Филиппиндегі додадан Олимпиада жолдамасын алып қайтқан таэквондошы Руслан Жапаровты тараздықтар қошеметпен қарсы алды
Филиппин даянында қарсыластарына дес бермей, күміс жүлдені қанжығаға байлап, Олимпиада жолдамасын иеленген жамбылдық таэквондошы, +81 келі салмақ дәрежесіндегі оғланымыз Руслан Жапаровты жамбылдықтар қала қақпасында салтанатты жағдайда қошеметпен қарсы алды.
Русланның жеңісі жамбылдық жамағат үшін үлкен қуаныш сыйлады. Жасы жиырманы енді алқымдаған жампоздың жетістігі мұнымен тоқтай қоймас. Шара барысында облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков сөз сөйлеп, жерлесіміздің жеңісі жас өрендердің намысын қамшылайтынын айтып өтті. – Ересектер дуына қаймықпай қатысып, биік шыңдарды бағындырып жүргеніңе куәміз. Ақиқатын айтқанда, сен көлеңкеде жүріп жарқ ете қалғандай болдың. Мұндай тамаша табыстан соң жерлестерің өзіңнен Олимпиада медалін күтеді. Осылай өзіңді сән-салтанатпен қарсы алар күндер көп болсын, – деді басқарма басшысының орынбасары өз ойын қорытындылап. Спорт ардагері Жолдығұл Қырбасов Маниладан қанжығасын майлап оралған өренімізге ақ батасын берді.
«Көк туды көкте
желбіретсем деймін»
Тілшілермен тілдескен Русланның өзі: «Кез-келген дода үлкен еңбекті қажет етеді. Филиппин елінің астанасы Манила қаласында өткен додаға тыңғылықты дайындалып бардым. Азиялық лицензиялық турнирде тек ақтық сынға шыққан спортшыларға ғана жолдама үлестірілді. Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Таэквондода әлемнің алты мықты спортшысы жылдар бойы жеткен жетістіктері арқылы Олимпиада ойындарына автоматты түрде жолдама алады. Дәл осы додада рейтинг бойынша жоғары тұрғандықтан, мен алғашқы кездесуден босатылып, аламанға ширек финалдан бастап араластым. Бұдан кейін Палестина елінің спортшысымен даянда жолықтым. Ол жігіт Палестинаның атынан шыққанымен, легионер саналады. Өйткені қарсыласым ілгеріде Түркия елінің атынан додаға қатысып жүрген болатын. Әлемдік додаларда атой салып жүрген өте мықты, тәжірибелі жігіт. Одан 10:6 есебімен айламды асырдым. Жартылай финалдық кездесуім жеңіл өтті деп айта аламын. Пәкістандық қарсыластан басым түстім. Жекпе-жек үстінде аяқпен соққы бағыттаған соң жарақат алсам да, жеңіске жету жолында барымды салдым. Негізі кездесу кезінде жарақат алсаң, жекпе-жекті жалғастыру қиындайды ғой. Соншалықты қинала қоймағандықтан жартылай финалды жеңіл болды деп айтып тұрмын. Осылайша жолдамаға иелік еткен жайым бар. Спортпен айналысқан жеті жылдағы жетістіктерім баршылық. Ересектер арасындағы жарыстарға өткен жылдан бастап қатысып келемін. Халықаралық жарыстарда иеленген жүлделердің жөні бөлек әрине. Десе де, төртжылдықтың басты додасы Олимпиада ойындарына жолдама алған соң, елімнің туын биіктен желбірету үшін бар күшімді салатын боламын. Ол үшін алда төрт ай бойы талмай тер төгемін. Алла қаласа, Оңтүстік Кореяға ат басын бұрып, сонда екі айға жуық уақыт дайындықты пысықтап, халықаралық додаларға рейтинг көтеру мақсатымен қатыспақ ойым бар», – дейді жоспарларымен бөлісіп.
«Жолдама алғанын білгенімде, жанарыма жас үйірілді»
Русланның бапкері Алтынбек Мусинов та шәкіртінің жеңісті жорығының жалғасты болатынына сенеді. «Аллаға шүкір, Манила қаласында өткен жарыста шәкіртім Олимпиада ойындарының жолдамасын иеленді. Елуден астам елдің спортшылары бақ сынаған сында қатарыңнан оза шауып бәйге алу оңай емес. Русланға екінші ширек финалдағы жекпе-жек оңайға соқпады. Олимпиада ойындарының күміс жүлдегерінен айласын асырғанына қуаныштымын. Финалда қытайлық спортшыға Руслан бар болғаны ескертумен жол берді. Онымен АҚШ-та бұрын өткен додада кездескен болатын. 6:6 есебімен тең түскен соң қытайлық спортшы алтын ұпаймен ғана жеңіске жеткен. Бүгінде 800 спортшыдан Русланның салмағында он алтысы іріктелді. Олардың ішінде ең жасы – Руслан. Шәкіртімнің артықшылығы туралы айтар болсам, ешкімнен қаймықпайды. Қиын кезде тез жинала біледі. Әлем, Олимпиада чемпиондарымен теңдей өнер көрсетіп, алтын ұпаймен ғана жол беріп жүр. Жақсылап дайындалсақ, оларды да жеңуге мүмкіндік бар», – дейді Алтынбек Мусинов шәкірті жайлы тебірене сөйлеп. – Ұлымның Олимпиада жолдамасын иеленгеніне қуаныштымын. Спорт саласының тізгінін ұстаған барлық азаматтарға айтар алғысым шексіз. Русланымның Олимпиада ойындарынан олжалы оралуына тілектеспін. Филиппиндегі әр кездесуін естіген сайын қобалжып отырдым. Балам жолдама алды дегенде, шыны керек, көзімнен ыстық тамшылар ыршып кетті. Қуаныштың көз жасы ғой. Бұл жолдама бір күн жаттығуынан қалмаған ұлымның еңбегінің жемісі деп ойлаймын. Рахмет сіздерге! – деді Русланның әкесі Қайрат Сағадиев жанарында қуаныштың оты лаулап. Ендеше жерлесіміздің жеңісті жорығы жалғасты боларына біз де сенеміз.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Спорт кешені пайдалануға берілді
- 21 қараша, 2024
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді