Біртектілік пен бірлік қағидат тары негізгі үш тұжырымдама бойынша жүргізіледі
- author «Ақ жол»
- 25 сәуір, 2016
- 414
елбасы тапсырмасына сай өңірімізде ең асыл құндылық – ел тұтастығы, ұлт бірлігі ұйыса түсуде
Елбасының бес институционалдық реформасын жүзеге асыру бойынша облысымызда нақты шаралар қабылданып, жоспарлы жұмыстар жүйелі түрде атқарылуда. Мемлекет басшысы ұсынған реформаларды іске асыру бойынша «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары Қазақстанның жаңа деңгейде және жан-жақты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді десек, «Біртектілік пен бірлік» реформасында ел ынтымағы мен татулығын нығайтуға бағытталған нақты қадамдар көрсетілген. Ұлт жоспарында көрініс тапқан азаматтық біртектілікті қалыптастыратын ұлттық және технологиялық жобалардың жүзеге асырылу барысы туралы облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов өңірлік коммуникация қызметі брифингінде жан-жақты баяндады.
– Қазіргі уақытта өңірімізде Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен қазақстандық біртектілікті нығайту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Төртінші реформада жаңа қоғамдық қатынастарға негізделген қағидаттар көрініс тапқан. Бұл бағытта нақтыланған қадамдар қоғамның және мемлекеттің Елбасы бекіткен Жарлықтары арқылы үш негізгі тұжырымдамалар бойынша жүргізілуде. Олар: біртектілік пен біртұтастықты нығайту және дамыту, Қазақстан халқы Ассамблеясын 2025 жылға дейін дамыту, дене тәрбиесі мен спортты 2025 жылға дейін дамыту тұжырымдамалары. Бүгінде «Бірегейлілік пен бірлікті нығайту және дамыту» тұжырымдамасы аясында жоспарланған жұмыстар басталып та кетті, – деді Ерқанат Нұрбапаұлы. Облыс әкімінің орынбасары «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы» идеясын алға ілгерілету мақсатында облыстық «оқиғалар қатары» және жұмысшы мен техникалық мамандықтар беделін арттыру бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының өңірлік жоспары әзірленіп, бекітілгенін жеткізді. Жоспарға сәйкес, үстіміздегі жылы облыстық деңгейде 48 іс-шара ұйымдастырылып, оған 5300-ден астам адам қамтылады деп күтілуде. Олардың қатарына «Әлемнің әміршісі – Еңбек» атты облыстық еңбек форумы, «Ашық турникеттер күні» акциясы аясында колледж студенттерінің Тараз қаласындағы ірі кәсіпорындар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жұмыс барысымен танысуы, оқу орындарында еңбек ардагерлері мен табысты кәсіпкерлердің жастармен кездесулері, ІІ республикалық «Еңбек жастарының» спартакиадасы, ірі өндіріс орындарына ұйымдастырылған 18 экскурсия және сол секілді тағы да бірқатар іс-шаралар кіреді екен.
Мәлім болғанындай, бүгінде «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясының мән-мазмұнын түсіндіру және насихаттау мақсатында облыс орталығы мен қала, аудандарда барлығы он бір ақпараттық-насихаттық топ жұмыс жүргізуде екен. Республикалық «Үлкен ел – үлкен отбасы» акциясы қаңтар айынан басталды. Осы және өзге де атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек еткен Ерқанат Манжуов биыл алғаш рет тойланған 1 наурыз –Алғыс айту күніне орай өткізілген шаралардың легімен таныстырып өтті.
– Бес институционалдық реформаны, сондай-ақ, қазақстандық бірегейлік пен бірлікті іске асыру жөніндегі шараларды ақпараттық сүйемелдеу бойынша «Болашаққа 100 қадам» жоспарын іске асыру жөніндегі 2016 жылдың I жартыжылдығына арналған медиа-жоспар бекітілді. «Болашағы Біртұтас Ел» жалпыұлттық ақпараттық науқанын өңірлік деңгейде іске асыру бойынша маманданған журналистер мен блогерлер пулы жасақталды. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай «Бірлік пен жасампаздықтың 25 жылы» атты Тұжырымдамасы қабылданды. Жалпы, облыстық деңгейде 25 жылдыққа арналған 380 іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Аталған тұжырымдамаға сәйкес әр айдың өз ерекшілігіне қарай аталып өтетін болады. Жоспарлы шаралар аясында ғылыми-тәжірибелік конференциялар, «дөңгелек үстел» отырыстары, зиялы қауым өкілдерінің жастармен кездесулері, жастар акциялары, қайырымдылық акциялары ұйымдастырылып, сол арқылы еліміздің тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген жетістіктері, толайым табыстары баяндалатын болады, – деді Ерқанат Нұрбапаұлы. Мемлекетіміздің басты капиталы – адам екенін ескерсек, Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының «Индустрияландыру және экономикалық өсім» бағытында неліктен халықтың тұрмыстық әл-ахуалын арттыратын салаларға басымдық берілгенін айқын түсінуге болады. Әрбір қазақстандықтың қол жеткізген жеке табысы арқылы ел жетістігі бағаланады. Міне, сондықтан тұрғындар денсаулығын сақтау әрі нығайтудың, соған орай білікті мамандар даярлаудың мәні зор. Жалпы, экономиканы әртараптандырудың, кез-келген салада бәсекелестікті арттырудың бірден-бір жолы – білім беру ісін дамыту екені белгілі. Ұлт жоспарындағы үшінші реформаның әлеуметтік салаларға қатысты мәселелері және төртінші – «Біртектілік пен бірлік» бағыты бойынша облыста атқарылып жатқан шаралар барысы сөз болған брифингте журналистер қойған сауалдардың басым көпшілігінің денсаулық, білім салаларына қатысты болуы да, сондықтан. Брифингте БАҚ өкілдері негізінен «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының білім, денсаулық, туризм саласына қандай өзгерістер мен жаңалық әкелгенін сұрады. Отандық туризмді дамыту мәселесі төртінші реформада нақты қадамдар арқылы көрініс тапқаны мәлім. Облыстық «Магнолия» апталық газетінің тілшісі Михайл Буниннің: «Осы бағытта өңірде қандай жұмыстар атқарылуда және Мәңгілік Ел ұлттық идеясының құндылығын насихаттайтын идеология саласы қызметкерлерінің біліктіліктерін арттыру ісі қалай жүргізілуде?» деген сауалына Ерқанат Нұрбапаұлы: «Педагогтар мен дәрігерлерге арналған біліктілікті арттыру курстары бар. Олар білімін жетілдіру үшін оқуға жіберіліп тұрады. Дегенмен, ұлттық идея бойынша жұмыс жүргізетін мамандарға мұндай мүмкіндік қарастырылмаған. Біз арнайы семинарлар ұйымдастыру арқылы бұл мәселені шешуіміз керек. Себебі, «Мәңгілік Ел» – өміршең идея. Атауының өзі айтып тұрғандай, бұл бір күндік жоспар емес. Біз бұл идеяның құндылығын түсіндіру үшін күн сайын жұмыс жүргізуіміз керек», – деп жауап берді. Брифингте журналистер Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы және ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Күләш Ахметованың 70 жасқа толуына байланысты өткізілетін шаралар туралы сұрады. – Еліміздің 25 жылда жеткен жетістіктері 25 жұлдызды күн аясында халыққа кеңінен жеткізілетін болады. Мәселен, 22 қараша мемлекеттік рәміздерге, 26 қараша азаматтық қоғамға арналатын болса, 28 қараша күні ұлттық валютаға, 2 желтоқсан отбасылық құндылықтарға, 4 желтоқсан спорттық жетістіктерге бағытталатын болады. Сонымен қатар, облыста мемлекеттік әлеуметтік шеңберінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу бойынша үкіметтік емес ұйымдардың 13 әлеуметтік жобаларын жүзеге асыру жоспарлануда. Күләш Ахметованың мерейтойына орай жас ақындар арасында мүшәйра, шығармашылық әдеби кеш өткізу жоспарланып отыр, – деді облыс әкімінің орынбасары. Жиында денсаулық сақтау саласына қатысты бірқатар өзекті мәселелер де сөз болды. Соның бірі – облыстың бас дәрігерінің пара алу фактісіне қатысты келеңсіз жайт. Облыс әкімінің орынбасары бұл іспен құқық қорғау органдары айналысып жатқанын, нақты мәліметті сол органдар беретінін мәлімдеді. Ал облыстық «Знамя труда» газетінің бөлім редакторы Татьяна Борисенконың «Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке көшкен Тараз қаласындағы №6 емхананың жұмысы қалай жүруде, бұл жүйенің артықшылығы неде?» деген сұрағына толыққанды жауап берді. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту білім саласында біршама ілгерілеп келе жатқанын, медицинада бұл істі жалғастырудың қиындау екенін жасырған жоқ. – Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту (81 қадам) бойынша өткен жылы сенімді басқарып, одан ары сатып алуға Тараз қаласындағы №6 емхана берілген болатын. Ағымдағы жылы да сенімді басқаруға 6 денсаулық сақтау нысанын беру көзделуде. Аталған емхананың сенімді басқарушысы – «Жаншуақ» денсаулық сақтау орталығы. Басқарудың жаңа жүйесін енгізу не үшін қажет болды? Осы арқылы қала тұрғындары қандай мүмкіндіктерге ие болады? Бұл мәселе сөз болғанда осындай сауалдар туындайтыны анық. Алдымен, аталған орталық емхана қызметкерлерінің толық құрамын сақтай отырып қосымша 21 жаңа жұмыс орнын ашқанын айтуымыз керек. Екіншіден, соңғы жылдарда бұл емханада орын тапшылығы сезілуде. Сенімді басқарушылар алдағы уақытта жаңа нысан салуды жоспарлауда. Жаңа ғимараттың жаңа жабдықтармен жабдықталатыны белгілі. Жаңа медициналық құрал-жабдықтар медициналық көмектің сапасын арттырады. Жаңа басқарушылық жүйесінің артықшылығы осында, – деді Ерқанат Манжуов. Брифингте педагог кадрлардың біліктілігі, апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептердің жай-күйі сөз болды. «Қазақстан – Тараз» телеарнасының журналисі Жалғас Саңғыл білім саласындағы реформалардың сәтті жүзеге асырылуы алдымен мұғалімдердің сапасына байланысты болатынын айтып, осы бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатқанын сұрады. Сонымен қатар, БАҚ өкілдері Тараз қаласындағы үш ауысымда оқуға көшкен №24 мектептің мәселесін қозғады. Ерқанат Нұрбапаұлы бұл мәселелердің күн тәртібінен түспейтінін, педагогтардың біліктіліктерін арттыру ісі жүйелі түрде жалғасатынын айтты. Өңірдегі 11 апатты жағдайдағы, 5 үш ауысымды мектеп болғанын, жаңадан салынған білім ошақтарының есебінен қазіргі кезде 6 апатты, 2 үш ауысымды мектеп қалғанын, 2017-2018 жылдары қалғандарының мәселесі толық шешілетінін жеткізді. Брифинг барысында тілшілер өзге де мәселелерді қозғады. БАҚ өкілдері өздерін толғандырып жүрген сауалдарға толыққанды жауап алды. Иә, қазір еліміздегі ұлтаралық татулық өзгелерге үлгі. Оған дәлел әлемде теңдесі жоқ Қазақстан халқы Ассамблеясын құрдық. Сан ұлтты еліміз осы өміршең саясаттың арқасында өзара тату-тәтті ғұмыр кешіп, өсіп-өркендеуде. Дағдарыстың бәрі өткінші, өтеді де кетеді. Ел тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты құндылықтар ғана мәңгі. Ең бастысы, рухы биік, еңбегі ерен, бірлігі мығым «Мәңгілік Ел» болу үшін бізде бәрі бар. Біз облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Мәнжуовтың брифингте айтқандарынан осыны ұқтық.
Ардақ Үсейінова, Жанғазы Ахмет, «Ақ жол».
Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді