Биыл жиырма студенттік жасақ құрылыс нысандарына аттанады
Тағы бір оқу жылын артқа тастаған жоғары және арнаулы орта оқу орындары студенттерінің демалысын тиімді өткізудің бір жолы – құрылыс жасақтарын ұйымдастыру. Білімгерлер үшін бұл бастама табыс көзі әрі думанды мереке. Мысалы, биыл облыста жиырма жасақ құрамында 500 студент жұмыс атқарады деп жоспарланыпты. Оның ішінде үш жасаққа топтасқан 90 студент Т. Рысқұлов, Қордай және Талас аудандарына жол тартпақ. Десек те, еңбек маусымы барысында кездесетін қиындықтар да жоқ емес. Оларды шешудің жолы қандай? Міне, осы мәселе сейсенбі күні облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен өткен үйлестіру кеңесінде кеңінен талқыланды. Басқосуға облыс әкімінің орынбасары Ғали Есқалиев, аумақтық департаменттер мен облыстық басқармалардың, жоғары және арнаулы орта оқу орындарының басшылары, мердігер компаниялар өкілдері қатысты. Сонымен қатар, селекторлық режимде Тараз қаласы мен аудан әкімдері байланысқа қосылды.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша баяндама жасаған студенттік құрылыс жасақтары облыстық штабының төрағасы Айбек Әжібаев өткен жылғы еңбек маусымы барысында кездескен қиындықтар туралы жасырмай айтты. Былтыр студенттік құрылыс жасақтары қатарында жұмыс істеуге тілек білдірген студенттер аз болған. Бұл оқу орындары басшылығының тарапынан қолдау болмағанын айғақтаса керек. Олардың қатарына Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті, темір жол көлік, «Тараз Парасат», Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық, Жамбыл медициналық колледждерін қосуға болады. Бұл – бір. Екіншіден, Т. Рысқұлов ауданы Қызылшаруа ауылына еңбек етеміз деп білегін сыбанып шыққан М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің студенттерін «Алуан ХХІ» серіктестігі жұмысқа алмай, қайтарып жіберген. Соның салдарынан да студенттер саны азайған. Үшіншіден, Жуалы өңірінде студенттерді жатын орынмен қамтамасыз ету қиындық туғызған. Атап айтқанда, аудан әкімдігі аталмыш мәселенің шешімін таппағандықтан төсек-жабдықтар облыс орталығынан, ТарМУ-дың студенттер үйінен жеткізілген. Төртіншіден, еңбек маусымының соңында аудандарда жұмыс істеген студенттердің қалаға қайтып оралуы үшін көлік мәселесін шешу қиындық туғызған. Бесіншіден, мердігер компаниялардың көбісі 30 мың теңге көлемінде ғана айлық жалақы төлеумен шектелген. А. Әжібаев сөзінің соңын «Осы аталған мәселелер биылғы еңбек маусымы барысында оң шешімін тауып, студенттерге кем дегенде 40 мың теңге айлық жалақы төленсе» деген ұсынысымен аяқтады. Ал, келесі кезекте сөз алған «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы облыстық штабының төрағасы Мамыр Асатулаев биыл облыс бойынша 930 адамды жұмыспен қамтуға квота бөлініп отырғанын тілге тиек етті. Қазірдің өзінде 500-ге жуық адам жұмысқа шыққан. Олар негізінен жастар орталықтары мен орман шаруашылықтары мекемелерінде еңбек етуде. Жаз мезгілінде тағы 371 адамды жұмыспен қамту көзделіп отыр екен. Кеңесте облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев мәселенің маңыздылығына тоқтала келе облыс әкімдігі құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Рахманқұл Байтелиевтен өткен еңбек маусымында жіберілген кемшіліктердің себеп-салдарын түсіндіріп беруді сұрады. Бұған басқарма басшысы: – Төсек-орын мәселесі негізінен аудан басшыларына тапсырылған. Біз өз тарапымыздан құрылыс кәсіпорындарымен бірлесе отырып, студенттерді жұмысқа тартудамыз. Биыл 38 нысанды жоспарлап отырмыз, – деп жауап берді. Сондай-ақ, ол жасақтар саны мен студенттерге төленетін айлық жалақы туралы да тосын ой айтты. «Студенттерге 40 мың теңге көлемінде айлық жалақы төлеу керек деп жатыр. Бұл жерде біз олардың еңбекке қатысу коэффицентін қарауымыз керек. Өйткені, біреуі азаннан кешке дейін бос жүреді, ал, біреуі маңдай теріне малшынып жұмыс істейді. Тіпті, кейбір жастар жіберген ауданға бармаймыз деп шығады. Сондықтан еңбекке қатысы бар адамдарды ғана көтермелеу керек. Жасақтар жиырма бес адамнан құралуда. Мүмкін құрылыс кәсіпорындарына 10-15 қана студент керек шығар. Сол себепті ұйымдастыру мәселесін қайта қарап, жасақтар санын қысқарту қажет, – деген ойын да айтты. М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков нысан басында бір ай бойы азаннан кешке дейін жұмыс жасап жүрген студенттер үшін төленетін 30 мың теңгенің тым аз екендігін кесіп айтты. Екіншіден, жастарға жұмыс ауқымы керектігін тілге тиек етті. Ректор, сонымен қатар, жастардың өздерінің туып-өскен өңірлеріне барып жұмыс істеуге ниет білдіретінін, сондықтан жасақтарды жан-жаққа бөлген кезде осы жағын ескеру қажеттігін еске салды. Облыс басшысы да бұл ұсынысты бірден құптады. – Бәріміздің де өсіріп отырған бала-шағамыз бар. Жасақтардың құрамын бекіткен кезде жастармен санасу керек. Олар жұмыс орындарында көтеріңкі көңіл-күйде болса ғана тірлік алға басады. Жастар сол арқылы табыс тауып қана қоймай, шыңдалады, өмірлік тәжірибе жинақтайды. Сосын студенттік құрылыс жасақтарының санын көбейтуді тапсырамын. Біз жалғыз құрылыс нысандарымен шектеліп қалмауымыз керек. Ауылшаруашылығында егістік алқаптарында, жылыжай желісінде қызу жұмыс жүріп жатыр. Шаруашылықтармен бірлесе жұмыс істеу керек. Өндіріске неге тартпасқа? «Талас инвесткомпани», «Еврохим Тыңайтқыш» серіктестіктері, Шудағы химия паркі, Хантау цемент зауыты сынды өндіріс орындарында тірлік толып жатыр. Өңірде төрт бірдей компания археологиялық қазба жұмыстарын бастағалы тұр. Оларға да жастар ауадай қажет. Міне, осының бәрін зерделеу үшін жұмыс тобын құру керек. Бұл – жастарды тәрбиелеудің тиімді жолы. Сонда олардың арасында тәртіп бұзушылық та азая түседі, – деді Кәрім Нәсбекұлы. Облыс басшысы кеңес отырысын қорытын-дылай келе, бірқатар жауапты тұлғаларға жас-тардың еңбек маусымын жүйелі ұйымдастыру мақсатында нақты тапсырмалар жүктеді.
Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді