Менің атам - батыр!

Менің атам - батыр!
ашық дереккөз
Менің атам - батыр!

Мен атамды көрген жоқпын. Ол кісі мен дүние есігін әлі ашпаған 1999 жылдың 21 қаңтарында 62 жасында дүниеден озыпты. ...Ата-анамның айтуынша, өзім ес білгелі үйіміздің үлкен кең бөлмесінің төрінде ілулі тұрған портретте бейнеленген атамның кеуде тұсындағы бесжұлдызды «Бұл не?» деп сұрай береді екенмін. –Бұл, – дейтін сонда анам Нұргүл жүзі нұрлана күлімдеп, – біздің атамыздың «Алтын жұлдызы». Мен таңырқап, түсінбей: – Алтын жұлдызды қалай алған? Менің де алғым келеді, – деп анамды жиі мазалай беретін көрінемін. –Иә, қызым, сен де аласың! Сенің атаң атақты шопан болған! –Шопан... ол кім сонда? Анам баяу жұмсақ, қоңыр даусымен шопан туралы, оның еңбегі туралы әңгімелеп те беретін... «Екінші тың» – мал шаруашылығы саласында атам Жарас аға шопан, ал әжем Бибіжар көмекші шопан болып ширек ғасырдан астам еңбек етіпті. Бір ғажабы, атам балаларына, замандастарына шопандық өмір адамды табиғат құбылыстарын аңғаруға, өсімдік әлемін зерттеуге бейім ететіндігін, даланың әрбір шөбінің сырын білуі де еңбек жеңісіне жетуіне апарар жол екендігін айтудан әркезде де жалықпайды екен. Сонау өткен ғасырдағы малшы атаулының есінде ұзақ сақталған 1969 жылдың қысы мен көктемінде отарынан бірде-бір тұяқ шетінетпей, әр жүз саулықтан 140-тан қозы алып, социалистік жарыстың көшін бастапты. Осы жемісті еңбегінің нәтижесінде 1970 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне қатысу мәртебесіне де ие болған. Осы сапары барысында атамның Азаттық аралының ұлы перзенті Фидель Кастромен кездесуі дәл бір ертегідегідей. Ал көк сұңқары, әйелдер арасынан шыққан тұңғыш ғарышкер Валентина Николаева-Терешковамен сұхбаттасқанда, не туралы сөйлесті екен деген ойға берілемін, осы күні... Қажырлы да жемісті еңбегінің арқасында айрықша сый-құрметке, үлкен абырой-беделге қол жеткізіп, «Шопан-академик» атанған атам туралы беттері сарғайған газет-журналдарды, кітапшаларды оқығанымда, біртүрлі... жүрегім лүпілдей қуанып, мақтаныш сезімі бойымды кернеп кетеді. Сол сәт атамның үйіміздің төріндегі портретіндегі күлімдеген жүзіне қайыра көз саламын. Құдды бір ол кісі маған «Иә, еңбек – құдіретті күш, адамды адам еткен де сол еңбек, сен де еңбек етуден еш ерінбе» деп ақылын айтып тұрғандай. Атам Жарас Оспанбеков үш рет «Ленин» орденімен марапатталып, 1976 жылғы 24 желтоқсандағы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының қаулысымен Социалистік Еңбек Ері құрметті атағын алған. Кезінде СОКП ХХV съезінің делегаты, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып та сайланған. «Мақтан сен, мақтанарлық ұлың болса» демекші, Жарас атамның «Алтын жұлдызы» жарқылынан танбаса екен, үлкен-кішіні еңбекке үндеп, дәйім биікте жарқырай берсе екен!

Гүлнұр ЖАРАС, Т.Әшімбаев атындағы орта мектебінің 10-сынып оқушысы.

Далақайнар ауылы, Шу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар