Күлімбетов – күміс жүлдегер

Күлімбетов – күміс жүлдегер
ашық дереккөз
Күлімбетов – күміс жүлдегер

Таразда ерлер және әйелдер арасында өтіп жатқан ел чемпионатында Солтүстік Қазақстан облысынан келген команданың бағы жанып тұр. Ерлер арасында 19 шақырым қашықтықта солтүстікқазақстандық Жандос Бижігітов бұл чемпионаттағы екінші алтын медаліне қол жеткізді. Күміс пен қоланы Никита Стальнов пен Дмитрий Риве (екеуі де Алматы қаласынан) өзара бөлісті. Ал, әйелдер арасындағы 19 шақырым қашықтықта Алматы облысының спортшысы Екатерина Юрайтис чемпион атанды. 50 шақырым қашықтықты бағындыру жолында жалғасқан ерлер арасындағы командалық жарыста Алматы қаласы топ жарды. Жүлделі екінші орын Астана қаласына бұйырса, Алматы облысының командасы үшінші орыннан көрінді. Ал, әйелдер арасындағы 25 шақырымдықты бағындыру жолындағы командалық жарыста Алматы облысы чемпион атанды. Солтүстік Қазақстан облысының нәзік жанды спортшылары екінші орыннан көрінсе, Алматы облысының велосипедші қыздары қола жүлдеге қол жеткізді. Жарыстың соңғы тәулігі жерлестеріміз үшін қуанышты күн болды. Қоржынымызға медаль түсті. Ерлер арасындағы 130 шақырымдық топтық жарыста Алматы қаласының велошабандозы Никита Стальнов чемпион атанып, алтыннан алқа тағынды. Жерлесіміз Нұрболат Күлімбетов күміс жүлдені олжалады. Қола жүлде Алматы қаласының спортшысы Юрий Шербининнің еншісінде. Әйелдер арасындағы 80 шақырымдық топтық жарыста Солтүстік Қазақстан облысының мақтанышы Махаббат Өміржанова жеңістің ең биік тұғырынан көрініп, бұл чемпионаттың алтын медалін де (алдында күмістен алқа тағынған) иеленді. Жүлделі екінші орынды Шығыс Қазақстан облысының спортшысы Наталья Соковнина еншілесе, қызылордалық Виктория Пастерек қола жүлдені олжалады. Тартысты өткен чемпионатта біздің облыс велоспортшыларының еншісіне жалғыз медаль бұйырды.

Ұқсас жаңалықтар