«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бейбітшілік – ұрпақтан- ұрпаққа мұра

Бейбітшілік – ұрпақтан- ұрпаққа  мұра
ашық дереккөз
Бейбітшілік – ұрпақтан- ұрпаққа мұра

Асқар Абдуалы, «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының Жамбыл бөлімшесінің өкілі.

Елбасының «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесін адамзатты ұрпағына ең құнды мұра – атомдық жарылыстан азат жер шарын қалдыруға шақырған үндеу болды десек, артық айтпаймыз. Расында, бүкіл ғалам алдында жарияланған манифестің мәні зор. Президент Н.Ә.Назарбаев әлемдік қоғамдастық іс-қимылының тұтастық алгоритмін ұсынды. Ядролық және басқа да жаппай қырып-жоятын қарудан бас тарту үшін дәйектілікпен алға қарай қадам басу қажеттігін айтып, бұл бағытта қазірдің өзінде маңызды шаралар қабылданып жатқанын жеткізді. Мемлекет басшысы айтқандай, ядролық қаруға қарсы қозғалыс қоғамға қозғау салды. 2015 жылдың 7 желтоқсанында Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы Қазақстанның бастамасы бойынша Ядролық қарудан азат әлемді құру туралы жалпыға ортақ декларация қабылдағаны – осының дәлелі. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев бүкіл планетамыздағы адамзат баласына қауіп төндіріп, оларды қырып-жоятын жойқын қару – ядролық сынақтарды тоқтату жөніндегі тарихи шешім қабылдағалы да ширек ғасыр уақыт өтті. Ядролық қарусыз әлем – адамзаттың бүгіні мен келешектегі ізгі мұраттарының ең бастысы. Жер шарын жайпап, ондағы тіршілікті жоюға жол бермеу біздің басты міндетімізге айналуы тиіс. Қазіргі кездегі әлемде орын алып жатқан аймақтық қақтығыстар, ішінара болып жатқан соғыстар, террорлық әрекеттердің барлығы болашағымызды жарқын етпесі анық. Сондықтан, ядролық қарудан бас тартуға ұмтылу – әлемдік өркениеттің негізгі құндылығы деп түсінуіміз керек. Жалпыұлттық «Мәңгілік Ел» идеясын басты мұрат еткен халқымыз, әсіресе бүгінгі жастар, ертеңгі жаңа ұрпақ, бұл үрдістің мәні мен мағынасын терең ұғынулары қажет. Яғни, жастардың бойындағы бейбіт өмір сүруге деген құлшынысты оятып, оған ұмтылдырудың маңызы зор. Ядролық қарудан бас тарту арқылы Қазақстан бейбітшілік пен ынтымақтастық, сенім мен өзара түсінушіліктің жаңа заманауи үлгісін әлемге паш етті. Н.Ә.Назарбаевтың «Ядролық қарудан бас тарту – ХХІ ғасырдың басты мақсаты» деген бастамасын, Қазақстан әзірлеген Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларациясының БҰҰ Бас Ассамблеясының отырысында қабылдануы – осының айғағы. Екі алпауыт мемлекеттер – кешегі КСРО мен АҚШ арасындағы ядролық қауіп Кеңес Одағының тарап кетуіне байланысты сейілгенімен, бүгінде ядролық державаға айналуға ұмтылатын мемлекеттер де бар. Бүгінгі таңда жер жүзінде 19 000 ядролық оқтұмсыққа ие тоғыз мемлекетте ядролық қаруды сынауға мораторий жариялауларына қарамастан, ішінара ядролық сынақ жүргізу орын алуда. Яғни, «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысы әлемдік деңгейде атқаратын жұмыстарын әлі де күшейте түсуі қажет. Ұлттар мен мемлекеттер жеке-жеке, бөлек өмір сүргенімен, жер, су мен ауа ортақ. Сондықтан да, осы орталық құндылықтарымызды сақтауымыз қажет. Қазақстанда 14-30 жас аралығындағы жастардың саны 5 миллионға жуық. Бұл – үлкен күш. Бүгінгі жас ұрпақ жаһандық проблемалардың ішінде ядролық қарудан келетін алапат апатты бір сәт те естерінен шығармауы тиіс.

Ұқсас жаңалықтар