі бойынша төлеу жүйесі мемлекеттік қызметте қордаланып келген бірқатар түйінді тарқататынын айта кеткен жөн. Нақтырақ айтсақ, мұндай кешенді шаралардың нәтижесінде мемлекеттік қызметшілерді әлеуметтік қорғаудың нақты жүйесі де құрылады. Жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік қызметшілердің қызметін бағалау әдістемелерін бекітіп берді. Ал ол қызметкерлерге жұмыс тиімділігі мен сапасын анықтауға және бағалау нәтижелері бонус төлеуге негіз болмақ. Есепті кезеңде «Б» корпусы қызметкерлерінің 2346 жеке жоспары құрылды. І тоқсанның қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдардың «Б» корпусындағы 2063 мемлекеттік әкімшілік қызметшінің жұмысы бағаланды, 42 мемлекеттік қызметші «үздік», 363 – «тиімді», 1658 мемлекеттік қызметші «қанағаттанарлық» деген нәтижеге қол жеткізді. Мұндай бағалау әр мемлекеттік қызметшінің жұмыс істеу қабілетін ескеріп, алдағы уақытта мансаптық өсуіне ықпал ететін болады. Ал «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері (аудан әкімдері және облыс әкімі аппаратының басшысы) жұмыстарының жылдық бағалауы олардың облыс басшысы алдында жасаған келісімдерінің орындалуына қарай жүзеге асатын болады. Келісімдер аудан әкімдерінің жауапкершілігін арттырып, әр жоспарланған жұмыстың түпкілікті нәтижеге жетуін қамтамасыз етеді. Облыс әкімі аппараты басшысының қызметін бағалау – жергілікті атқарушы органдар қызметі тиімділігінің көрсеткіштеріне жетуіне, оның ішінде бюджет қаражаттарын бөлу мен пайдалану тиімділігіне ықпал ету дәрежесі мен сапасына, ал аудан әкімдері қызметін бағалау – тиісті елді аумақтық-кеңістікте дамыту болжамды схемасының, аумақтарды дамыту бағдарламаларының, мемлекеттік және салалық бағдарламалардың көрсеткіштеріне жетуге, жергілікті атқарушы органдардың жұмысын ұйымдастыру тиімділігіне, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне жету үшін бюджет қаражаттарын бөлу мен пайдалану тиімділігіне өз құзыреті шегінде ықпал ету дәрежесі мен сапасына негізделген. 8-қадамда көзделгендей, Ұлт жоспары аясында басқа жерге ротациялау барысында мемлекеттік әкімшілік қызметшілер Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес жекешелендіру құқығынсыз қызметтік үй-жаймен қамтамасыз етілетін болады. Мұның өзі қызметшілердің алаңсыз жұмыс істеуіне кепіл болатыны сөзсіз. Бұл орайда бүгінгі күні жергілікті атқарушы органдардың балансында 273 қызметтік пәтер қарастырылғанын, сонымен қатар, мемлекеттік әкімшілік қызметшілерді ротациялаудың 2016-2018 жылдарға арналған жоспары бекітілгенін айта кетуіміз керек. Мемлекеттік қызмет туралы қабылданған жаңа Заңға сәйкес мемлекеттік қызметшілер ендігі кезекте тұрақты түрде оқыту жүйесіне сәйкес үш жылда бір рет кәсіби біліктілігін арттыру үшін қайта даярлау курстарынан өтуге міндетті болады. Осы мақсатта биыл 42 миллион теңге қаржы қарастырылып, барлығы 869 мемлекеттік қызметшіні курсқа жіберу жоспарлануда. Бірінші тоқсанның өзінде 225 мемлекеттік қызметші, нақтырақ айтсақ, 165-і біліктілігін арттыру семинарларынан және 60-ы қайта даярлау курстарынан өтті. Мемлекеттік қызметшілер бекітілген кестеге сәйкес Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында, облыс әкімдігінің мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру орталығында және басқа да білім беру ұйымдарында оқытудан өтуде. Ұлт жоспарының тағы бір маңызды бағыты – есеп беретін мемлекетті қалыптастыру екені мәлім. Атқарылып жатқан жұмыстар мен қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық іс-шаралардың ашықтығы мен дұрыстығын қамтамасыз ету – есеп беретін мемлекет қалыптастырудың бірден-бір жолы десек, қателеспейміз. Облысымызда бұл бағытта көзделген қадамдар да жоспарға сай жүзеге асырылуда. Мәселен, 92-қадамда көзделгендей, мемлекеттік жоспарлаудың ықшам жүйесін құру үшін өңірді дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасы қайта қалыптастырылып, оңтайландырылды. Бағдарлама құрылымынан міндеттер мен тікелей нәтиже көрсеткіштері алынып тасталып, 122 нысаналы индикатор белгіленді. Сондай-ақ, мемлекеттік органдардың жұмыстары нәтижелілігін бағалау мақсатында облыс әкімі аппаратында ішкі аудит қызметі (12 штаттық бірлік) және облыс әкіміне тікелей есеп беретін мемлекеттік аудит және тәуекелдер жөніндегі кеңес құрылды. Ұлт жоспарының 95-қадамында көрсетілген барлық деңгейдегі әкімдердің атқарылған жұмыстар мен алда тұрған міндеттер туралы тұрғындар алдындағы есеп беруі тұрғындардың түйінді мәселелерді бірлесе талқылауы – ашықтықты қамтамасыз етумен қатар, жергілікті өзін-өзі басқару қағидаларының маңызды бір бөлігі екені анық. Бұған қаңтар-ақпан айларында өткен жылдың қорытындысы бойынша 42 мыңнан аса тұрғындардың қатысуымен өткен барлығы 379 есеп беру кездесуінде көз жеткіздік. Себебі, осы жиындарда барлығы 1107 ұсыныс көтеріліп, оның 207-і бақылауға алынды. Облыс әкімінің есеп беру жиынында көтерілген мәселелердің 25-і арнайы іс-шаралар жоспарына енгізіліп, бүгінде оның 7-еуі бойынша қаржыландыру мәселесі шешілді. Ал 2014 жылы бақылауға алынған 27 мәселенің 18-і шешімін тапқан болатын. Аудандар мен Тараз қаласы әкімдерінің есептерінде көтерілген 201 мәселенің 144-і орындалса, қалғаны кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Тұрғындарды толғандырып жүрген көптеген мәселелерге жергілікті атқарушы органдар тарапынан бірінші кезекте басымдықтар берілуіне қарап, бұл қадамның қаншалықты маңызды екенін түсінуге болады. Жүргізіліп жатқан реформалар аясында жергілікті өзін-өзі басқару институттарын жетілдіру мәселесі назардан тыс қалмаған. Жергілікті өзін-өзі басқару мәселелерін шешуге бағытталған кіріс көздерін қалыптастыру үшін 2015 жылдың 1 сәуірінен бастап аудандық маңызы бар қала, ауылдық округ, ауыл әкімдеріне қосымша 4 салық түрлерінен түсетін түсімдер берілуі тиіс еді. Сондықтан, былтыр олардың қолма-қол бақылау шоттарына 645 миллион теңге сомасында трансферттер қаралса, биыл бұл мақсатқа 1,4 миллиард теңге сомасында трансферттер жоспарланып отыр. 1 сәуірге дейін нақты 330,8 миллион теңге аударылды. Аталған қаржылардың жұмсалуы жергілікті қауымдастықтың келісімімен жүзеге асырылады. Қауымдастық мүшелері тұрғындардың ұсынысы негізінде жергілікті жерде бекітілгені баршаға белгілі. Бұл өз кезегінде ауыл жұртшылығының жергілікті мәселелерді шешуге тікелей қатысуына жол ашып, саяси белсенділігін арттыруда. Ұлт жоспарының 98-қадамында әкімдіктер жанындағы қоғамдық кеңестердің рөлін күшейту мәселелері қарастырылған. Қазіргі кезде құрамына түрлі азаматтық қоғам өкілдері енген 12 қоғамдық кеңес құрылып, жұмыс істеуде. Ағымдағы жылдың ақпан айында облыс, аудандар мен Тараз қаласының әкімдері қоғамдық кеңестер алдында өздерінің алғашқы есептерін берді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың айқындаған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының басты мақсаты – мемлекеттік қызмет саласын уақыт талабына сай жетілдіріп, сапасын жақсарту, басқару жүйесінің тиімділігін арттыру, бүгінгі таңда көрсетіліп отырған мемлекеттік қызмет деңгейін көтеру, кадр саясатын мемлекеттік саясатқа сай жүйелеу. «100 нақты қадамдағы» халықаралық, ішкі саяси жағдайды бағамдай алатын және ұтымды шешім шығаратын осынау кәсіби мемлекеттік аппаратты құру үдерісі жүзеге асатын болса, Қазақстан әлемдегі мемлекеттік қызмет үлгісі ең үздік 30 елдің қатарына қосылатынына кәміл сенеміз.
Рахматілдә РАХМАНБЕРДИЕВ, облыс әкімі аппаратының басшысы.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді