Өсетін бала жалтақтамайды, ортаға тез бейімделеді. Шу шығармай, өзіне керегін түгендейді. Жетістікке жету үшін оған көп нәрсеге төзуге тура келеді. Ол отты өшіруге, ұшқынды жалынға айналдыруға да қабілетті болу керек. Уәдеде тұру, әділ болу, қулықты да іске асыруға шамасы жетсе жақсы. Осы айтылғандарды басынан өткерген жігіттің бірі – Бекболат Қайыр. Жасы жиырмада. Қаратау қаласының тумасы. Ес біліп қалған шағында Бекболаттың әке-шешесі Бурабайға көшкен. Бертінде Тараз қаласына қайта қоңыс аударған. Қайда жүрсе де ағылшын тілін оқудан жалықпаған жігіт Еуропаның да бірнеше елін шарлап үлгеріпті. Өзі алғыр, зерек.
– Бекболат, әңгімемізді сіздің сырт елде өткізген уақытыңыздан бастасақ. Әлемнің әр түкпіріне барып не көрдіңіз, не үйрендіңіз? – Саяхаттап жүріп Түркия, Франция, Германия, Ресейді де көрдім. Түрлі жаңа достармен таныстым. Тілі, діні, танымы әртүрлі кісілермен әңгіме барысында тәжірибе жинадым. Жеке басымның қабілеттерін шыңдап, қалың топқа кіргенде өзімді қалай дұрыс ұстау керектігін үйрендім. Ең бастысы, алма өздігінен піспейтінін, ауызға домалап түспейтінін жақсы түсіндім. Қиындықтың бәрін еңбекпен жеңу керек. – Шетелде жаңалық ашқан жастардың тізімінде сіз барсыз. Қай елде біліміңізді шыңдадыңыз және қандай жаңалық аштыңыз? – Қайсысынан бастасам екен? Польша. Котовице қаласы. Жаңалық ашуға деген құштарлығым, инновацияға қабілетім Котовице экономикалық университетінде танылды. Өйткені тұрмыстың ажырамас бөлігіне айналған смартфонға жаңа бағдарлама ойлап табу мүмкіндігі сол жерде туды. Дәрістің барлығы ағылшын тілінде жүрді. Өз бетіммен талпынып поляк және чех тілін аздап үйрендім. Польшадағы интернационалды компанияларда тәжірибеден өтіп, көкжиегімді кеңіттім, Еуропалық нарықтың ішкі тетігін түсіндім. – Еуропалық нарықтың ішкі тетігін түсіну дегеніміз не? – Нарықтың бірінші талабы – бәсекеге төтеп беріп, сапаны арттырып, кәсібіңді тұйыққа тіремей, ылдым-жылдым тіршілігіңді жалғастыра беру. Маркетинг саласында бәсекелестеріңнің алдын орап отыру. Дәл сенікіндей өнім ұсынатын ішкі және сырттан келетін компания тауарларының жолын нарық талабымен тұншықтыру Батыста жақсы дамыған. Профессор Збировцкий Пржемиславтың теориялық дәрісінен түйгенім – осы. Мен нарықтың ішкі тетігін қалай түсіндім? Профессор Михайл Куция берген үй тапсырмасын түрік, неміс және француз қызымен бірлесіп орындадым. Берілген тапсырма Германияда шығатын, көліктің сыртына жапсырылатын түсті қағазды Польша нарығында саудалау сценарийін құру болды. Мысалға түсті қағазды Польшаға әуе, су, темір жол немесе автобанмен тасымалдау шығынында қанша айырмашылық бар? Кәсіпкер ресімделетін құжаттардың қанша түрін білуі керек? Польшаның қай қалаларында бұл өнімге сұраныс болады? Салық мөлшері қандай? Мәселен, Қытайдан әкелінетін дәл осындай түсті қағаз бағасымен біз бәсекелесе аламыз ба деген сұрақтардың жауабын табуға тырыстық. Одан кейін Польша инвесторлары Орталық Азияның қай еліне шағын және орта бизнеске инвестиция құйғаны пайдалы, тәуекел коэффициентіне сараптама жүргіздік. – Сіз әлбетте, қазақ еліне инвестиция тарту жобасына уақытыңызды бөлген шығарсыз. Қазақстан нарығында шағын кәсіпті дамытуға қандай артықшылықтар мен қолайсыздықтар бар? – Шетелде «инкотермс» деген ұғым бар. Бұл жауапкершілік сатушыдан сатып алушыға өтеді дегенді білдіреді. Кәсіпорын дайын өнімін буып-түйіп қоймаға түсіреді, болды. Сатып алушы оны немен жеткізеді, жолдағы кедергілермен қалай күреседі – ол өз проблемасы. Біздің елдегі шағын бизнес өкілдері (жеңіл өнеркәсіп, азық-түлік және қалбырдағы өнімдер) шетелдік технология мен солардың станоктарын әкеліп жұмыс жасауда. Менің ойымша, бұлай ету ішкі нарықты толтырып болған соң кәсіп тұйыққа тіреледі. Тауардың өтімі азайса кіріс кеміп, салдарынан жұмысшыларға еңбекақы төлей алмай қаласыз. Өйткені сіз өніміңізді экспорттай алмайсыз. Қайтіп экспортқа шығарады, онсыз да солардан «көшіріп» отырған жоқ па? «Көшірме» оларға керек емес. Біздің елдің нарығы тар болатыны – халықтың саны аз. Біздің кәсіпкерлер үшін жүз сексен миллион тұтынушысы бар Еуразиялық экономикалық одақ – нарығы үлкен мүмкіндік. – Бекболат, сіздің арнайы смартфонға ойлап тапқан бағдарламаңызға көшсек... – Котовицеде жеті профессор өздеріне шәкірт таңдады. Профессор Збировцкий смартфонға қосымша бағдарлама ойлап табуды маған жеке тапсырды. Басым әбден қатқан соң «маскүнемдерге арналған бұғаттау» қосымшасына кірістім. Польша жастары ішімдік ішуден жақсы көрсеткішке ие... «Маскүнемге арналған бұғаттау» дегеніміз не? Біріншіден, смартфонға арналған бағдарлама. Екіншіден, демалыс күндері алкогольді ішімдікке сылқиған адамды көшеде қалдырмай, қарақшыларға «жем» қылмай, үйіне аман-сау жеткізетін «көмекші». Үшіншіден, масайған жүргізушіні жол апатынан қорғайтын «тәртіпті дос». Бұл қалай жүзеге асады? Кешкісін сыраханаға барар алдында смартфоныңызды «маскүнемге арналған бұғаттау» қалпына ауыстырасыз. Осы қалыпқа ауыстырылған соң сіздің үш абонентке ғана қоңырау шалуға мүмкіндігіңіз қалады. Екі мүмкіндік сізге жаны ашитын адам болғаны жақсы. Жедел қызмет көрсету желілерінің кез-келген түрі міндетті түрде үш абоненттің бірі болады. – Бұл бағдарлама смартфон иесіне несімен пайдалы? Құрылғы иесі осы қалыптан оп-оңай шығып, қалаған адамына қоңырау шала береді емес пе? – Міне, әңгіме қайда жатыр? Смартфон иесі бұл қалыптан шығу үшін құрылғы ұсынған жаңылтпашты оқу керек. Егер ол тілін шайнап жаңылтпашты оқи алмай қалса, бағдарламаның арнайы индикаторлары оның даусына қарай қаншалықты масайғанын анықтайды. Қожайынның мас екенін анықтаған смартфон егесінің «тілін» алмайды. Мас адам ескі ренішті есіне түсіріп, әлдекімге қоңырау шалып балағаттап тастауы мүмкін. Ертесінде сол қылығы үшін ұятты болып қалады да. Егер екі абонент тұтқаны көтермесе немесе өшірулі болса, жедел қызмет көрсету желісіне қоңырау шала алады. Тәлтіректеп тұрғанда әлсіздігін пайдаланып, тонап кетпекші болған қарақшылардан қорғану үшін полицияға, жығылып жарақаттанса, жедел жәрдемге жүгіне алады. Ең бастысы, мас күйде көлікті жүргізудің алдын алуға бұл бағдарламаның пайдасы бар. – Жаңа жобаға кіріспес бұрын көпшілікпен санасып, пікірін тыңдаған дұрыс. Бұл жобаңыз көпшіліктің талқысынан өтті ме? – Жобаға кіріспей тұрып біз жергілікті бес жүз тұрғын арасында сауалнама жүргіздік. Жоғарыда айтылған үш абонентпен шектелуді сауалнамаға қатысқандардың тоқсан пайызға жуығы қолдады. Ал «мас күйде көлік жүргізуге отырғанда көлікті бұғаттап тастау қосымшасы болғанын қалайсыз ба?» деген сұраққа келгенде сауалнамаға жауап бергендердің пікірі екіге жарылды. Еуропадағы соңғы үлгідегі көліктерге бұл қосымшаны еңгізуге әбден болады. Әттеген-айы – оны біреу қаласа, екіншісі қаламайды екен... «Маскүнемге арналған бұғаттау» бағдарламасы жеті шәкірттің арасында өткен қорытынды бойынша бірінші орын алды. Жасырын дауыс беруге қатысқан жеті профессор, үш тәуелсіз сарапшының алтауы профессор Збировцкий екеуміздің жобамызды қолдады. – Бекболат, Польшадан елге оралған соң көп ұзамай қайтадан Испанияға біліміңізді шыңдауға кетіпсіз. Американы ашқан Христофор Колумбтың елі қандай екен? – Мен оқыған Аликанте қаласы Валенсия автономиясына қарайды, ол туристер үшін нағыз жайлы мекен болатын. Қаланың етегін Жерорта теңізі шайып жатыр. Кемежайларда небір яхта, желкенді қайықтардың мөлдір су бетінде қалқып тұрғаны әдемі көрініс сыйлайды. Аликандықтар туризм саласында жаппай қызмет көрсетуді отбасылық кәсіпке айналдырған. Қалада жұмыссыздық деңгейі өте төмен. Сіз айтқан Христофор Колумбтың Американы ашқан күні олар үшін – Испан ұлттық күні мейрамы. Испания экономикасы Батыс Еуропада – 5, ал дүниежүзі бойынша 8-орында. Елде көлік құрастыру, кеме жасау, ұшақ шығару, электротехника, тоқыма өнеркәсібі мықты дамыған. Ол жақта жер қойнауын игеру жыл сайын кеміп, жоқтан бар шығарады, электронды жабдықтар экспортталады. Шағын және орта бизнестен түскен салық мемлекеттік бюджеттің 70 пайызын құрайды. Салықты уақтылы төлеу мәдениеті жақсы дамығандықтан, кәсіпкерлер бірінші салықтан құтылғысы келеді. Елдің ауыл шаруашылық саласы инновациялық технологияға сүйенеді. Испандар шарап өндіруден дүниежүзінде – 3, зәйтүн майын шығарудан дүниежүзінде 1-орында. Елге туризм үлкен табыс әкеледі. Жыл сайын Испанияға 62 миллион шетелдік туристер келеді. Испаниядағы жағажайлардың жалпы саны – 200, ал жағалаулық сызықтың ұзындығы – 4964 шақырым. Айтпақшы, Қазақстанда 2030 жылға таман ғана мемлекеттік бюджетке шағын және орта бизнестен түсетін салық мөлшері 40 пайызды құрамақ. – Біз келер жылы «Астана – ЭКСПО – 2017» дүниежүзілік көрмесіне ары кетсе 4-5 миллион шетелдік турист келсе, шүкіршілік етейін деп отырмыз. Сіз Испанияға бір жылда 62 миллион турист келеді дейсіз. – ЭКСПО демекші, Еуропаның «батыс қақпасы» саналатын Испания дүниежүзілік көрмені 1992 жылы Севилья қаласында (тақырыбы: «Жаңалықтар ғасыры»), 2008 жылы Сарагоса қаласында (тақырыбы: «Су және тұрақты даму») өткізген. ЭКСПО – 1992 «Жаңалық ғасыры» Христофор Колумбтың (1492-1992) Американы ашқанына 500 жыл толуына орай ұйымдастырылды. 215 гектар аумаққа қанат жайған көрмеге 100-ден астам ел қатысты. Халықаралық көрме бюросының мәліметтері бойынша, келушілердің саны 42 миллион адамды құраған. Ал 2008 жылы Испанияның өңдірістік аймағы – Сарагоса «Су және тұрақты даму» тақырыбында дүниежүзілік көрмені тағы да қабылдады. Үш ай бойы барлық назар су тақырыбына аударылды. Осы дүниежүзілік көрмеге қатысқан Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев осындай көрмені Астанада өткізудің мүмкіндігі бар екендігін дәл сол жерде айтқан болатын. – Дүниежүзілік ЭКСПО көрмесін өткізген ел ұта ма, ұтыла ма? – Табыс әкелу коэффициенті бойынша мұнай өндіру мен көлік шығару саласынан кейін туризм саласы кіріс келтіруден әлем бойынша 3-орынға табан тірейді. Шетел туристерін қабылдау жөнінен Еуропа жетекші орын алады, оның үлесіне барлық туристердің 60 пайыздан астамы тиесілі. Америкаға шетел туристерінің 20 пайызы, Азияға 10 пайызы келеді. 1988 жылы Австралияның Брисбен қаласында «Техника ғасырындағы бос уақыт» тақырыбында өткен ЭКСПО көрмесіне 18 миллионнан астам турист барған. Әлемдік шарадан соң Брисбен Австралияның дамыған қаласына айналды. 1986 жылы Канаданың Ванкувер қаласында «Көлік және байланыс: қозғалыстағы және байланыстағы әлем» тақырыбында өткен ЭКСПО көрмесіне келушілер саны 6,5 миллион адамға жеткен. 1985 жылы Жапонияның Цукуба қаласында «Адам тұрмысын жақсарту үшін ғылым мен технологияларды дамыту» тақырыбында өткен көрмені 20 миллион адам тамашалаған. – Өзіңіздің замандастарыңызға ЭКСПО көрмесін Астанада өткізу несімен пайдалы екенін түсіндіріп беріңізші... – «Дағдарыс уақтысында ЭКСПО өткізу біздің не теңіміз, одан да соған жұмсаған қаржыны басқа салаға жұмсаса ғой» деген пікірде жүргендер мені кешірсін, олар еліне жаны ашымайтын адамдар. 2010 жылы еліміз Еуропа ынтымақтастық, қауіпсіздік ұйымына төрағалық етіп, саммитті Астанада өткізгенде оған 50-ге жуық елдің бірінші тұлғалары қатысты. Сол уақытта Қазақстанды бүкіл әлем жаңалықтан көріп, таныды. Енді ЭКСПО–2017 «Болашақтың қуаты» көрмесін өткізгенде де сол сәт қайталанады. Дүниежүзілік көрме Орталық Азиядағы Қазақ елінде Елбасымыздың халықаралық беделінің арқасында өтуге мүмкіндік алғанын жастар түсінуі керек. Көрмеден соң Астананың абыройы асқақтайды, қалың қазақтың рухы серпіледі. – Құрбы-құрдастарыңыздың артықшылығы мен кемшілігі неде деп ойлайсыз? – Әлем күн сайын емес, сағат сайын құбылып, жаңарып жатыр. Замандастарымның артықшылығы – осындай жүйрік уақытта қалыспай, көшке ілесіп өмір сүріп жатқаны. Кемшілігі – жастардың қаржылық, салықтық сауаттылығы өте төмен екені. Ең қарапайым мысал – менің достарым пәтерінде тұтынатын қуат, су, жылу, газдың тарифтік бағасын білмейді. Оған басын қатырмайды да. Түтін салығы, көлік салығы, жер салығы, айлық-табыс салығы өзінің жылдық кірісінің бір бөлшегін құрайтынын түсінбейді. Қаржыны дұрыс жоспарламау, көрсе қызар, қызылды-жасылға шығындану жастар арасында жаман әдетке айналған. АҚШ-тың негізін қалаған Бенджамин Франклин «Кімде-кім артық нәрсені сатып ала берсе, ең соңында ең керекті затын да сатуға мәжбүр болады» депті. – Әңгімеңізге рахмет!
Қанат Тілепберген, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
«Менде жеке тұлғаларға табынушылық жоқ»
- 19 желтоқсан, 2024
«Тарихи мәні, тағдырлы мағынасы терең мереке»
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді