«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әміртай АҒАҒА ЕЛІКТЕП ӨСТІК

Әміртай АҒАҒА ЕЛІКТЕП ӨСТІК
ашық дереккөз
Әміртай АҒАҒА ЕЛІКТЕП ӨСТІК

Біздің балаң кезімізде Жуалы ауданынан әйгілі болған қаламгерлер санаулы болатын. Соның көшбасында Бауыржан Момышұлы мен Құрманбек Сағындықов, одан кейінгі білетініміз Шерхан Мұртаза еді. Ол кісілердің ізін баса Әміртай Бөриев таныла бастады. Танылуы да тосын және әдебиет деген киелі әлемге менмін деген талайларды тамсантып, қайран қалдырып, өзгеше мінез, болмыспен ентелей, екпіндей келіп енді. Өлең, әңгіме, ертегілермен емес, бірден роман жанрының жалына жармасып, онда да студент кезінде, небәрі жиырмадан асар-аспас шағында танылды. 

1968 жылдың қараша айында, тура өзінің туған күнінде, жүздеген мың таралыммен жарық көретін, қазақ оқырмандарының сүйікті басылымына айналған «Лениншіл жас» жас жазушыға ақ жол тілеп, «Ақ бидай» романынан үзінді жариялады. Әрине, қаламгер қиялы да айрықша рөл атқарады десек те, ондағы баяндалатын оқиғалар, араласатын адам тағдырларының дені шығарма иесінің өзі көзімен көрген, көкейіне түйіп, ой тезінен өткізген сұрапыл соғыстан соңғы ауыл өмірі, халқымыздың басынан өткізген қиын-қыстау күндердегі тыныс-тіршілігі еді. Бір кездері аштықтың азабын тартқан ел егіншілікпен айналысады. Роман атының «Ақ бидай» аталуы да сондықтан. Балаң қалам иесінің бұл кітабы араға жеті-сегіз жыл салып барып қана «Жазушы» баспасынан басылып шықты. Қолдан-қолға өтті. Әлбетте, әркімнің талғамы әрқалай ғой. Оның үстіне «періштенің де бес міні бар» демекші, кезінде мақталды да, датталды да. Ә.Бөриевтің өзі мұны болуға тиісті заңдылықтай көріп, қабылдады. Қаламына күш салды. Сөйтіп, өзінің туып-өскен өңірі, кіндік қаны тамған қасиетті топырағы мен онда адал еңбегін ардақтап, ұрпақ өсіріп-өрбітіп жатқан жаны ізгі адамдар өміріне арнап «Мейір гүлдеген жерде» деген бір деммен оқып шығатын, тамаша повесін жазды. Ол шығармасы республикалық жастар ұйымы мен «Жалын» баспасының жасөспірімдерге арнап, бірлесіп өткізетін жабық бәйгесінде екінші жүлде алып, 1977 жылы «Жалын» журналында жарияланды. Араға уақыт салып, бүгінде мың жылдық тарихы бар деп жүрген, әсем қаламыз Алматының тұрғындарының тағдыры мен қала экологиясының жайын әріден қозғап жазған туындысы «Алматы әңгімелері» повесін оқырмандарына тарту етті. Артынша әйгілі қылқалам шебері Әбілхан Қастеев туралы «Арманына жолыққан адам» ғұмырнамасы «Өнер» баспасынан жарық көрді. Әміртай Бөріұлы драматургия жанрында да еңбектенді. «Кел біздің ауылға», «Ештен кеш емес», «Кіндік шеше» пьесалары біздің осы ойымызға айқын дәлел бола алады. Сол секілді Әбекең ағамыз кинематография саласында да бір кісідей жемісті еңбек етіп, із қалдырды. Жүзден астам көркем фильмдерді аударды. Жамбыл, М.Әуезов, С.Мұқанов, М.Жолдасбеков және басқа да әдебиет пен өнеріміздің әйгілі саңлақтары туралы деректі фильмдердің сценарийін жазды. Бүлдіршіндерге арналған «Доңыз деген не?» мультфильмінің сценарийі үшін республикалық жабық бәйгеде екінші жүлдеге ие болды. Осындай экрандық еңбектері ескеріліп, Қазақстан кинематографиясының үздігі атанды. Ә.Бөриев көркем аудармамен де шұғылданды. Әрбір дүниесіне айрықша мән беріп, қатал сын көзімен қарайтын қаламгер орыс жазушылары А.Чеховтың «Дұшпандар», В.Бубнистің «Шалғы шыңылы» әңгімелерін және басқа ұлт қаламгерлерінің шығармаларын қазақ тіліне төгілген тілімен мөлдіретіп аударды. Әрине, бұл жерде біз Әбекең ағамыздың бүкіл шығармашылық еңбектерін қамти алмаймыз. Көп жылдар бойы балалардың «Қазақстан пионері», жастардың «Лениншіл жас» және Алматы облыстық «Жетісу» газеттері мен Қазақ телевизиясы, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында қызмет істеген ол кісінің еңбек адамдары, өнер мен ғылым, спорт саласының танымал тұлғалары туралы жазған жүздеген очерк, мақалаларын, сондай-ақ Қазақ радиосының алтын қорында сақталған материалдарын жіпке тізгендей санамалап шығу әсте мүмкін де емес. Бірақ, сөз орайына қарай, солардың дені уақытпен үндесіп, қай кезде де оқырмандар кәдесіне жарайтын дүниелер екендігін тілге тиек ете кеткіміз келеді. Ә.Бөриев берері мол қаламгер еді. Әттең-ай дейтініміз – шығармашылық кемел шағында арамыздан мәңгілікке алыстады. Қаламы қарымды қаламгер егер тірі болғанда биыл жетпіске толар еді. Жалпы, жазушы немесе өнер саңлағы бір ауылдың, я бір өңірдің ғана емес, елдің мақтанышына айналады. Біз әңгімемізге ілік етіп отырған Ә.Бөриев те солардың санатынан еді. Есімін есте қалдыру үшін кіндік қаны тамған, табанының ізі қалған қасиетті Жуалы жерінен, орталығы Бауыржан Момышұлы ауылынан бір көшенің атын беріп, суреті мен аты-жөнін «Жуалы жұлдыздары» аллеясындағы аудан ардақтыларының қатарына қойса, реті ғой деп білеміз. Осы ойымызды жерлестеріміз құп алар деген ізгі ниетпен:

Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК, Халықаралық «Түркі әлемі» киностудиясының президенті, сатирик-жазушы. Алпысбай ШЫМЫРБАЙ, «Ғажайып Үндістан» журналының бас редакторы, жазушы. Толымбек ӘЛІМБЕК, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, жазушы. Талғат АЙТБАЙҰЛЫ, «Жыл – он екі ай» журналының бас редакторы, публицист-жазушы.

Ұқсас жаңалықтар