«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тигу-дің студенті олжас рио олимпиадасына қатысады

Тигу-дің студенті олжас рио олимпиадасына қатысады
ашық дереккөз
Тигу-дің студенті олжас рио олимпиадасына қатысады

12898356_789631647833437_7297262227219096736_oҚытайдың Цяньань қаласында керілген шаршы алаң қазақстандық былғары қолғап шеберлері үшін сәттілігімен есте қалды. Бокстан лицензия­лық тур­нирде қазақ боксшы­лары жасындай жарқырады. Бұл – ұлттық құрама ұландары үшін толайым табыс. Иә, шаршы алаңда жарау аттай шалт қимылдаған алты өреніміз де енді алаңсыз Олимпиада ойын­дарына дайындықты бастайтын болды.

Олимпиада ойындарының лицензиясын иелену үшін ақтық сынға алқынбай шығуың керек. Бірінші болып бұл міндетті 64 килограмм салмақ дәрежесіндегі саңлағымыз Абылайхан Жүсіпов орындады. Ол жартылай финалда шаршы алаң қожайыны Цянксун Худан айласын асырып, ақтық сынға шықты. Осылайша, төртжылдықтың басты додасына жолдама алды. Ал, 56 килограмм салмақ дәрежесіндегі үмітіміз Қайрат Ералиев жартылай финалда үндістандық Шива Тапаға жол бергеніне қарамастан, лицензия үшін өткен қосымша кездесуде филиппиндік Марио Фернандасты 3:0 есебімен тізе бүктіріп, лицензияны қалтаға басты. Жартылай финалда моңғол жігіті Шинебаяр Нарманданы жарыс жолынан шығарып, жолдаманы күні бұрын иеленген 75 килограмм салмақ дәрежесіндегі саңлағымыз Жәнібек Әлімханұлы финалда қытайлық Мингганг Жаоны техникалық нокаутпен ойсырата ұтып, мерейімізді асырды. Бірінші раундта Жәнібектің мықтылығына көздері жеткен қытайлық бапкерлер рингке орамал тастап, боксшыларын құтқарып қалды. 81 келі салмақ дәрежесіндегі қазақ боксшысы Әділбек Ниязымбетов жартылай финалдағы қарсыласы түркіменстандық Азиз Ачиловты жеңген соң, финалда өзбек үміті Элшод Расуловқа жол берді. Дегенмен, жолдама қалтада. Аса ауыр салмақтағы алыбымыз Иван Дычко жартылай финалда иорданиялық Хусейн Яшаишты айқын басымдылықпен жарыс жолынан ығыстырды. Лицензияны иеленіп қойған ол бүгін турнир жеңімпазы атану үшін рингке беттейді. Олимпиада лицензиясын соңғы болып жерлесіміз, 52 келі салмақ дәрежесіндегі Азия чемпионы Олжас Сәттібаев иеленді! ТИГУ-дің 14\1 денешынықтыру тобының бітіруші студенті Олжас Сәттібаев шешуші жекпе-жекте қырғыз үміті Азат Үсенәлиевті айқын басымдықпен жеңіп, өз салмағындағы үшінші лицензияны иеленді! Біз тарихтан жазушы Сафуан Шаймерденовтың ұлы Саян көгалдағы хоккейдің мықты ойыншысы болғанын білетінбіз. Енді міне, қаламгерлер арасынан ұзақ жылдар республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде еңбек еткен, бүгінде облыстық «Ақ жол» газетін басқарып отырған жазушы, журналист Көсемәлі Сәттібайұлының ұлы Олжас та бокста өзінің мысы басым спортшы екенін айғақтай білді. Иә, қазақ боксшылары Қытай төрінде осылайша атой салды! Бразилияға ұлттық құрама тұңғыш рет толық құрамда барады! Ілгеріде 91 келі салмақта Олимпиада ойындарына қазақ боксшысы қатыспаған болса, бұл жолы ол салмақта Василий Левиттің бақ сынайтыны мәлім. Мырзағали Айтжанов тізгінін ұстаған ұлттық құрама оғландарына тек қана жеңіс тілейміз! Мерейлерің үстем болсын, оғландар! Қытайдағы лицензиялық турнирдің толық қорытындысын газетіміздің келесі санынан оқисыздар!

Ұқсас жаңалықтар