«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Боксшыларымыз Олимпиада жолдамасын лайықты түрде жеңіп алды»

«Боксшыларымыз  Олимпиада жолдамасын лайықты түрде жеңіп алды»
ашық дереккөз
«Боксшыларымыз Олимпиада жолдамасын лайықты түрде жеңіп алды»

Қазақ боксшылары тұңғыш рет Олимпиада ойындарына толық құрамда баратыны белгілі. Осы орайда Қазақстан Бокс федерация­сының вице-президенті, бокс білгірі Юрий Цхай қазақ боксшы­лары­ның Қытайда өткен лицензиялық додадағы қарымы, алдағы додалардан күтетін нәтижесі туралы «Казахстанская правда» газеті тілшісіне әңгі­ме­леп берді. Сол сұхбатты оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

– Қазақ боксшылары мұндай жетіс­тіктерге жетеді деп ойладыңыз ба? – Әрине, мұндай нәтижені іштей күткеніміз рас. Бірнеше жыл бойы өз жұмыстарын сапалы атқарып келе жатқан ұлттық құрама бапкерлер құрамының да еткен еңбегі мен төккен терін атап өткен жөн. Қытайдағы дода алдында біздің боксшылар бірқатар додаға қатысып, тәжірибелерін шыңдай түсті. Соның нәтижесінде Мырзағали Айтжанов бастаған бапкерлер құрамының былғары қолғап шеберлеріне жүктеген міндеті нәтижесін беруде. Дегенмен, нақты бір пікір айтуға әлі ертерек. Алда қыздар арасында елімізде өтетін әлем чемпионаты, сосын Олимпиада ойындары тұр. – Жәнібек Әлімханұлы мен Әділбек Ниязымбетовтің спорттық бабына келгені қуантады... – Өткен жыл олар үшін қысымға толы болды. Алдымен Азия чемпионатында, кейінірек әлем біріншілігіне қатысты. Шынтуайтында аты аталған былғары қолғап шеберлерінің нағыз спорттық баптарында болмағаны туралы пікірмен келісуге болады. Десе де, Катарда өткен әлем чемпионатынан кейін бапкерлердің жаттықтыру үдерісінде өзгерістер орын алғанын айта кеткен дұрыс. Бүгінде ұлттық құрама өрендеріне барлық жағдай жасалып отыр. Нәтиже де соған сай болуы керек. Жігіттер оны жақсы түсініп, олардан күткен нәтижені берді. Қайрат Ералиев жартылай финалда әлем чемпионатының қола жүлдегері, өте қарымды қарсылас саналатын үндістандық боксшымен қолғап түйістірді. Жеңіске сәл ғана сәттілік жетіспеді. Әйткенмен ол нағыз спортшыға тән мінез көрсетіп, қосымша жекпе-жекте дегеніне жетті. Жәнібек Әлімханұлы мен Әділбек Ниязымбетов те өзінің спорттық бабына келіп жатыр. Ел ішіндегі жарыстарда олар үлкен бәсекелестікке тап болды. Бәсеке оларға бұрынғыдан да мықты болуға көмектесті. Өткен жылы Азия чемпионатын ұтып алған Олжас Сәттібаев пен тұрақты нәтижеге қол жеткізіп жүрген Иван Дычконы атап өткім келеді. Олжас Сәттібаев сынға түсіп жүрген 52 килограмм салмақ дәрежесінде де жалынды жастар мен тәжірибелі боксшылар құраған үлкен бәсекелестік бар. Соған қарамастан, Олжас жаттығуын жалғастырып, Олимпиада жолдамасын лайықты түрде жеңіп алды. Дычко әрқашан биік межелерді бағындыруды көздейді. Олимпиада ойындарында оның салмағында көптеген тәжірибелі спортшылар болады. Дегенмен біз Иванға сенеміз.

Ербол Каиров.

(«Казахстанская правда» газетінен).

Ұқсас жаңалықтар