Головкин қарсыласын екінші раундта нокаутпен ұтты
Осыдан біраз уақыт бұрын «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс XVII съезінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кәсіпқой бокстан әлем чемпионы Геннадий Головкинге: «Сен шаршы алаңға шыққанда күллі қазақстандықтар жанкүйер болып жүр деп сенімді айта аламын. Өзіңмен мақтанамыз. Қарсыластарыңды көп ұр да, елге орал», – деп еді. Елбасы сенімін арқалаған кәсіпқой боксшымыз, бокс әлемінде GGG есімімен танылған Геннадий Головкин кезекті мәрте жеңісіне қол жеткізіп, елінің де, Президенттің де алғысына бөленді.
Жасы 34-ке келгеніне қарамастан, орта салмақта өзін судағы балықтай сезініп жүрген Гена бұл жолы 26 жасар америкалық боксшы Доминик Уэйдті сабасына түсірді. Күні бұрын «Головкиннің әдемі статистикасын бұзған алғашқы боксшы мен боламын» деп көкіген Уэйдтің әуселесі екі раундқа жетер-жетпес уақытта белгілі болды. Бірден айта кетейік, Геннадий Головкин Уэйдті қарсылас ретінде өзі таңдап алған жоқ. Ол халықаралық бокс федерациясының (IBF) міндеттеуі салдарынан ортаңқол боксшымен қолғап түйістіруге мәжбүр болды. Бұған дейін он сегіз кездесу өткізіп барлығында жеңіске жеткен Доминик Уэйд IBF рейтингіне көш бастап тұрған багамдық Туреано Джонсон жарақат алған соң қазақ боксшысына қарсылас атанды. Лос-Анджелестегі «Форум» аренада өткен жекпе-жекте Головкин жанкүйерлеріне уәде еткендей, «биг драма шоуын» ұсына алмады. Қарсыласы алты минутқа дес бере алмаса, ол уәдесін қалай орындасын? Гонг үні естіле салысымен алға ұмтылған GGG сол қолымен де, оң қолымен де барлау шабуылдарын ұйымдастырды. Уэйдтің бойының, қолының ұзындығына қарамастан, Головкиннің соққыларының дені нысанаға дөп тиіп, қарсыласты діңкелетті.
Алғашқы нокдауннан америкалықтың тұрып үлгергені сол екен, раундтың аяқталғанын білдіретін гонг үні де естілді. Екінші раундта Доминик сескеніп, қорғаныс арқылы шабуыл жасап көрді. Үш соққыдан тұратын сериялы шабуылы Головкинге дәл тигенімен, шыбын шаққан құрлы әсер етпеді. Сериялық шабуылын әрмен қарай жалғастырған қазақстандық боксшы Доминикті қуып жүріп, жойқын соққының астына ала бастады. Ұрымтал сәттің бірінде алдымен сол қолмен бағыттаған апперкот, соңынан оң қолмен қапталдан жасаған жойқын соққыдан соң Уэйд тағы да сұлап түсті. Төреші есеп жүргізгенде орнынан әзер қозғалған Доминик реферидің: «Кездесуді жалғастыруға құлықтысың ба?» – деген сөзін үш естіген соң барып сенімсіз түрде: «Yes» деп үн қатты. Екі нокдаун қатарынан алып, ес жиып үлгермеген ол тағы да толассыз шабуылдың астында қалды. Сол қолмен бағыттаған Генаның джебының соңын апперкот соққысы жалғады. Тағы да есеңгірей бастаған Уэйдтің шаруасын Головкиннің үшінші ауыр соққысы шатқаяқтатып жіберді. Оң қолмен қапталдата бағыттаған шешуші соққы Уэйдтің иық тұсын осып өтті. Ринг төріне сұлық құлаған Доминик бұл жолы нокаутқа түсті. Кезекті жеңіс!
Кәсіпқой ринг төрінде 35 кездесу өткізіп, барлығында қарсыласынан басым болған Головкин 32-ші жекпе-жегін мерзімінен бұрын аяқтады. Сонымен қатар 22 кездесуді қатарынан қарсыластарын нокаут немесе техникалық нокаутпен жеңіп келе жатыр. Осымен жерлесіміз өзіне тиесілі WBA super белдігін он алтыншы, IBO белдігін он үшінші, WBC interim белдігін төртінші, IBF белдігін бірінші рет сәтті қорғады. Қазақ боксшысы енді WBC тұжырымы бойынша әлемнің тұрақты чемпионы мексикалық Сауль Альварес пен ұлыбританиялық Амир Хан арасындағы кездесудің жеңімпазымен қолғап түйістіруі керек. «Альварес-Хан кездесуінің жеңімпазы Головкинмен жекпе-жекке шықпаса атағынан айырылады» деп атап өтті WBC президенті Моурисио Сулейман. Сонымен қатар, WBA басшысы Жильберто Мендоса: «Біз қазір ГоловкинWBC белдігіне үміткер болғандықтан оған мүмкіндік беріп келеміз. Егер Альварес-Хан кездесуінің жеңімпазымен қолғап түйістірмейтін болса, Головкин мен Джейкобс арасындағы жекпе-жекті ұйымдастыруға кірісетін боламыз. Ол Генаның белдігіне міндетті үміткер» деп мәселенің мәнісін түсіндірді. Иә, Дэниель Джейкобс орта салмақта WBA-ның тұрақты чемпионы саналады. Жетінші мамыр күні өтетін Альварес-Хан кездесуінен соң Головкиннің кезекті қарсыласы анықталуы керек.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Спорт кешені пайдалануға берілді
- 21 қараша, 2024
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді