өткен жылы өңірімізде 17642 адам тұрақты жұмыспен қамтылады
Облыс әкімдігінің кезекті мәжілісіне қарауға 26 мәселе шығарылды. Солардың ішінде негізгісі «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағларламасының орындалу барысы туралы болды.
Алқа мүшелері жұмысына кіріспес бұрын облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев жаңадан сайланған облыстық мәслихат депутаттарын мандаттарымен құттықтап, ел игілігі жолында «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» отырып, бірлікте жұмыс істеуге шақырды. Сонымен қатар, ҚР ҰҚК төрағасының бұйрығымен Ұлттық қауіпсіздік қызметі Жамбыл облысы бойынша департаментіне басшы болып тағайындалған генерал-майор Қосбасар Нұрбековті таныстырды. Одан ары қарай күн тәртібіне қойылған бірінші мәселе бойынша облыс әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков баяндама жасады. – Өткен жылы жұмыссыздық деңгейін 5 пайыздан асырмау мақсатында кешенді жоспар бекітіліп, соның аясында 26256 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылды, оның 17642-сі тұрақты жұмысқа орналасты. Белгіленген жоспар Тараз қаласы мен аудандарда толығымен орындалды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасын қаржыландыруға 2,2 миллиард теңге қаралған. Оның 2,1 миллиард теңгесі республикалық бюджеттен бөлінген. Қаржының 99,5 пайызы игерілді. Бағдарламаға жалпы саны 6961 адам қатысты. Барлық жұмысқа орналасқан азаматтардың міндетті зейнетақы жарналарының аударылуы өткен жыл соңына 84,3 пайызды құрады. Алайда, бұл көрсеткіш Байзақ ауданында – 70,3, Меркіде – 71,6, Жуалыда – 76,0, Мойынқұмда – 78,7, Шуда – 81,1 және Қордай ауданында 82,0 пайызды құрап, облыстық көрсеткіштен төмен қалыптасты.
Бағдарламаның екінші бағыты аясында 314 адамға 722,6 миллион теңге, негізгі қаражаттан бөлек, мерзімінен бұрын өтелген микрокредит қаражаттары есебінен 88 адамға 205,3 миллион теңгенің шағын несиесі берілді. Несие алған 402 адам қосымша 327 жұмыс орындарын ашты. Дегенмен, «бір несие алушы кемінде бір жұмыс орнын ашу қажет» деген талап Меркі, Шу, Мойынқұм, Қордай, Талас және Жамбыл аудандарында толық орындалмады, – деді басқарма басшысы баяндамасында.
Ол сонымен қатар, бағдарламаның 3-бағыты аясында кәсіптік оқыту мен «Жастар тәжірибесінің» жүзеге асырылуын да айтты. Мысалы, кәсіптік оқытуды аяқтаған 812 адамның 736-сы жұмысқа орналасса, «Жастар тәжірибесіне» барлығы 589 түлек жолданып, олардың 51,1 пайызы немесе 301-і тұрақты жұмыстармен қамтылыпты. Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, биыл жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 23911 адам қамтылып, осы мақсатқа барлығы 10,9 миллиард теңге қаржы жұмсалатын болады, ол қаржының 3,6 миллиард теңгесі облыстық бюджеттен бөлініп отыр. Баяндамамен танысқан соң облыс әкімі басқарма басшысына бірқатар сұрақтар қойды. Мысалы, жастарды жұмыспен қамтуға бөлінетін қаржы жыл сайын артып отыр. Алайда, жастардың жұмыспен қамтылу көрсеткіші көңіл қуантпайды. Облыста тіркелген 1 миллион 100 мыңнан аса халықтың отыз пайызын жастар құрап отыр. Қоғамда болып жатқан ұрлық, зорлық-зомбылық пен нашақорлық сынды келеңсіздіктер сол жас азаматтардың жұмыссыз жүргенінің салдары екеніне тоқталған Кәрім Нәсбекұлы оларды жұмыспен қамтудың маңызы зор екенін айтты. Бүгінде облыс бойынша 29 жасқа дейінгі жастардың 8326-сы жұмыссыз азамат ретінде тіркелген. Басқарма басшысы олардың 5436-сы биыл толық жұмыспен қамтылатынын айтты. Әрине, бұл тек тіркелгені ғана, тіркелмегені қаншама?! Сонымен қатар, облыс әкімі басқарма басшысының баяндамасында мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту мен оларға көрсетіліп жатқан әлеуметтік көмек жайлы бір ауыз сөз айтылмағанына ескерту жасады. Өз кезегінде Жорабек Баубеков бүгінгі таңда 7322 мүмкіндігі шектеулі азамат тұрақты жұмыс істейтінін, сонымен қатар, 6278 мүгедектің жұмыс істеуге қабілетті екенін айта келіп, олардың 506-сы биыл жұмыспен қамтылатынын жеткізді. Ал тұрғындарды уақытша жұмыспен қамтуға септесетін инфрақұрылымдарды жетілдіруге бағытталған 96 жобаның тек қырқына ғана конкурс жарияланғанына жасалған ескертуге Жорабек Нұрмергенұлы аталған мәселені облыс әкімінің экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы жүйелеп отыратынын айтты. Облыс басшысы Кәрім Көкірекбаев «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасының екінші бағыты бойынша шағын несие беру жұмыстарының барысын да егжей-тегжейлі сұрады. Аталған бағыт бойынша несие беруші болып бекітілген «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалының басшысы Өксікбай Оразымбетов аталған қор арқылы осы уақытқа дейін 4 миллиард 200 миллион теңге қаржы бөлінгенін, алайда, кейбір аудандарда аталған несиені қайтару ісі кешеуілдеп жатқанын айтып шағымданды. Облыс әкімі бұл мәселені отырыс хаттамасына енгізіп, жіті қадағалауды, алынған несиені тиісті мерзімде қайтаруды тапсырды. Сонымен қатар, жаңа жұмыс орындарын ашу мен шағын кәсіпкерлікті бастаудың тиімді жүйесін қалыптастыру үшін екінші деңгейлі банктердің атсалысуы туралы «Атамекен» ҰКП облыстық филиалының директоры Қарлығаш Аралбековадан сұрады. Ол аталған мәселеде аудандардың шалғайлығы мен ондағы тұрғындардың санын, ауданда тіркелген кәсіпкерлік субъектілерін ескеру жөн екенін айтып, бүгінде егін шаруашылығына ерекше назар аударып, қаржы бөлу көздерін қарастыру туралы ұсынысын білдірді. Сонымен қатар, «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының басшысы Шәмсат Исабековтен 2011-2013 жылдары республикалық бюджеттен «Жұмыспен қамту – 2020» мен «Моноқалаларды дамыту» бағдарламаларына бөлінген 628 миллион 500 мың теңгенің қайтарылуы туралы сұрады. Микрокредиттік ұйым арқылы кәсіпкерлерге несие ретінде берілген бұл қаржының бүгінде 100 миллионнан аса теңгесі әлі қайтарылмағанын, аталған сома осылайша қайтарылмай тұра беретін болса, ол 2017 жылға қарай 488 миллион теңгеге жететінін айтты. Ал аталған несие қайтарылмаған жағдайда облысқа бөлінетін бюджет қаражатынан аталған сома бірден ұсталып қалмақ. Аталған мәселеге байланысты жұмыстарды үйлестіріп отырған облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке бұл проблеманы шешіп жатқандарын айтты. Келесі кезекте мінберге шыққан Талас ауданының әкімі Болат Рысмендиев пен Шу ауданының әкімі Рүстем Дәулет өздері басшылық ететін аудандардағы жұмыспен қамтудың деңгейін хабарлады. Аталған аудан әкімдерін де облыс басшысы сұрақтың астына алды. Мысалы, Талас ауданының әкімінен аталған ауданға прокуратура қызметкерлері жүргізген тексеріс нәтижесінде 69 миллион теңге қаржы несиеге тіркелмей берілгенін анықтағанын, ауданда осы жағдайға байланысты қандай жұмыстар жүргізілгенін сұрады. Алайда, аудан басшысы аталған мәселемен таныс екенін айтқанмен, нақты не шешім қабылдағанын мардымды түрде айтып бере алмады. Ал Шу ауданында несие алған азаматтардың жұмыс орнын ашуы төмен екенін ескертті облыс басшысы. Барлық басқарма басшылары мен аудан әкімдеріне бірінші тоқсан бойынша өздері атқарған жұмыстарына тағы бір шолу жасап, қарап шығуды тапсырған облыс әкімі жиынға қатысты бірқатар тапсырмалар берді.
Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді