дейді «Бүкпесіз әңгіменің» бүгінгі қонағы, «Дарын» мемлекет тік жастар сыйлығының иегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, республикалық «Асыл арна» телеарнасының бас директоры Мұхамеджан Тазабек
«Ғашықтық, құмарлықпен – ол екі жол»
– Мектеп қабырғасында жүріп-ақ алуан түрлі додаларға қатысып, алқалы топты аузыңызға қаратқан айтыскер ақын атандыңыз. Қанатыңыз қатайды, қалыптастыңыз. Қамал алатын қырық жасқа келгенде жастарға айтар өсиет, берер бағдарыңыз қандай? – Түйгенім, 40-50 жасында қоғамға пайдасы тиіп, белгілі бір нәтижеге жеткен кісілердің барлығы жастық шағының әр күнін ізденіспен, талпыныспен, білім мен еңбекке ұмтылумен өткізгендер. Жасында өз жүгін өзі көтермеген, елуінде де ел ағасы болып ерлей алмаған адам жасы ұлғайғанда ақылы дария, көңілі кеніш, дана қартқа айналып кете салмайды. Расында жастық кезін өкінбестей өткізген жан қартайған сайын тұлғалана береді. Жалынды шағында жүйелі білім алып, халықтың қамын жеген азаматтармен үзеңгілес болған, көпті көрген, оны лайықты қорытқан адам жасы ұлғайғанда айналасындағылар айырылғысы келмейтін аяулы жан болады. Ісіміз жемісті болу үшін – сабыр, жетістікке жету үшін – уақыт, жеңіс үшін – ауызбіршілік керек... Біз ата-әжелеріміздің аузынан «бала болып жарытпадық, балалық шағымызды соғыс ұрлап кетті» дегенді көп естіп өстік. Ал менің замандастарымда алаңсыз балалық шақ болды. Отбасында азды-көпті жетіспеушіліктер кездескен шығар. Бірақ, тыныш заманда бала болып асыр салуымызға ешкім кедергі жасаған жоқ. Бұл – бағаламай жүрген бақытымыз. Сондықтан, бейбіт аспан астында берекелі ғұмыр кешіп жатқан бүгінгі жастар, уақытын білім мен еңбекке арнап, жастық қуатын пайдалы өнер мен спортқа сарп етсе, ата діннен ажырамас ұлттық тәлім-тәрбиемізді терең меңгеріп, ғұмырына тірек етсе деген тілегім бар. – Осы тұста балалық шағыңыз туралы, айтыскер болып қалыптасуыңызға ықпал еткен адамдар туралы айтып өтсеңіз. – Ақындық қабілет – ең алдымен Жаратушының нәсіп еткен сыйы. Менің өлеңге бейімділігімді алғаш анам байқаған екен. Ол кісі ауылдың кітапханашысы болатын, көркем әдебиетті жасымнан көп оқуыма, ең әуелі сол аяулы адам ықпал етті. 1 пайыз талант 99 пайыз еңбекпен ұшталатынын айтқан біз емес. Қанша жерден талантты болса Абай да, Жамбыл да еңбектенген. Сара мен Біржанның айтысы да классикалық үлгіде болуы үшін қаншама тер төгіліп, қаншама қалам мүжілген. Жұрт алдында жарқылдап та, қарқындап та шығу үшін дер кезінде қолдау қажет. Маған сондай жанашырлық танытқан адам – Берден Байқошқаров деген кісі. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, мен 8-сыныпта оқып жүргенімде ол кісі біздің «Шахан» (ол кезде Чапаев деп аталады) кеңшарына директор болып келді. Келе сала өнерге жаңадан қадам басып жүрген мені алдырып, қолдау білдіріп, қолтығымнан демеді. Сол кезде мектеп партасындағы маған 120 сом айлық тағайындатып, шалғайдағы ақындармен байланысу үшін, шаруама қажет кезінде кеңшардың гаражындағы кез-келген көлікті мініп кетуіме мүмкіндік тудырып, жағдай жасап қойды. Қазақтың біртуар ұлдары Дінмұхамед Қонаев, Асанбай Асқаров секілді қайталанбас тұлғалардың шаңырағына ертіп барып, аузы дуалы кісілердің батасын алуыма ықпал еткенін қалай жадымнан шығарайын?! Берден ағаның мені үлгілі тұлғалармен таныстырып, өнегелі жолға бастауы – үлкен қамқорлық еді. Сондықтан болар, мен өрескел қылықтардан ада, рушылдық пен бөлінушіліктен сол кезден-ақ алыс болдым. Содан кейін Жамбыл ауданы, Пионер ауылында тұратын белгілі айтыскер, жерлестері Ақанай атап кеткен Айтмұхамед Исақов ағамыз мектеп қабырғасынан-ақ айтысқа баулып, өлең-сөздің қадір-қасиетін ұғындырды. Ол кісі мені үстелге отыра қалып өлең жазуға емес, ақын боп өмір сүруге үйретті. Таза табиғи қалпымызды бұзбай, адал да әділ болудың мәнін сіңірді. Екеуміз атқа мініп, жайлауға шығып, балық аулауға барып, жап-жасыл табиғат аясында уақыт өткізетінбіз. Менің домбыра ұстап айтысқа шығып, белгілі бір нәтижелерге қол жеткізуім сол ағалардың еңбегінің жемісі екені анық. – Қандай студент болдыңыз? – Студент Мұхамеджан үшін екі ерекшелік болды. Көп кісілер студенттік жылдарын ішер асқа, жатын орынға жарымай өткердік деп еске алып жатады. Жаратушы сыйлаған нәсіптің арқасы ғой, жағдайына шүкіршілік ететін студенттердің қатарында болдым. Ішімдіктен, темекіден аулақ жүргенім үшін де Аллаға тәубе деймін. Екіншіден, мен ақын ретінде махаббат маусымын көп шиырламай негізгі нысан ретінде отаншылдық, елдік, патриоттық, имандылық тақырыбына жақын болып, шамам келгенше ұлттық тәрбиеге үлес қосуға ден қойдым. – Махаббатты мүлде жырламадыңыз ба? Бұл сезімді өлеңмен көрсету ақын біткеннің бәріне тән қасиет емес пе? – Махаббат сөзі ауызға алынса, елдің есіне қыз бен жігіт қарым-қатынасы ғана түседі. Солай қабылданып кетті. Негізі олай емес қой. Махаббат – ол сүю. Ең бірінші, Жаратушыңды сүйесің, ата-анаңды, Отаныңды, кіндік қаның тамған туған жеріңді, адал жарыңды, перзенттеріңді сүйесің. Және бұл нағыз ұлы сезім дер едім. Біздің драматургия, поэзия, музыка әлемі махаббат туралы шығармаларға кенде емес қой. Мәселен, қазіргі таңда шығып жатқан әндердің 95 пайызы махаббат тақырыбында. Моншаға күнде түскен адамның денесі босап кететініндей, күнде маxаббат жайлы ән естіген адамның да жүрегі езіліп, мінезі қайсарлықтан гөрі боркеміктікке ұласып жатады. Сонша шырқап жатқанның өзінде де бір Иман Жүсіпше «қасымдағы жігітке олжа салып, бір күнде сегіз қызды алып қаштым» деп асқақ жырласа бір сәрі, «не жаздым мен жаным саған, қарамастан кеттің маған» деген мәтінінен жасықтық, ынжықтық сезілетін өлеңді үлгі тұта алмайтынымыз анық. Терең ойлап көрсеңіз, қазақтың қарапайым бір қызына сөзін өткізе алмағанын, өксікке толы өкінішін жаһанға жария етіп, жылай беру, жырлай беру кімге қажет. Ұлымыздан отбасына еге болатын еркек жасай алмай, бір күйеуіне жүрегін бекем байлап, өзгеге көзін сүзбейтіндей аманатшыл қыз тәрбиелей алмай қиналып жатқан ата-ана қаншама? Маxаббаттың ғұмырлы да берекелі болуы – тазалығында, пәктігінде. Күндіз-түні маxаббат жайлы кино көріп, ән естіп, әңгіме айтып, бірақ, жыл өтпей жатып-ақ бір-бірінен суып, ажырасқанша жаны тынбайтын жастардың көбейгені қалай? Ал керісінше өзара ғашықтығын көзбен айтып, көңілмен сездіретін қаншама ата-әжелеріміздің қаусаған қария болса да бір-бірінсіз шай іше алмай, жолаушылап кеткен сыңарын сапардан келгенше сарғая сағынуы нені білдіреді? Демек, маxаббат айта бергеннен көбейіп, ести бергеннен еселенбейді екен. Керісінше, тұтанған маxаббатты өшіріп алмау үшін, мейірім мен кешірімді, қамқорлық пен жанашырлықты оның қорғанына айналдыра білсек екі дүниеде өкінбес жүректің егесіне айналады екенбіз. «Ғашықтық құмарлықпен ол екі жол» деп хәкім Абай тегін айтпаған ғой.
«Қоғамға бұрынғы Мұхамеджаннан қазіргі Мұхамеджан пайдалырақ»
– Имандылыққа жан-жақты мойын бұрдыңыз. Арада аз жыл өткенде айтыс сахнасынан көрінбей қалдыңыз. Пайдалы шешім болды деп ойлайсыз ба? – Бұрын айтысып жүрген Мұхамеджан жалғыз өзін ғана тәрбиелеп, өзін шыңдап, өзін сахнаға алып шығатын. Қазіргі Мұхамеджан одан пайдалырақ деп есептеймін. Себебі, жалындаған жас ақындарды тәрбиелеп, соларға бағыт-бағдар беріп, халықтың алдына шығуына себепкер болып жүрміз. Хадисте «Бір кісі басқа адамның ізгілікке бастауына жолбасшы болса, өзі де сондай сауапқа ие болады әрі тәрбиелеген адамы да сауапсыз қалмайды» делінген. Өнердегі өмірімді үлкен сөйлем деп алатын болсам, бар болғаны соған үтір қойдым. Қатарластарымның арасында нүкте қойғандар да бар. 14-15 жылдан бері елімізде жүзге жуық ірі айтыстың өткізілуіне себепкер болдым. Әр айтыскердің мүмкіндігін білетін адам ретіне кейде қазылар құрамында отырғанымнан да зиян жоқ деп ойлаймын. Одан кейін ұлттық арнада, қазақ радиосында имандылық бағытындағы арнайы бағдарламаларды жүргізгенім де көрермендер мен тыңдармандарға пайдалы болған сияқты. Намаз оқып, иман бұлағынан сусындай бастаған кезде, тәуелсіздіктің бір тұғыры рухани беріктік пен дін тазалығы екендігіне көзім жетті. Осы ізбен бірнеше жылдан бері «Асыл арна» республикалық рухани-ағартушылық телеарнасының директоры ретінде де ел руханиятының дамуына қал-қадірімше үлес қосуға ұмтылып жүргенім бар. – Әлеуметтік желіде дін төңірегінде нешетүрлі ақпараттар бар. Құран аяттары мен қасиетті хадистерді бұрмалайтын бұзық пиғылдылар кең етек жайды. Түрлі теріс топтарға көзқарасыңыз қалай? – Ислам діні – бәрімізге ортақ, ең асыл және ең таза дін. Ислам дінін ұстану – Құран мен сүннетті төл мазхабымыздың түсінігімен бағамдап әрі шариғатпен қабысқан салт-санамыздың жоралғыларын қадір тұту. Ислам – ізгілікке оранған әлем. Қалған топтардың, ағымның бәрі ұстанар бағытын дұрыс таба алмағандар тарапынан туындайтын тәрізді. Көп жағдайда жастарымыздың басқа нәрсеге бой ұрып кетуінің себебі – олардың жүректегі қалауын тауып беретін орта қалыптастыра алмауымыз дер едім. Яғни, көп жағдайда балада бір сұрақ туындаған кезде, отбасындағы асыраушы әке-шешесі оған рухани бағыт-бағдар бере алмауда. Ал қоғамға барса, әзірге мешіттер аз, ол жерде насихат айтатындардың көбі жастар. Мықты уағыз айтатын дәстүрлі мектептен шыққан өкілдеріміздің қарасы енді ғана көбейе бастады. Сондықтан сары ауыз, сабырсыз жастар басқа бір нәрселерге аңсары ауып, соның салдарынан теріс жолдарға түсіп кетіп жатады. Секта өз ұстазына, жекелеген тұлғаларға шақырады, ал нағыз мұсылман Алла мен Оның Елшісіне, көркем құндылықтарға бастайды. Асыл дініміз тек ізгі қасиеттерге: ата-ананы сыйлауға, некеге аманат деп қарауға, туыспен жақсы қарым-қатынас ұстауға, тіпті, жол бойында жұртқа кедергі келтіретін затты алып тастауға үндейді... Әрине, адасушы топтарда жүрген бауырларымызға Алладан «Тура жолды нәсіп ете гөр!» деп тілеп жүргендердің қатарындамын. Аллаға шүкір, діни басқармамыз бар, білікті имадарымыз көбейіп келеді. Жүрген жолымыз мешітке бастап, жүрегіміз мешітке байланғанына не жетсін?
«Сырт елдер қызығатын құндылығымыз көп» – Шет мемлекеттерде көп болдыңыз. Қазақстанмен салыстырғанда олардың рухани тұрғыда ойлауы қалай екен? – Иә, Жаратушының қалауымен талай сырт мемлекеттердің топырағын бастық. Дәмін татып, ауасын жұттық. Әр елге барғанда туристің көзімен емес, ақынның, мұсылман адамның көзімен қараймын. Көптеген елдер барлық нәрсені осы дүниеде көріп қалайық деген пиғылдан, рухани тұрғыдан құлдырауда. Көп мемлекеттерде келеңсіздік, дүрбелең туындап жатса, оның барлығы барға шүкіршілік етпеуден орын алады. Күйреген жұрт адамдарының мейірімсіздігінен, кешірімсіздігінен шалыс басып отыр. Баласы әкесін, қызы анасын тыңдамаған елде болашақ жоқ. Қай мемлекетте болсын, ұзақ жүрсем өз елімді, Қазақстанымды сағынамын. Қанша елдерде жұмыс бабымен жүріп, қазақтың тағамындай дәмді асты еш жерден кездестіре алмадым. Қазақтың қонақжайлылығы мен ақкөңілділігі де көптеген мемлекеттегі адамдардың бойынан табыла бермейді. Бірде Тұманды Альбионға жолым түсіп, ағылшын елінің белді саясаткері Лорд Ахматпен тілдесудің сәті түсіп, Ұлыбританияның төрткіл дүниенің дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосылып, әлемге әмірін жүргізіп отырған ел ретінде ендігі арманы қандай екенін сұрадым. Сонда Лорд мырза былай деп жауап берді: «Сөзіңнің жаны бар. Бүгінгі Англия – экономикалық әлеуеті артқан, тұрмысы бақуатты ел. Бірақ біздің ағылшын отбасыларының дені бір шаңырақтың астында әке-шеше, бала боп өмір сүре алмай отыр. Толық отбасы ретінде күнделікті өмірдің қызығын бірге көргенге не жетсін?! Бұл – біздің орындалмай тұрған арманымыз. Ал сан ғасырлық салт-дәстүрін, ұлттық болмысын жоғалтпаған қазақ халқы дамыған 30 мемлекеттің қатарына кірсе, берекелеріңіз еселене түсері күмәнсіз. Себебі, сіздер ұлттық тамырын терең жіберген, рухани кемелденген, бай халық екенсіздер. Сіздер осы 30 елдің қатарына енсеңіздер, бізден де озып кетесіздер» деп ағынан жарылды. Міне, осындайда кейде өзіміз бағаламайтын, бірақ сырт елдер қызығатын құндылықтарымыздың бар екені қуантады. – Мемлекет дамуының кілті әр отбасының татулығында дейсіз ғой. Озық елге айналу үшін ел жастарының бойынан қандай қасиеттерді көргіңіз келеді? – Әр отбасы – шағын мемлекет емес пе? Шағын мемлекеттің тату, қуатты, іргесі берік қалыптасуы мемлекетіміздің мығым, үздік болуына ықпал етеді. Отаудың іргесі берік қалануынан Отанның болашағы нығаяды. Яғни, жастардың отау құруға жауапкершілікпен қарағаны мақұл. «Үйлену оңай, үй болу қиын» дегенді қазақ атам өмірдің өзінен алса керек. Меніңше, әрбір жасты, әр отбасын «мемлекет бізге не береді деп емес, біз мемлекетімізге не береміз» деген көзқарас өсіреді деп ойлаймын. Бұл ретте бір мысал айтқым келеді. Бұрынғы заманда алыс қалада білім алып жүрген шәкірті ұстазынан бірер күнге сұранып, отбасына барып қайтуды ойлайды. Осылайша, отбасына келе жатып жолда қанаты сынған кептерді көреді. Кенет аспаннан басқа кептер ұшып келіп, әлгі жарымжан көгершіннің аузына су тамызады. Сол жерден шәкіртке ой түсіп, кері қайтады. Ұстазы шәкіртінің жылдам қайтып келгенінің себебін сұрайды. Шәкірті жолдағы көрген оқиғасын айтып беріп, «менің отбасыма да біреулер көмектесуі мүмкін ғой» деп қайырады. Сонда ұстазы: «Айналайын-ай, менен қанша сабақ алып жүрсең де өзгермепсің-ау. Өзіңді неге қанаты сынған құсқа теңейсің? Өзіңді неге жарақаты бар құстың аузына су тамызған жанашыр кептерге ұқсатпайсың? Сенің отбасыңа неге біреу көмектесуі керек? Өзгеге қол ұшын беретін әлеуетке ие болуыңа не кедергі?» деп ой салған екен. Жақында әлеуметтік желіден көрдім. Шымкентте біреу машина жөндеу орталығын ашып, оның маңдайшасына «Қоянды қамыс, жігітті намыс, «СТО-ны» таныс өлтіреді» деп жазып қойыпты. Қайтеді енді, әр танысы, жекжаты көлігін тегін жөндете бергені ғой. Қарсы болса, «не болды, бір келгенімде қызметіме жарамағаның ба?» деп өкпелейді. Жүз танысы сөйтіп келе берсе, ол «СТО» «өлмегенде» қайтеді? Керісінше, «досым, осындай орталық ашыпсың. Жұмысың жүрсін деп саған келдім. Басқаға да төлейтін ақшам ғой. Одан да сен ал» десе осындай мәтіндерді оқымас едік. Мен еліміздің әрбір жасы өз отауын берік сақтап, Отанының дамуын жан-тәнімен ойлайтын қасиетке ие болса екен деп тілеймін. – Жастардың ұлттық дәстүрді қабылдауы қалай деп ойлайсыз? – Біз кеше ғана төрінде абыз ақсақалы жантайып, әңгіме айтқан әженің жүзінен мейірім төгіліп, тізелеріне отырған немерелері ғибратқа ұйып, ибалы келіні құйған шайдың үстінде даналық бұлағынан сусындағандай тәрбие таратқан халық едік. Тәрбиенің бастауы – тал бесіктен. Әкесі ұлына өмір сүру ұлағатын айтып отырса, анасы қызына киімін, жан-дүниесін таза ұстауды міндеттесе, ұрпақ қыңыр боп өспейді ғой. Бұрын бабаларымыз «қызым – үйде, қылығы – түзде» деуші еді. Қазір «қызым – үйде, қылығы – интернетте» деген жағдай туындап тұр. Өзгенің арбап салған өрнегіне еніп кеткеніміз сонша, келінге де, күйеу балаға да, құдаға да қойылатын талап өзгерді. Мәселен, бүгінгінің ұғымындағы «жақсы қыз» кім? Немесе жалпақ тілмен айтқанда «жігіттерге әйел, үлкендерге келін» болатын, сұранысқа ие «идеал бойжеткеннің» өлшемі қандай? Мектепті «Алтын белгіге» бітірген, алдыңғы қатарлы жоғары оқу орнын қызыл дипломмен тәмамдаған, ағылшын тілін жетік меңгерген, магистратура дипломы, көлік жүргізу құжаты бар, компьютердің құлағында ойнайды, жақсы жерде қызмет атқарады... Тізімді осылайша жалғастыра беруге болады. Тіпті, жігіт тараптан берілетін қалыңмалдың мөлшері қыздың осындай артықшылықтарына қарай белгіленетін көрінеді. Алайда, «Қыз мұраты – кету» дегендей, бойжеткеннің түбінде табан тірейтін аялдамасы – бір әулеттің келіні болу. Ал өнегелі келінді анықтаудың қаймағы бұзылмаған бір қағидасы бар. Барған жеріңде дәмді тамақ істеп, қонақ күтіп, жұртпен тіл табыса алмасаң, әдет-ғұрыптың жөн-жосығын біліп,елмен етене араласа алмасаң – алтын белгің мен қызыл дипломыңның құны қаншалықты? Ата-енені сыйлау үшін ағылшын тілін білудің, күйеуіңе бойсұну үшін магистратураны бітірудің, жайылған дастарқан, жайдары қабақпен туыстарыңды риза ету үшін компьютерді меңгерудің қажеті шамалы. Жо-жоқ, бұл өзіңді дамытпа, оқыма деген сөз емес, әрине. Оқы, кәсіп үйрен! Тек мұның ең негізгі нәрсе емес екендігін ескеруіміз керек. Қыздың абырой-беделі ибасымен, ары, пәктігі, дүниеге әкелетін ұрпағының санымен, сапасымен өлшенеді. Әйтсе де, Аллаға шүкір, намысты, діні мен дәстүрін құрметтейтін қайсар ұл-қыздарымыз аз емес. – Демократия деп билікті сынап жататындар бар. Сіздіңше, бұл ойын ашық білдіруге жата ма, әлде өз Отанында жасалып жатқан жақсылықтарды көре алмау болып табыла ма? – Қоғамда әркімнің өз орны болуы керек дер едім. Мұғалім жоғары деңгейде баланы оқытсын, такси жүргізушісі жолаушысын жеткізсін. Қоғамда әркімнің ойын ашық айтқаны орынды болса қанеки. Бірақ, өркендеп, қалыптасу жолындағы тәуелсіз еліміздің көшін алға сүйреп, жанталасып жатқан қайраткерлердің еңбегін елеусіз қалдырып, емеурінмен болса да, ел дамуына қолдау көрсетпегендерді дұрыс санамаймын. Айтылған сөз бейбіт халықты аласапыранға, шеруге, бей-берекетсіздікке шақырып, ру мен руды қарсы қоюға соқтыратын болса, ондай «шындықтың» ішіңде тұншыққаны жақсы. «Иманың қандай болса – имамың сондай» демекші, кімнің билеуші болуы – сол қауымның Алла алдындағы лайықтылығына байланысты. Қазанға семіз ет салсаң – майлы сорпа шығады, арық ет салсаң – көк сорпа шығады. Билік – халықтың бетке шыққан сорпасы. «Жеміс ағашынан алысқа түспейді». Халық та, билік те осы қоғамның жемісіміз ғой. Сондықтан өзгені түзелсін десек, өзіміз түзелейік. Оның үстіне, ел тізгінін ұстаған, саясатпен шұғылданушы кісілер жағдайды мемлекеттегі әр адамның құлағына сыбырлап, түсіндіре алмайды. Біз қазір тасып жатқан өзеннен жайдақ өтіп бара жатқан жолаушы секілдіміз. Тасқыннан өтуге тәуекел еткен жолаушы атын тебінбейді, шылбырын да сілкімейді. Жарамды аттың жалына жармасып, жал-жал толқынды жарып өтуіне жағдай жасайды. Кедергі жасамайды, керісінше кеңшілік жасап, мүмкіндік береді. Себебі, әлсізбіз, жол ауыр, жағалау алыс. Шыдамсызданғанмен шын болмыстан алыс кете алмаймыз. Сондықтан, екі шылбыр, бір тізгінді ұстаған тұлғаның шешімдеріне құрметпен қарап, қолдау білдіргеніміз қоғамға да өзімізге де пайдалырақ. Әділ әрекет – сол. Мысалмен сабақтайын. Ерте заманда қоғамға пайдасы мол ғалым кісі патшаның алдында айыпты болып қалады. Патша ашуланып жендеттеріне әлгі адамның басын алуды бұйырады. Бұл бұйрықты естіп патшалықтағы ел күйзеледі. Өлім жазасына бұйырылған адам жақсы істерімен халықтың жүрегінде жүрген кісі екен. Содан бас уәзір барып, патшаның алдына оңаша кіріп ашуынан қайтарады, әлгі адамға жеңіл жаза тағайындалуын өтінеді. Патша бас уәзірдің өтінішін қабыл алып, өлім жазасын дүре соғу жазасына ауыстырады. Бірақ, бас уәзірге жиналған жұрттың көзінше дүрені өзің соғасың деп шарт қояды. Уәзір амалсыз келіседі. Содан бас уәзір жиналған жұрттың алдында өлім жазасынан құтылған кісіге дүре соғады. Көргеніне ғана сенетін көпшілік сонда бас уәзірді жек көріп, балағаттап кеткен екен. Бірақ, бас уәзір әлгі қоғамға пайдалы адамды өлім жазасынан құтқарып қалғанын айта алмады. Осы жерде халықтың бас уәзірді жек көруі әділдік пе? Кейбір шектен шыққандардың билік шешімдерін түсінбеуі әлгі мысалдағы уәзірдің жазықсыз жазғырылғаны секілді емес пе? Сонда мәселе қандай көзбен қарағаныңызға байланысты. Мемлекет түгілі, отбасыңыздың өзінде, түсініспеушілік болып, жарыңызға өкпелеп қалсаңыз үйге кіргіңіз келмейді, түсіністікпен қарасаңыз тысқа шыққыңыз келмейді. – Әлеуметтік желіде сіздің атыңызға 300 мыңдай адам тіркеліпті. Ғаламторда сізді осынша кісі оқиды. Ал сіз кімдерді оқисыз? – Мен әлеуметтік желіні ақпарат алу үшін ғана пайдаланамын. Тіркелушілердің атағы мен абыройы мен үшін маңызды емес. Мәселен, әлеуметтік желіде шоу бизнесте жүрген үш-төрт әйелмен ғана достығым бар. Олар: айтыскер Айнұр Тұрсынбаева, әншілер Қарақат Әбілдина, Алтынай Жорабаева сияқты ханымдар. Оның себебі, бұл кісілермен жекелей таныстығым бар. Отбасы болып араласамыз. Өнер саласына қатысты негізгі жаңалықтың бәрін осы үш кісінің парақшасынан-ақ біліп аламын. Саясаткерден Ерлан Каринді, ақындардан Қалқаман Саринді оқимын. Кейбір миллиондаған тіркелушісі бар тұлғалардан түртіп алатын тәлім-тәрбие таппаған соң оқуды жөн көрмеймін және өзгелердің де оқығанына оң қабақ танытпас едім. – Сіздің үй қонақты көп күтеді деп естідім. Қонақжай болуыңыздың сыры неде? – «Жарың жақсы болса, үйіңе көп кісі келеді, жарың жаман болса келген кісінің кеткісі келеді» деп Төле би бабамыз айтып кетті емес пе? Шаңырағымыздан қонақ үзілмей жатса, өмірлік жарымның мені түсінгенінен, отағасының қадірін біліп,бағалағанынан деп ойлаймын. Бұрынғы заманның өзінде қонақ тек қана байдың үйіне түспеген ғой. Алдымен жетім баланы асырап отырған, мейірім-шуағы бар үйге түседі екен. Қазақтың «Қонақ он несібесімен келеді. Оның біреуін ғана жеп, тоғыз несібені тастап кетеді», «Қонақпен еріп, құт келеді, қонақты қуа берсең, құт қашады» деген нақыл сөздері де бар. Қонақ келсе, шаңырақта әңгіме өрбиді. Жақсы сөздер айтылады, жақсы сөзден ұл-қыздарымыз өнеге алады. Сондықтан, жайылған ақ дастарқанымыздан қонақтың үзілмегенін қалаймыз. Қонаққа құшағы кең, өзге ұлт өкілдерінің өзін қиын шақта бауырына тартқан халықпыз ғой. Қонақжайлық қасиетімен болмысы айшықталған қазақ жұртымыз: «От жағылмаған үй – қора, кісі келмеген үй – мола» деп, мейманнан мақұрым қалған үйді молаға теңеген болатын. Тіпті, қонақ асын «бөлінбеген енші» деу – дәстүрге айналған халық жоралғысынан саналыпты.
«Дін ұстай алсаң –қасиетің, ұстай алмасаң – қасіретің» – «Жақсының соңынан сөз ереді» дейді. Сіздің аты-жөніңізге кейбіреулердің жағымсыз сөздер айтатыны жасырын емес. Мұны қалай қабылдайсыз? – Тұспалыңды түсіндім. Менің ұстанымым талайлардың тіліне тиек болғанын өзім де байқаймын. Біреу қызғанып айтады, біреу сауатсыздықпен сөйлейді. Бірақ, «көптің аузын күзетсең күн көрмейсің» деген қағиданы ұстанамын. Мен ислам бұйрықтарын орындасам, бабаларым ұстанған жол емес пе? Жыр алыбы Жамбылдың өзі Кремльде, Сталиннің алдында намаз оқыған жалғыз қазақ еді ғой. Алдыңғы жақсылардың жолымен, ата дінді ұстансам, имандылыққа жақын жүрсем, онымнан ешкімге зиян тимейді деп ойлаймын. «Дін – ұстай алсаң – қасиетің, ұстай алмасаң – қасіретің» дегенді де қазақ бекер айтқан жоқ. Осы тұрғыда бір мысал ойыма келіп отыр. Бір заманда әкесі мен баласы базардан қайтады. Бір ауылдың үстінен өте бергенде оларда көрген ел-жұрт: «Япыр-ай, қаршадай баласын отырғызбай, сомадай болып әкесі есекке отырыпты. Бұл қандай мейірімсіз әке!?» – деп сөгіпті. Әкесі мұны естіп: «Балам, есекке енді сен отыр», – деп, жаяу жүреді. Келесі ауылдың үстінен өтсе: «Есекке қаршадай ғана баласы отырып алыпты, сақал-шашы ағарған әкесі жаяу келе жатыр. Мынау не деген тәрбиесіз бала?!» – деп тағы өсектепті. Мұнан кейін есекке әкесі мен ұлы бірге мінгесіп алғанын көрген жұрт тағы да: «Екеуі кішкентай ғана есекке отырып алыпты, не деген мейірімсіз, жандары ашымайтын адамдар!?» – деп айыптайды. Сосын әкесі: «Қой, балам, есек демалсын» деп екеуі де жаяу жүрсе, халық тағы да: «Мына екеуі де ақымақ екен, ең болмағанда біреуі есекке отырмайды ма!?» – деп бәрібір бұлардың амалын теріске шығарыпты. Бұл мысалда айтылғандай, көпке жағу қиын. Анығын айтқанда, ешкімнің көңілін қалдырып, өкпелеткен емеспін. Жақсы ағалардан үлгі алып, саламатты, иманды жолды таңдап, іздеп, ізденіп келе жатқан пендемін. Сондықтан, өзімнің аты-жөніме айтылған жақсы пікірге де, жаман пікірге де түсіністікпен қараймын. Әкем Оразбай 28 жасында өмірден озыпты. Мен ол кезде небәрі төртте едім. Елге танымал ақын болған кісі екен. Әкемнің атына да кір келтірмеу үшін барымды салып, талпынып келемін. – «Дуалы ауыз» атты кітап дайындау үстінде екендігіңізден хабардармыз. Онда не қамтылады? – «Дуалы ауыз» деген ұғым бар ғой. «Дуалы» сөзінің түпкі мағынасы «дұғалы» дегенге саяды. Яғни, бұл кітапта дуалы, дұғалы ауыз кісілерді көбірек қамтыдым. Ислам дініне қызмет еткен тарихи адамдар жайлы айтылады. Кітап имамдарға, имандылықты жүрегімен жақсы көретіндерге арналған. – Өмірде кімдерге ризасыз? – Ең алғаш риза болатын адамым – атам. Бала кезімде жылқы үйреткендей жетектеп жақсылыққа баулыды. Атам соғыста Аяз Бетпаевтың әкесімен бірге болған. Әсіресе, майдан даласында әйгілі Әлия Молдағұлованың мықты мерген болуы үшін ағаштың үстінен күркесін соғып беретін кісі менің атам болған екен. Әкемнің анасы – Жұпаркүл әжемді ерекше атағым келеді. Өте шуақты, мейірімді кісі еді. 80 жасқа келіп өмірден өтерінде мені қасына шақырып алып үш нақыл, аманат сөз айтты. «Арақ ішпе, үлгісі жаманға ілеспе, туыс-бауыр, ағайыннан байланысыңды үзбе!» – деді. Аллаға шүкір, әжемнің бұл аманаттарын бұлжытпай орындап келемін. Әже аманаты шариғат талаптарына да сәйкес екен. Үшінші Күлбибі анама риза боламын. Әкем қайтыс болған соң, ол кісі әмеңгерлік жолмен қайнысына тұрмысқа шыққан. Біздің бақытымызды, жақын-туыстарымыздан ажырамағанымызды көксеп, өзінің жеке бақытын ойлаған жоқ. Қазір әкемнің барлық бауырларымен, ағайын-туыс, жақындармен өте жақсы байланыстамын. Бәрі асыл анамның үлгісі. Әркез жаңаша іс бастарда, сапарларға шығарда анама хабарласып, ақ ниетін естимін, батасын аламын. Ол өміріме нәр берген асыл анама деген құрметім. Анамның ортамызда жүргеніне Аллаға шүкірлік айтып, тағдырыма ризашылық білдіремін. – Отбасыңыз жайлы айтып өтсеңіз... – Жұбайымның есімі – Еңлік. Екеуміз төрт қыз, бір ұл тәрбиелеп отырмыз. Перзенттерімнің барлығы мектеп жасында. Барлығы да иманды, отаншыл, патриот, ұлағатты болса деген тілек бар. – Бүкпесіз әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Есет Досалы, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
«Менде жеке тұлғаларға табынушылық жоқ»
- 19 желтоқсан, 2024
«Тарихи мәні, тағдырлы мағынасы терең мереке»
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді