Құқық қорғаушылар міндеті аз емес

Құқық қорғаушылар міндеті аз емес
ашық дереккөз
Құқық қорғаушылар міндеті аз емес
Шопырхан Жапабаев, аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы, полиция полковнигі. Мемлекет­тің даму деңгейін қоғамдық тәртіптің тұрақтылығы мен азаматтардың құқықтарын қорғау ісінен аңғаруға болады. Елбасының осы саланы түбегейлі жаңғыртудың нақты қадамдарын «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының екінші бағытында айқындап беруі де сондықтан. Ұлт жоспарының 32-қадамында «Қылмыстық құқық бұзу картасы» ұлттық ақпараттық жүйесі негізінде «Қылмыстық құқық бұзу картасы» интернет-порталын құру міндеттелгені белгілі. Осы картаға 1 аптадан әрі кетпейтін мерзімде жасалған барлық қылмыстық құқық бұзушылық тіркелетін болады. Ал бұл өз кезегінде қоғамға ішкі істер органдары жұмысының тиімділігін бақылауға мүмкіндік бермек. Қылмыстың ашылуын және алдын алу үшін полиция қызметкерлерінен кәсіби біліктілік пен төзімділік талап етіледі. Шу аудандық ішкі істер бөлімі жеке құрам арасында тәртіп пен заңдылықты күшейтіп, қоғамдық тәртіпті сақтау мен қылмысқа қарсы тиімді тәсілдерді қолдану арқылы бірқатар ұйымдастыру-алдын алу шараларын атқаруда. Жеке құрамының негізгі күші қоғамдық орындарда құқық бұзушылықтың «нөлдік төзімділік» қағидасы бойынша алдын алуға, есепке алынған тұлғалар арасында тиімді түсінік жұмыстарын жүргізуге бағытталуда. Ауданда 130 мың тұрғын бар. Ал қызмет көрсететін учаскелік инспекторлардың саны – 29. Бұл дегеніміз – бір учаскелік инспекторға 4,5 мың адамнан келеді деген сөз. Негізі Ішкі істер министрлігінің №282 бұйрығына сәйкес, бір учаскелік инспектор 2 мың адамға дейін ғана қызмет көрсетуі тиіс. Өткен жылы полиция қызметкерлерінің күшімен 65 қылмыс ашылды. 2015 жылдың 12 айында жалпы әртүрлі 1446 қылмыстық істер тіркеліп (2014 жылы 1163), алдыңғы жылға қарағанда 24,3 пайызға көбейді. Оның ішінде жалпы ауыр және аса ауыр қылмыс – 187. Бұл 2014 жылмен салыстырғанда 38,5 пайызға өскен. Жалпы, қылмыстық істердің ашылу деңгейі 30,0 пайызды құрап отыр (2014 жылы – 24,0 пайыз). Орын алған қылмыстардың ішінде тонау 166,7 пайызға артып, ашылуы 35,7 пайызға жетті. Бұзақылық 33,3 пайызға көбейген (ашылуы – 42,9 пайыз). Ал тіркелген мал ұрлығы – 68, яғни 115,3 пайызға артқан (ашылуы – 5,4 пайыз). Аудан көлемінде өткен жылы 138 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 17 адам қаза болып, 203 адам әртүрлі дене жарақатын алды. 2014 жылмен салыстырғанда жол-көлік оқиғасы 20,0 пайызға артқан, кісі өлімі 6,0 пайызға төмендеген. Біреудің мүлкін тонау жөнінде 2015 жылы 15 ауыр айғақты іс тіркелді. Оның 57,1 пайызы ашылды. Бүгінде баукеспелер қарасы артып, бөтеннің мүлкін орташа деңгейдегі тонау мәселесі қиындық туғызып тұр. Сондай-ақ, пәтер ұрлығы да жұртты алаңдатып отыр. Мәселен, бір жылда 82 пәтер тоналған. Соған байланысты учаскелік полиция инспекторларының ұйымдастыруымен барлық меншік түріндегі мекеме басшылары мен жеке кәсіпкерлер арасында материалдық құндылықтар мен букмекерлік кеңселер, ақша ауыстыру пунктері, жанар-жағармай құю орындары сынды нысандарды техникалық тұрғыдан нығайту туралы апталық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, бейнежазба камераларын орнату ұсынылды. Жалпы, былтыр мал ұрлығының 59 қылмысы, ұялы телефон ұрлаудың 192 оқиғасы тіркелді. Бұл жылы көлік ұрлығы мүлдем болмағанымен, оның арғы жылы осындай 30 оқиға орын алған болатын. Соған байланысты криминалды полиция қызметкерлері әкімшілік полициясымен бірлесе отырып, күн сайын тұрғындар арасында көліктерді аулаға емес, арнайы автотұраққа қою жөнінде түсінік жұмыстарын жүргізуде. Шу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар