Спорт әлемінде Олимпиада ойындарына қатысып, дуы басым додада ел намысын абыроймен қорғауды бар спортшының армандайтыны даусыз. Төккен тердің сыналар тұсы да сол Олимпиада ойындары. Ағымдағы жылдың тамыз айында Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында жалауы желбірейтін Олимпиада ойындарына облысымыздан қандай спортшылар қатыса алады? Кімде қандай мүмкіндік бар? Осы сауалға аз-кем жауап іздеп көрген едік.
Қазіргі таңда Рио Олимпиадасына жолдаманы иеленген оғланымыз 52 килограмм салмақ дәрежесіндегі үмітіміз, Азия чемпионы Олжас Сәттібаев пен жеңіл атлет Михаил Красивовты мақтанышпен айта аламыз. Ал 60 келі салмақ дәрежесіндегі саңлағымыз, дзюдошы Елдос Сметов Олимпиада лицензиясын иелену үшін әлі де тер төгуі керек. Дәл қазір әлемдік рейтингте 1963 ұпаймен өз салмақ дәрежесінде үшінші орында тұрған Елдос Сметов әлі де болса лицензия иелену үшін өзін 15-17 сәуір аралығында Өзбекстан астанасы – Ташкент қаласында өтетін Азия чемпионатында мықты екенін дәлелдеуі керек. Егер бұл салмақта бір ғана қазақ балуаны сынға түсіп жүргенде біз Елдосты толыққанды Олимпиадаға барады деп айта алар едік. Бірақ, 60 килограмм салмақ дәрежесінде тағы бір қазақстандық дзюдошы Рустам Ыбыраев та бақ сынайды. Астанада өткен әлем чемпионатының ақтық сынында осы Рустам мен Елдос алтынға таласып, жерлесіміз Елдостың асығы алшыдан түскен болатын. Рустам қазіргі таңда 1514 ұпаймен рейтингте оныншы орында тұр. Олимпиада ойындарына дзюдодан үздік отыздыққа енген спортшылар қатыса алады. Бірақ, бір мемлекеттен, бір салмақ дәрежесінде екі спортшы додада бақ сынай алмайтынын ескерсек, дзюдодан өтетін додаларда қанжығасы майланған спортшыларға 400, 300, 200 ұпайлар үлестірілетінін бағамдасақ, Ташкентте өтетін Азия чемпионатынан бөлек, Бакудегі «GRAND SLAM», Алматыдағы Гран-При додасының да бәсі жоғары екенін пайымдасақ, Елдосқа өзін дәлелдеу керектігін байқаймыз. Әрине, соңғы кездері ірі додаларда Ыбыраевқа қарағанда жоғары нәтиже көрсетіп жүрген Елдостың мәселені Алматыда өтетін Гран-При додасына жеткізбей, Азия біріншілігінде немесе мамыр айында Бакуде жалауы желбірейтін «GRAND SLAM» додасында шешуге тырысатынына біз сенеміз. Әйткенмен, күні бұрын даурықпа ақпарат таратпай, әліптің артын баға тұрайық. Сонымен қатар, 81 келі салмақта татамиге шығатын Азиз Қалқаманұлы мен Дәулетхан Жақыпқа да сәттілік тілейміз. Ташкенттегі турнирде баптары келісіп, бақтары қатар шапсын! Алдағы аламандарда қатарынан оза шауып бәйге алып жатса, бұл спортшылардың бірі Рио Олимпиадасына аттануы мүмкін. Ендеше, балуандарға сәттілік тілейміз!
Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Спорт кешені пайдалануға берілді
- 21 қараша, 2024
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді