Рио жолдамасын олжалаған оғлан

Рио жолдамасын олжалаған оғлан
ашық дереккөз
Рио жолдамасын олжалаған оғлан

IMG_2210 IMG_2202жамбылдықтар Қытайдағы лицензиялық турнирден оралған боксшы Олжас Сәттібаевты әуежайдан күтіп алды

Иә, Қытайдың Цяньан қаласында бокстан Олимпиада ойындарына жолдама үлестірген айтулы аламан қазақ былғары қолғап шеберлері үшін тартысты әрі табысты болды. Апта бойы дегбірсізденіп, делебесі қозған жанкүйер қауым шаршы рингтегі жан алысып, жан беріскен шайқастардың куәсі болды. Аламанда аты шапса, тақымын қысатын қазақ елінің бокс десе, ішкен асын жерге қоятын жанкүйерлерінің көңілі Олимпиада ойындарына саңлақтарымыз барлық жолдаманы иеленген соң тыншыды. 

Самба биінің отаны саналатын Бразилияның Рио қаласында өтетін төртжылдықтың басты додасы – Олимпиада ойындарына тараздық тарлан Олжас Сәттібаевтың жолдама иеленгені жамбылдықтардың қуанышын екі еселеді. Бұл – төккен тер мен тынымсыз еңбектің өтеуі, жемісі. Қытайдан олжалы оралған оғланымыз, 52 килограмм салмақ дәрежесіндегі үмітіміз, Азия чемпионы Олжас Сәттібаевты спорт саласының мамандары мен тараздық жанкүйерлер, баталы қариялар мен елге белгілі азаматтар әуежайдан күтіп алды. Олардың қатарында облыстық ардагерлер кеңесі ұйымының төрағасы Еркінбек Солтыбаев, кәсіпқой бокстан кезінде әлем чемпионы атанған Марат Мәзімбаевтың әкесі Кененбай Мәзімбаев, Тараз қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Кенжебек Олжабай, еңбек ардагері Қаржаубай Бекболатовтар бар. Жанарында жасын ойнаған Олжасқа облыстық ардагерлер кеңесі ұйымының төрағасы Еркінбек Солтыбаев «Аспан асты елінде ел намысын қорғадың, енді Риода Алла тағала жарылқап, Қызыр баба жолдасың болсын, Тәңірі қуатыңды сарқымасын, кеудеңде алтын медаль жарқырасын!» – деп ақ батасын берді. Отбасымен, жанкүйерлерімен, әріптестерімен емен-жарқын жүздескен Олжас Сәттібаевты біз де сөзге тартқан едік.

«Жолдаманы алдым деп, жатып алуға болмайды»

– Олжас, шыны керек, лицензиялық турнирге сенің баратының біз үшін соңғы сәтке дейін жұмбақ болып келді. Өзің білдің бе? – Шыны керек, жолдама үлестіретін додаға баратынымды Астана қаласында өткен оқу-жаттығу жиынында ғана естідік. Оған дейін «Астана арландарының» сапындағы жекпе-жектерге қатысып, оны жеңіп, келесі кездесуге дайындалып жүрген болатынмын. Бұл енді Алланың маған бұйыртқан бағы деп ойлаймын өз басым. Мұндай мүмкіндікті мүлт жібермеу керектігін жан жүрегіммен сезіндім. Халықтың, жерлестерімнің, ағайын-туыстарымның берген батасы, сенімі, ағаларымның артқан үміті маған үлкен рух, шабыт берді. – Бүкіләлемдік бокс сериясында бес раунд жұдырықтасып жүрдің. Сол бес раундтан үш раундқа ауысу қиындық туындатпады ма? – Анығын айтсам, бес раунд, үш раунд дегенді ойлап та үлгермедім. Рингке шыққан соң, елдің үмітін ақтау үшін ұру керек болды. Намысты, рухты қамшыладым. – Олжас, Олимпиада ойындарына жолдаманы жеңіп алған соң толыққанды Рио додасына дайындалатының белгілі. Дегенмен, «Астана арландарына» қол ұшын беру ойыңда бар ма? – Әрине, Олимпиадаға жолдама алғаннан кейін бар ойың төртжылдықтың басты додасы болатыны белгілі ғой. Оқу-жиындары, алда үлкен жарыстар өтеді. Командамен бірге жарыстарда бақ сынаймыз. Ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов «Астана арландары» үшін жекпе-жек өткізуім қажет немесе қажет еместігін өзі шешеді. Мырзағали Құланұлының қарамағындамыз. Ол кісі не айтады, соны орындаймын. Жолдаманы алдым деп, жатып алуға болмайды. Тыңғылықты дайындық жүргіземіз. – Боксшы ретінде оңай қарсылас болмайды деп айтатыныңды білемін. Дегенмен, Рио Олимпиадасында мына жігіттерге қарсы керемет дайындық жүргізуім керек дейтін боксшылар бар ма, айтып өтсең. – Енді бар құрлықтың мықтылары бақ сынайтын дода ғой бұл. Әлем чемпионатында жарқыраған жігіттер де, құрлықта олжа салғандар да, ресейлік, мексикалық, панамерикалық ойындарда жүлде алғандар да оңай қарсылас болмайды. Өз салмағымда жолдама иеленгендердің барлығына да дайындаламын. Зерттеу жүргіземіз. Олжастың талантын танып, белін бекем буған бапкері Мұрат Әбімселімовтің де шәкірті туралы ойын білген едік. – Олимпиада ойындарына әр елдің әр салмақтағы өз батырлары барады. Куба, Ресей секілді боксы дамып кеткен елдерден өзге мемлекеттердің де өрендері аянып қалмайды. Барлық боксшы жеңіс үшін жан алысып, жан беріседі. Сондықтан, Олжас дайындықты одан әрмен күшейтіп, Риоға жақсы формада баратынына сенемін, – дейді бапкері өз ойымен бөлісіп. Үкілі үмітті ақтаған Олжастың Бразилияда өтетін Олимпиада ойындарында жақсы өнер көрсететініне Жамбыл бокс клубының басшысы, кәсіпқой бокстан кезінде әлем чемпионы атанған Марат Мәзімбаев та сенім білдіріп отыр. – Олжас өзін жақсы қырынан көрсете білді. Үмітті ақтап жүрген оғлан ғой. Алла жазса, Олжастың жеңіс тұғырынан көрінуіне иланамыз, тілектеспіз. Жамбыл боксының жұлдызы биік болғаны бәріміз үшін үлкен абырой ғой, – дейді ол. Біз де Олжастың айы оңынан туып, жұлдызы жарқырауына тілектеспіз! Алға, Алаш оғланы! Айтпақшы, Қытайдағы доданың соңғы күнінде қазақстандық былғары қолғап шеберлері Абылайхан Жүсіпов пен Иван Дычко өз салмақ дәрежелерінде атой салып, топ жарғаны да қуанышымызды еселеді, ағайын!

ЖЕҢІСТІ ЖОЛДАР 56756489 Олжас СӘТТІБАЕВ: Жасөспірімдер (кадеттер) арасындағы әлем чемпионы. Ұлыбритания-2005. Жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Марокко-2006. Азия чемпионатының қола жүлдегері. Қытай-2009. Әскерилер арасындағы әлем чемпионы. Алматы-2014. ҚР Бокс федерациясы кубогінің иегері. WSB чемпионы. Астана-2015. Азия чемпионы. Тайланд-2015. ҚР үш дүркін чемпионы. Қазақстан-2008, 2009, 2014. Рио-де-Жанейро Олимпиадасына жолдама берілетін «А» дәрежесіндегі турнирдің қола жүлдегері және 2016 жылғы жазғы Олимпиада жолдамасының иегері. Қытай-2016. P.S. Халықаралық турнирлер өте көп болатындықтан, Олжастың ондағы жетістіктері тізімге енгізілген жоқ.

Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар