Ташкентте жалауы көтерілетін Азия чемпионатында жамбылдық үш саңлақ бақ сынайды
Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында дзюдо күресінен ағымдағы айдың 15-17 күндері сарықұрлық біріншілігі өтеді. Құрлық чемпионы атағынан бөлек рейтингілік ұпайлар үлестірілетін байрақты бәсекеде жамбылдық үш бірдей өреніміз топқа түседі. Жамбылдық жампоз Елдос Сметов (60 килограмм салмақта), 81 килограмм салмақтағы қос оғланымыз Азиз Қалқаманұлы, Дәулетхан Жақыпов бастаған жігіттер намысты қолдан бермеуге тырысатыны хақ. Шыны керек, Азия құрлығында оңай қарсылас болмайтыны анық. Дзюдо күресінің білгірі жапониялық жігіттер де, оңтүстік кореялық, қытайлық, моңғолиялық балуандардың қай қайсысы да жүлде жолында қарап қалмайтыны анық. Оларды былай қойғанда Рио Олимпиадасынан үміті бар Елдостың еліміздегі және халықаралық додалардағы басты қарсыластарының бірі Рустам Ыбыраев та соңғы мүмкіндіктерін мүлт жібермеуге тырысатыны сөзсіз. Бұл салмақта соңғы рейтинг бойынша көшті кәріс жігіті Вон Жин Ким бастап тұрса, екінші орында жапониялық Наохиса Таката, үшінші орында Елдос Сметов келеді. Ал, Рустам Ыбыраев тоғызыншы сатыға тұрақтаған. Континенттік додада чемпионға берілетін төрт жүз ұпайды Елдос еншісіне жазса тақиямызға тар келмес еді. Төртінші орындағы моңғол жігіті Болдбаатар Ганбаттан ұзап, сәттілік серік болған жағдайда екінші сатыға көтерілуге мүмкіндік тумақ. Ал өз салмағында елу бірінші орынға орныққан Азиз Қалқаманұлы үшін сын сағаты туды. Иә, Ресей секілді алып державалардың бірнеше дзюдошылары үздік отыздықтан шығып та қалар. Бірақ, Қалқаманұлы осы додада барын салмаса, Олимпиада жолдамасы алыстап кетуі де ықтимал. Рас, алда Алматыдағы Гран-при додасы мен жеңімпазға жеті жүз ұпай берілетін «Grand slam» жарысы бар. Дегенмен, ол жерде де бәсекелестік оңай болмасы сөзсіз. Сондықтан Қалқаманұлы төртжылдықтың басты додасынан сырт қалғысы келмесе, барын салуы керек. Олимпиада ойындарына үздік отыздыққа енген спортшылар ғана қатысатыны мәлім. Азиздің салмағында сынға түсетін Дәулетхан Жақып әлемдік рейтингте сексен тоғызыншы орында тұр. Рио Олимпиадасына жолдама алуға оның мүмкіндігі аз. Тек алдағы додаларда қатарынан оза шауып жатса ғана жолдама қалтаға түсуі мүмкін. Сонымен жерлестерімізге сәттілік тілейміз!
Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Спорт кешені пайдалануға берілді
- 21 қараша, 2024
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді