«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Азияда атой салған балуандар

Азияда атой салған балуандар
ашық дереккөз
Азияда атой салған балуандар

Елдос Сметов пен әзиз Қалқаманұлын қала жұртшылығы қошеметпен қарсы алды

Өткен апта ел дзюдошылары үшін толайым табысқа толы болды. Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында төселген татамиде қазақ дзюдошылары үш бірдей алтын жүлдеге қол жеткізді. Олардың қатарында жамбылдық жампоз Елдос Сметов та бар. 60 килограмм салмақ дәрежесінде белдескен балуан ақтық сында өзбек балуаны Диорбек Урозбоевпен белдесті. Диорбек өз жанкүйерлері алдында еркін көсілді дей алмаймыз. Қайта шабуыл жасауға ниет білдірген Елдосқа төреші үш рет шидо (ескерту) не үшін бергенін түсіне алмай, дал болдық. Төрешіге өкпелеп, тауы шағылатын Елдос па, белдесудің аяқталуына небәрі 21 секунд қалғанда Урозбоевты таза жеңді. Жаны көзінің ұшына келген Диорбегіңіз амалсыздан жер тепкіледі. Осы сәтте аптыққан көңіл орнына түсті. Елдос осы жеңісінен кейін әлемдік рейтингте екінші орынға көтерілді. Сары құрлық біріншілігіне аттанған оғландарымыз сапынан суырылып шыққан тағы бір үмітіміз – 81 килограмм салмақтағы Әзиз Қалқаманұлы. Құрлық біріншілігінде қола жүлдеге қол жеткізген ол бүгінгі таңда әлемдік рейтингте 37-орынға көтерілді (бірнеше мемлекеттерден үздік отыздықта екі-үш дзюдошыдан бар екенін ескерсек, олардың көшбасшысы ғана рейтингте қалатынын пайымдасақ, Әзиз қазір шамамен 22-орында тұр). Осы жетістігінен кейін Рио Олимпиадасына қатысу мүмкіндігіне ие болған жерлесіміз Ә. Қалқаманұлы Бакуде өтетін «Grand slam», Алматыда жалауы желбірейтін Гран-При додаларында өзін дәлелдей алса, Олимпиадаға барады. Кеше Тараз қаласының қақпасынан қала жұртшылығы, спорт мамандары, жас спортшылар – қос оғланын күтіп алды. Спортшылар межелі жерге жеткенге дейін Елдостың әкесі Бақтыбай Сметов пен алғашқы бапкері Ахмет Жұмағұлды сөзге тартқан едік. Ахмет Жұмағұл: Елдос Сметовтің алғашқы жаттықтырушысы: – Елдос алғаш маған 5 жасында келді. Өте еңбекқор бала болатын. Шынашақтай кезінен өзінің мықты екенін дәлелдей білді. Оның ағалары да менің қол астымда жаттықты. Бүгінгі күні, міне, Елдосым дзюдодан қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы, Азия чемпионы секілді көптеген атақтарға қол жеткізіп отыр. Өте қуаныштымын. Қазіргі бапкері Ғалымжан Жылкелдиевтің де еңбегін атап өткен жөн. Елдос, Алла қаласа, Рио Олимпиадасына барады. Алтынмен оралса, ел абыройын асырса деген тілек жүректе атой салып тұр. Бақтыбай Сметов, Елдостың әкесі: – Ұлым қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы атанды. Азияда топ жарды. Оны айтып жеткізу қиын енді. Өте қуаныштымын. Тіпті, қуанышым қойныма сыймай тұр деп айтсақ та болады. Енді бір ғана асқақ арман қалды. Ол – тамыз айында Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтетін Олимпиада ойындарында халқының сенімін ақтап, алтын жүлдеге қол жеткізіп, еліміздің көк Туын көкте желбіретсе деймін. – Елдос бала кезінде қандай еді? – Ол бала кезінде өте елгезек болды. Тыным таппай сальто жасап жүретін. Үнемі жаттығып жататын. Адамдармен тез тіл табысатын. – Азия чемпионатының ақтық айқасында өзбек спортшысына үш шидомен жеңіліп жатты ғой. 21 секунд қалғанда жеңісті жұлып алды. Жеңіс қолдан сусып кетеді деп қобалжыдыңыз ба? – Ой, оны айтып жеткізу өте қиын. Әлем чемпионатын көрген кезде де қан қысымым 220-ға көтеріліп кетті. Бұл жолы шидолар көбейген сәтте әттеген-ай деп отырдым. Не істерімді білмей, жанымды қоярға жер таппай тұрғанымда балам қолды ауырту әдісін қолданып, таза жеңіске жетті.

* * *

Осы кезде Елдос пен Әзиз де келіп жетті. Облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков спортшыларымызға алғысын білдіріп, Елдосқа Риодан олжалы оралуға тілектес екенін білдірді. Әзизге өзін дәлелдеуі керек екенін де айтып өтті. Соңынан Елдостың өзімен де тілдестік. Елдос Сметов, дзюдо күресінен Азия чемпионы:

«Олимпиада алтынын алсам деймін»

– Елдос, Азия чемпиона­тындағы белдесулеріңді көрдік. Қаншама жарыста қатарынан топ жарып жүрсің. Әрине, оңай емес. Азия біріншілігінде бір-екі мәрте аяғыңды ауырсынғандай көріндің. Жарақат бар ма еді? – Ақтық айқаста жергілікті балуанмен белдестім. Дода қай жерде өтсе, сол елдің спортшысына қолдау болатыны мәлім. Сондықтан соңғы сәтке дейін белдесу қажет болды. Аллаға шүкір, жеңіске жеттім. Енді Олимпиада ойындарына тыңғылықты дайындалып, сол аламанда алтыннан алқа тағынып, ел абыройын асырсам деген ойым бар. Аяқта жарақат болған жоқ. Иық аздап ауырды. Ескі жарақат сыр берді. Бірақ оны ұмытып кеттім. Бұл күні біз Әзиз Қалқаманұлымен де тілдестік. «Жарыс алдында әлемдік рейтингте 51-орында тұрдың. Үздік отыздыққа ену керек» деген амбиция болғаны мәлім. Сол мақсат психологиялық тұрғыда қысым болмады ма деген сауалымызға ол: «Иә, ондай ой болды. Бірақ толқуды жеңіп, жүлдеге ілінуді көздедім. Енді масайрап кетпей, алдағы додаларда рейтингтегі орнымды одан әрі жақсарта түсуге ұмтылатын боламын», – деді Азия чемпионатының қола жүлдегері бізбен ой бөлісіп. Қос дзюдошының бапкері Ғалымжан Жылкелдиев шәкірттеріне бек сенімді. «Елдос екі жыл бойы бір спорттық бабын сақтап, барлық жарыста олжа салып келе жатыр. Азия ойындары, әлем чемпионаты, Гран-При додасы, енді, міне, Азия чемпионаты. Қазір Елдос рейтингте өзіне қажетті ұпайды алды. Елімізде енді оны ешкім қуып жете алмайды. Негізі, мақсат – Олимпиадаға жақсы дайындықпен барып, жақсы нәтиже көрсету ғой», – деп пікірін білдірді. Біз оғландарымызға тек қана жеңіс тілейміз!

Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар