«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ақкөздің ерлігі

Ақкөздің ерлігі
ашық дереккөз
Ақкөздің ерлігі

1916 жылдың маусым айында орыс патшасы Николайдың халықты тыл жұмыстарына пайдалану үшін әскер қатарына шақыру туралы жарлығы қазақтарды дүр сілкіндірді. Әр аймақта болыстар әскер қатарына қазақтардан шақырылуға тиіс 19 бен 45 жастағы азаматтардың тізімін жасап, уезд басшыларына тапсыру керек болатын. Біраз адамдар жастарын кішірейтіп, енді бірі жастарын үлкейткенімен қазақтың көбісі әскерге кететін болды. Алайда, патша жарлығына қарсы әр жерде көтеріліс тұтанып, келіспеушілік көбейді. Жұрт болыстардың үйлерін қиратып, тізімді жоюға қарсы шаралар ұйымдастырып, әскерге адам жібермеуді ойластырып, наразылық білдіре бастады. Тарихтан белгілі, осындай көтерілістің ең үлкені Торғайдағы Амангелді Иманов бастаған ұлт-азаттық көтеріліс болды. Көтерілістің бірін Алматы маңында Бекболат батыр ұйымдастырды. Мұндай наразылық Меркі мен Шу жерінде де бұрқ етті. Бұл көтеріліске Ақкөз Қосанов жетекшілік етеді. Көтерілісшілердің саяси жетекшісі – Тұрар Рысқұлов. Ақкөз Қосановтың көмекші хатшысы болып Ысқақ Асимов бекітіледі. Осы көтерілістің 55 жылдығы қарсаңында, 1971 жылы, сол кездегі «Еңбек туы» (қазіргі «Ақ жол») газетіне мақала жазған едім. Көтеріліске қатысқан бірнеше адамнан алған шағын сұхбатымның облыстық газетке жарияланғаны да есімде. Кейіннен Ақкөз Қосановтың туған-туыстары табылып, есімі Меркідегі Калинин мектебіне беріліп, алдына ескерткіші қойылып еді. Ал енді Ақкөз Қосановтың көтерілісі туралы айтатын болсақ, 1916 жылдың маусым айының аяғында Аспара болысы жақтағы қазіргі Алтын арық ауылының маңында 5-6 мың адам жиналып, оған Шу бойынан сиқым, жаныс руынан, Меркіден ботбай, шымыр руларының азаматтары келіп, елге сыйлы, беделді, батыр мінезді Ақкөз Қосановты ұлғайған жасына қарамастан, көтерілістің басшысы етіп сайлаған. Олар алдымен Шу өзенінің маңында орналасқан Новотроицк селосындағы орыс әскерін жойып жібереді. Кейіннен Меркі бекінісіне жасырынған орыс әскерлерін жойып, жау жағының біраз қару-жарағын жинақтап, қолдарындағы айыр-күректерін қаруға айырбастап алады. Көтерілістің саяси күреске айналуына Т.Рысқұлов басшылық етеді. Әулиеатадан келген орыс әскерлеріне де аямай соққы беріп, жеңеді. Бірақ, көп ұзамай Ташкенттен жеткен, Г.Савченко бастаған жазалаушы отрядтың 5-6 зеңбірегі, 10-нан аса пулеметі, атты әскер жасағы мен жаяу әскерлері болады. Қарулары аз, соғыс өнерінен хабары жоқ көтерілісшілердің қолға түскенін Меркі мен сол кездегі Луговойдың арасындағы бағаналардың әрқайсысына іліп азаптайды. Т.Рысқұлов Ташкентке, Ысқақ Асимов Бішкекке кетіп, бой тасалайды. Ал А.Қосанов Шу маңындағы шымырлар мен сиқымдардың арасына кетіп қалады. Дегенмен, көп ұзамай біреулердің айтуымен қолға түскен оны Новотроицк селосы маңына орналасқан орыс әскерлері ұрып өлтіреді. Осы көтерілісте менің атам Қоқай жараланып, көп ұзамай алған жарақатынан қайтыс болады. Міне, Ақкөз Қосанов көтерілісі осылайша біздің әулет үшін де қайғылы аяқталады. Ақкөзге атқосшы болған Андабай батыр бір аяғынан айырылады. Көтерілісшілерге аспаз болған өзбек жігіті Салижан да берірекке дейін ғұмыр кешті. Андабай да, Салижан да 1980 жылдары өмірден озған. Кезінде мен ол кісілермен кездесіп, сұхбаттасқан едім. Совет үкіметі орнаған соң Ысқақ Асимов Меркі ревкомының алғашқы төрағасы болып сайланады. 1916 жылғы Ақкөз көтерілісі ұлт-азаттық қозғалыстың, тәуелсіздік үшін күрестің алғашқы қарлығашы десе де болады. Осындай сан қилы қасіретке толы көтеріліске биыл 100 жыл толып отыр.

Мәскеу Ноқрабеков, журналист.

Меркі ауданы.

Ұқсас жаңалықтар