Облыстық «Мейірім» мектеп-интернатының есту қабілеті нашар балғындарының композициялық би билейтіні хабарланғанда салтанатты шараға жиналғандар сілтідей тынған. Бәрі өнерпаздармен бірге іштей қобалжып, толқып тұрды. Сазды әуен көп күттірген жоқ. Арнайы сурдопедагог маманның көмегімен өнерлерін паш еткен балалар батыл екен. Сазды әнді құлағымен емес, жүрегімен сезінген жас бишілердің қимылы әуенмен үйлесе кетті. Көпшілік алдында би билеп, қошеметке бөленген олар сол сәтте шынайы шаттанудың не екенін сезінгендей. Осыған қарап 3 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі балалар тұратын Тараз қаласынан арнайы психологиялық-педагогикалық оңалту, дамыту орталығын ашу туралы бастаманың дұрыс болғанын түсіндік...
Қаладағы №25 орта мектептің жанындағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған психологиялық-педагогикалық оңалту орталығының ашылу салтанатына облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев, Астана қаласындағы «Дара» қайырымдылық қорының құрылтайшысы Гүлнар Досаева қатысты. Бір айта кететіні, мүмкіндігі шектеулі балғындарға мол мүмкіндік беретін орталық облыс әкімдігінің қолдауымен, «Дара» және «Самұрық Қазына Траст» ұлттық әл-ауқат қорларының демеушілігімен іске қосылып отыр. Тараздағы арнаулы орталық – еліміздегі «Бәріміз бірдейміз» атты бірегей жоба аясында ашылған бесінші оңалту мекемесі.
– Облыста 7,5 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі бала бар. Оның 3 мыңға жуығы осы Тараз қаласында тұрады. Сондықтан, осы бастаманы балғындардың болашағы үшін жасалған үлкен қамқорлық десек, артық емес. Көмек көрсетіп, арнайы мамандар жұмыс жүргізсе, бұл балалардың қолынан бәрі келеді. Оған жаңа бәріміз куә болдық. Әрбір бүлдіршінге дұрыс сөйлеуіне жәрдем беріп, есту қабілетін арттыруға, қимыл-қозғалысының жақсаруына тырыссақ, ата-ана үшін бұдан асқан қолдау, осыдан артық бақыт болмас еді, – деді Кәрім Нәсбекұлы орталықтың ашылу салтанатында «Дара» қайырымдылық қорының құрылтайшысына ризашылығын білдіріп.
Гүлнар Есенгелдіқызы алдағы уақытта психологиялық-педагогикалық оңалту, дамыту мекемелерін мүмкіндігі шектеулі балаларды мектепке даярлайтын ресурстық орталыққа айналдыруға күш жұмсайтындарын айтады. Сонымен қатар, биыл дәл осындай 9 орталық ашу жоспарларында бар екен. Орталық меңгерушісі Ұлмира Садырованың айтуынша, оңалту-түзету мекемесінде 10 маман – педагог-психолог, мұғалім-дефектолог, мұғалім-логопед, тифлопедагог, сурдопедагог, емдік дене шынықтыру нұсқаушысы, ритмикалық музыка мұғалімі, емдік массаж жасайтын мейірбике жұмыс істейді екен. – Мамандар балалардың жағдайына қарай сабақ кестесін түзіп береді. Орталықта 110 мүмкіндігі шектеулі балғынды қамтуға мүмкіндік бар. Жұмысын жаңа бастап жатқан мекеме болғандықтан, қазір 25 бала жазылды. Жалпы, мұнда екі бағытта қызмет көрсетіледі. Баланы оқыту, оңалту, дамыту және ата-аналарға арнайы кеңес беру. Жұмыс жыл бойы жүргізіледі, – дейді орталық меңгерушісі. Иә, бірегей жобаның аясында ашылған оңалту, дамыту мекемесі мүмкіндігі шектеулі балалардың мүмкіндігін арттыратыны анық. Өйткені, орталықта барлық норматив бойынша кедергісіз аймақ құрылған. Есіктері кең, қоларбамен келетіндерге кедергі келтіретін табалдырығы жоқ. Мамандар кабинеттері заманауи құрал-жабдықтармен, әдістемелік, әдеби және ойын арқылы дамытатын Монтессори материалдарымен жабдықталған.
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді